• Білім & Ғылым
  • 20 Наурыз, 2022

Білім беруге бөлінетін қаражат тым мардымсыз

Білім беруге баға – «қанағаттанарлықсыз»: мұнайлы Маңғыстау облысында әрбір бесінші оқушы үш аусымды мектептерде оқуға мәжбүр. Бұл ретте, айта кету керек, әлемде тіпті екі аусымды білім берудің өзі шұғыл шешілуі тиіс маңызды мәселе болып есептеледі, деп жазады energyprom.kz сайты. 

Жыл басында еліміздегі «қаңтар наразылықтары» толқуы бастау алған Маңғыстау облысы бірқатар проблемалық мәселелермен, соның ішіндегі маңыздыларының бірі – білім беру саласындағы түйткілдермен де ерекшеленеді. Мәселен, аймақтың білім беру саласында негізгі капиталға инвестициялар салу көрсеткіштері еліміздегі ең нашар екені байқалады: алдыңғы жылдағы 6,2 миллиард теңгеге қарағанда, 2021 жылдың 12 айында бұл көрсеткіш бар-жоғы 4,3 миллиард теңгені құрапты. Бұл – Қазақстан Республикасындағы жалпы көрсеткіштің 1,5 пайызы ғана және аймақтар арасында ең соңғы орын. 
Сонымен қатар президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек» дей келе, сапалы білім беруге қолжетімділікті арттыру бүгінгі күні шүбәсіз алғы­шарт, деді. Қазақстан аймақтары біркелкі дамып отырған жоқ деп атап көрсетті мемлекет басшысы. Экономикадағы сәйкессіздіктер әлеуметтік қолайсыздықтарға, көші-қон жағдайларының, басқа елдерге қоныс аударудың өсуіне алып келетіні жасырын емес. Президент дамудың мәдени, байыпты білім алу құрамдас бөлігін айрықша атап көрсетті, өйткені білімді азаматтар ғана бүкіл еліміз аумағында бәсекелестікке қабілетті және жоғары табысты бола алады, лайықты өмір сүруге мүмкіншілігі де молырақ болмақ. 
Аймақтардың дамуындағы сәйкес­сіздіктер мен азаматтардың нара­зы­лықтарына тоқтала келе Қ.Тоқаев: шикізаттар өндірілетін аймақтардың тұрғындары облыстарына бюджеттік қорларды бөлу барысында өздерін көбірек назар бөлінуге лайық­ты­мыз деп есептейтінін атап айтты. Бюджеттік донорлар бола тұра, бұл облыстар әлеуметтік-экономикалық дамуда көптеген параметрлер бойынша кенжелеп қалған. Атап айтар болсақ, шындығында, Маңғыстау облысы жергілікті бюджеттен білім беруге шығындар көлемі (өткен жылдың 11 айында 105,7 миллиард теңге) бойынша артта қалған аутсайдер-аймақ қатарына қосылған (1-инфографика).


Мына маңызды мәселені де ескерген жөн: орын алып отырған жағдай мұндағы халықтың саны аздығынан емес. Мысалы, халық саны бойынша Маңғыстау облысы 3 аймақтан озық тұр, ал балалар мен 15 жастағы жасөспірімдер саны бойынша еліміздің 6 облысының алдына шыққан. Оның үстіне облыс халқы жас шамасы тұрғысынан алғанда жасөспірім деуге болады. Мәселен, 15 жасқа дейінгі балалар өңірдегі барлық тұрғынның 38 пайызға жуығын құрайды, ал бұл – еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар жаңа туған сәбилердің саны жөнінен де Маңғыстау облысы тіпті 7 облысты басып озып, 17-інің ішінде оныншы орын алыпты. 
Бұл жерде білім берудегі инвести­циялық белсенділіктің деңгейі төмендігі Маңғыстау облысында осы саладағы шешімін таппай жүрген маңызды мәселелердің бірі ғана деп шектей де алмаймыз. Керісінше, мұнда оқушылар үшін орын жетіспеушілігі мәселесі аса күрделі күйде қалып келеді, мектептердегі орын тапшылығы жағдайы тіпті рес­публика бойынша орташадан да төмен. 
Өкінішке орай, мектептердегі жағдай – бүкілқазақстандық «кесел», бұл туралы талай рет айтылды да, қанша мәрте жаздық та. Мұны президент те атап көрсетті. Мәселен, өткен жылдың 1-қыркүйегіндегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауында: «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын 1000-ға жеткізуді міндеттеймін», – деп қадап айтқан болатын.
Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Маңғыстау облысында жағдай мүлде мүшкіл күйге жеткен. Мәселен, 2020-2021 оқу жылында облыста 15 мектеп немесе аймақтағы барлық мектептердің 9,2 пайызы үш ауысымда жұмыс істеген. Ал республикамыздағы үш ауысымды мектептердің жалпы санына шаққанда бұл көрсеткіш бар-жоғы 2,2 пайызды ғана құрайды екен. Ең сорақысы, бұл мектептердегі балалардың жалпы саны 34,3 мыңды немесе аймақтағы барлық оқушылар санының 21,4 пайызын құрап отыр. Салыстырар болсақ: жалпы алғанда Қазақстан Республикасы бойынша үш ауысымды мектептердегі оқушылардың үлесі 8 пайызды құраған. 
Бәрінен өкініштісі, бүкіл әлем әлдеқашан стандартқа енгізген талап – бір ауысымды мектептер Маңғыстау облысында оқушылардың бар-жоғы 3 пайызын ғана (тіпті республика бойынша – 9,6% болғанның өзінде) қамти алған екен (2-инфографика).


Әрине, жалпы қарайтын болсақ, елімізде шын мәнінде Назарбаев зияткерлік мектептері, BINOM Schools, РФММ (республикалық физика-математика мектебі, тағы басқа­лары) сияқты жап-жақсы оқу орын­дары бар. Бұл мектептер жоғары деңгейде техникалық жарақ­тандырылуымен, өзекті оқу бағдарламаларымен, кәсіби дайын­­дығы мен біліктілігі жоға­ры оқытушылар құрамымен ерекше­ленеді. 
Алайда бүкіл еліміз деңгейінде бұл аздық етері даусыз, ал ол білімге қатысты барлық мәселелерде Қазақстанның төмен рейтингтерімен де дәлелденіп отыр. 
Айта кету керек, білім және ғылым министрі Асқар Аймағамбетовтың хабарлауынша, Маңғыстау облысында осы салада орын алып отырған жайттың барлығы түгелдей бақылауға алынған. Атап айтқанда, облыста таяу кезеңде 24 жаңа мектеп және тағы бұрыннан бар 11 мектепке жанама құрылыс нысандары салынады. Соның ішінде жаңа және замануи мектептер облыс орталығы – Ақтау қаласында, өндірісті Жаңаөзен мен өңірдің барлық аудандарында да салынатын болады. Маңғыстау облысындағы оқушылар санының аса тығыздығы Білім және ғылым министрлігі үшін жасырын емес, әсіресе аймақтағы бала туудың айтарлықтай жоғары көрсеткіштері де барынша ескерілуде. Мәселен, биылғы жылы оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 9,5 мыңға артты, деп атап көрсеткен болатын министр. 
Қорыта келе айтарымыз, тап осы қолға алынып жатқан шаралар шындығында нақты нәтижелерге жетелеп, облыстағы жағдай оң өзгерістердің орын алуына жол ашады деп үміттенгіміз келеді. Бұған республикалық тиісті құзырлы органдар ғана емес, жергілікті билік тарапынан да бірлескен күш-жігер жұмылдырылып, білім беру мекемелері әрбір мектеп ұжымының ұйымшылдықпен еңбек етуіне жағдай жасауды басты назарда ұстауы тиіс.

ИСА ҚАМБАР

2978 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы