• Қаржы
  • 18 Наурыз, 2022

Экономикалық бірлестіктер баянды ма?

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

 

Замана желі тарих ебелегін тағы да шыркөбелек айналдырып, ғасырға татырлық оқиғаларды бірер күннің қауызына сыйғызып жатыр. Елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түсер сәт туды. Ақ найзаның ұшы мен ақ білектің күшіне ғана сенген қайсар жұрттар дүниені үрей құшағында ұстап келген дүлей қара күшке қаймықпай қарсы тұрып, өркениеттік дамудың жаңа парағын жазу үстінде. Шаруа баққан қауымның көңілі ортақ өгізден оңаша бұзауға ауған томаға-тұйық кезең артта қалып, жалғыз жүріп жол тапқандар көппен бірге адасуға бет бұрған бүгінгі күннің үлгі-үрдісі тағы да жолайрыққа тап келді. Кемедегінің жаны, той-томалақтағының әні бір болмай шықты. Сән-салтанаттары жарасып, араларында қыл өтпестей татулық орнаған талай мемлекеттің ант ішкен достығының бағасы үшбу уағда жайлы мөр басылып, қол қойылған уағда-қағаздың құнына татымайтынына сан рет көзіміз жетті.

Иә, сақал сипағанша тәмамдалар сауданың бәтуа­сыз­дығын білетін қаймана халық енді саясаткерлер сөзін таразыға тартып әлек. Бұл ең алдымен экономикалық қауымдастықтардың атқамінерлеріне қатысты. Қазақстан бірқатар аймақтық бірлестіктерге, соның ішінде Еура­зиялық экономикалық одаққа Ресеймен қатар мүше болып табылатыны белгілі. Бүгінде құдайы көршіміздің экономикасын санкция салмағы қайыстырып тұр. Сарапшы Берік Жақиянов «Караван» апталығында жарияланған пікірінде рубльмен біте қайнасқан теңге құнсыздана бастады, деп атап өтеді. Бұрындары ресейлік дистрибьюторлар арқылы өткен шетелдік бұйымдар бағасы өсіп жатыр. Әуел баста тауарлардың, қызметтер мен капиталдың қозғалыс еркіндігі қағидатына құрылған кедендік одақ  өзіндік құнның төмендеуіне, бәсекелестіктің күшеюіне түрткі болып, мүшелерінің бәріне ортақ пайда әкелуі керек еді. Бірақ іс жүзінде экономикалық бірлестіктің тарифтері мен тосқауылдары Қазақстанның емес, Ресей мен Беларусьтың өнеркәсібіне дем беріп, қолдау көрсетуде. Нәтижесінде, жоғарыда атап өткеніміздей, импорттық баж салығына байланысты бағасы онсыз да удай тыс жерлерде өндірілген өнім құны аспандап кетті. Оның үстіне, ортақ кеден кеңістігінде болуымыздың тағы бір жағымсыз салдары біздің тәуелсіз ақша-несие саясатын жүргізу мүмкіндігінен айырылуымызға қатысты туындап отыр. Ресеймен ашық шекара еркін валютада көрсетілген баға бірдей болуы керек дегенді білдіреді, яғни теңге өздігінен рубльге ілеседі. Еліміздің Ұлттық банкінің теңге бағамын қолдау жөнінде жасаған кез келген әрекеті алтын-валюта қорымызды желге ұшырумен парапар. Біз мұны 9 наурызда анық сезіндік, дейді сарапшы. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақпен алыстан сыйласудың Ресей мен Беларуське қарсы салынған халықаралық санкциялардан сақтануға септігі тиюі ықтимал. Сөйтіп, шекараны бақылауға алуға, теңге бағамын тұрақтандыруға мүмкіндік туар еді. Б.Жақиянов жазбасында келтірілетін экономист Әнуар Үшбаевтың ойы назар аударуға тұрарлық. Үшбаев мырза одақтан шықпауды, бірақ ресейлік тауарлар мен валюталық операцияларға уақытша баж салығын енгізуді ұсынады. Алайда, мұндай жартыкеш шаралар экономикамызды жағымсыз сыртқы әсерлерден толыққанды қорғай алмайтынын айту керек. Міне, осы орайда  біз кедендік одаққа кірмейтін елдермен қарым-қатынасты түбегейлі өзгертіп, олардан келетін тауар импортының тарифтерін алуды қамтамасыз еткеніміз жөн. Кедергілерді жою Ресей арқылы өтетін транзиттік дәліздердің жабылуына байланысты туындаған инфляциялық үрдістерді азайтады. Қатаң санкциялар жағдайында Ресейдің өз ішінде өнім өндіру қиындай түспек,  қазірдің өзінде ол ішкі тұтыну тауарларының экспортын шектеуге көшті. Сонымен бірге батыстық компаниялардың көпшілігі үдере ауып жатқан жағдайда Ресейдің өз нарығының қамын көбірек ойлайтыны түсінікті. Мұнымен қатар Қазақстанды қайталама санкциялар салқынынан қорғау жүйесін енгізу, елге кіретін қосарлы мақсаттағы технологиялар мен жабдықтардың тысқары шығып кетпеуін қатаң бақылауға алу керек. Бұл пікірді сарапшы Владислав Туркин де қолдай отырып, ішкі нарықты қорғау дегеніміз Ресейден келетін арзан тауарларға тосқауыл қою екендігін алға тартады. Бірақ, мұның екі ұшы бар: Қазақстан үшін бұл не экономикалық одақтан шығуды, болмаса мүшелікті уақытша тоқтата тұруды білдіреді. Ал, мұндай түбегейлі шешімді сарапшылар емес, Үкімет қабылдауға тиісті екендігін ескере отырып, ел басшылығына жүктелер жауапкершіліктің батпандай салмағын сезінеміз.

«Voice of America» радиостанциясының осы сей­сенбідегі «Ресейге дефолт қаупі төніп тұр» деген хабары қаймана қазақты елең еткізді. Дефолт дегеніміз елдің өз қаржылық ахуалының баянсыздығын мойындауы болып табылады. АҚШ Қаржы министрлігі ресми өкілінің мәлімдеуінше, 15 наурыз, «сәрсенбі күні Ресей еурооблигациялар бойынша 117 миллион доллар төлеуі тиіс… Ресейдің мемлекеттік қарызы бойынша дефолт оның экономикасы мен қаржы жүйесін тығырыққа тірейді, Мәскеудің жаңа несие көздерін табуын қиындатады, болашақ қарыз алу құнын арттырады. Батыс санкцияларына байланысты Ресей өз банкінің валюталық активтеріне қол жеткізе алмайды». Осы мәселе төңірегінде қаржы сарапшысы Айбар Олжай былай дейді: «Әрине, Ресейдің сыртқы қарызы анау айтқандай көп емес. Қазір ол 40 млрд АҚШ доллары деңгейінде екенін ескерсек, тіпті халықаралық резервтері бұғатталса да, Ресей алтын қоры арқылы немесе реструктуризациялық келісімге келу арқылы инвесторлармен ол мәселені шеше алады. Әңгіме, Ресей жалпы ол қарызды төлегісі келе ме, сонда болып тұр. Егер Ресей қырсығып, санкцияларға жауап ретінде қарызды бермеймін десе, мұнда материалдық емес, саяси дефолттың орын алу мүмкіндігін айтуға болады. Сәуір айының аяғында осы сұрақтарға жауап алатын боламыз. Бірақ қарызын уақытылы төлеу Ресей экономикасын құлдыраудан құтқара алмайды. Инвесторлар рубльдік облигациялар мен Ресей компанияларының акцияларынан біржолата кетті». Сөз соңында осы мәселелер жөнінде Айбар мырзамен алдағы сәуір айында сәтін салса сұхбаттасқалы отырғанымызды оқырман назарына сала кеткім келеді.

2126 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы