• Бизнес & Қоғам
  • 20 Наурыз, 2022

Елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді

Әлем жұртшылығының назары ауған үрейлі де қауіпті індет біразға дейін тірі жанның жадында сақталары сөзсіз. Қазіргі уақытта елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып, қойылған шектеу шаралары біртіндеп алынып жатыр. Олай дейтінімізге де негіз жоқ емес. Оған дәлел, биылғы жылы наурыз айының 14 күні Үкімет жанынан құрылған Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы жариялаған елдегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында айқындалып көрсетілген. Ал Денсаулық сақтау министрлігі аталған инфекцияның пайда болған кезеңінен бастап, осы екі жыл аралығында атқарған істері төңірегінде қорытындылаған ақпаратпен жұртшылықты құлақтандырды.

Берілген мәліметтерге сәйкес, дүние­жүзі сияқты Қазақстан да коронавирус инфекциясын алдын алудағы белгіленген іс-шаралар кешенінің белсенділікпен жүр­гізілгеніне тоқтал­ған. Ел есінде болса, вирустық инфекция тура осыдан екі жыл бұрын нау­рыз айының орта шеңінде шетелден келген азаматтан анықталып тіркелген еді. Елімізге енген вирустың өршуіне жол бермеу мақсатында бірнеше іс-шара­лар қабылданғаны да белгілі. Әлі де болса инфекцияны ауыздықтау­ға бағытталған жұмыстар іске асырылып келеді. Қазақстанда вирустық инфекция табылған ал­ғаш­қы күні Мемлекет басшысы шұғыл түрде шара қабылдап, Үкімет жаны­нан ведомствоаралық комиссия құрылған болатын. Содан бері комиссия құрамы 2 мыңнан аса шешім шығарған. Оның ішінде COVID–19 алдын алуға негізделген бағыттардың бірі халық денсаулығын сақтау және қорғауды, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын, медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын ны­ғайтуды, дәрілік заттарды, им­мун­­дық-биологиялық препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен жабдықтарды, жеке қорғаныш құралдарын сатып алу мәсе­лелері жөнінде елдегі ахуал мен әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, шектеу шараларын күшейтуді және жеңілдету мәселелері тұрғысында ұтымды шешімдер қабылдады. Пандемия кезінде халықаралық тәжірибені ескеріп, эпидемиологиялық ахуал мен эпидемияға қарсы күресті нығайтты. Елдегі іскерлік белсен­ділікті сақтау аралығындағы балансты ой елегінен өткізе келе, халық арасында індетті алдын алу, емдеу және шектеу шараларын енгізу тәсілдерін үнемі бақылап отырды. Жарияланған мәліметке сәйкес, осы екі жыл аралығында вирустың тарау көрсеткіші 1 айдан 3 айға дейін созылып 5 рет көбейгендігі айтылған. Еліміз­дегі вирусқа шалдыққан нау­қастарға уақтылы медициналық көмек көрсету үшін қысқа мерзімді 16 модульдік аурухана салынып, 3 инфекциялық аурухана реконструкциядан өткен. Сонымен қатар 63 амбулаторлық-емхана ұйымы, 64 оттегі станциясы пайдалануға берілген. 3 мыңнан астам өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынған. 185 аудандық аурухана 100 пайызға рент­гендік диагностикалық құрал­дармен жабдықталып, жедел меди­циналық көмек көрсету қызметіне 1 367 бірліктегі жаңа автокөлік құралы сатып алынып, соның арқасында сырқаттанушыларға өз уақытында көмек көрсетілген.

Сондай-ақ жылжымалы медици­налық кешендер паркі 100 пайызға жабдықталғандығы аталды. Еліміздің 184 зертханасында пандемия басталған кезеңнен бері коронавирус инфекциясын ПТР тәсілімен анықтау бойынша республикада 22 миллионнан астам сынамаға зертханалық зерттеу жүргізілген. По­лемераздық тізбек реакциясында тал­дауларды диагностикалауда және сырттан әкелінген материалдарға вирустың мутациялық өзгергіштігін мониторингілеуді қамтамасыз етуде министрлік вирусқа генетикалық зерттеуді (1331 сынамаға 26420 зерттеулер) үздіксіз жүргізіп және қада­ғалап отырды. Осы аралықта еліміздің аймағында коронавирус инфекциясының 5 түрлі штаммы (Альфа, Бета, Дельта, Эта, Омикрон) анық­талғандығына тоқталып өтті.

Өткен жылдың 1 ақпанынан бас­талған тұрғындарды вакциналау жө­нінде Қарағанды фармацевтикалық ке­шенінің базасында «Спутник V», «Спутник Лайт» (Ресей) вакциналарын өндіру іске қосылғаны белгілі. Ұлттық биологиялық қауіпсіздік институтының базасында «QazVac» отандық вакцинасы әзірленіп қолда­нысқа берілген болатын. Бүгінгі күні коронавирус инфекциясына қарсы халықты ревакцинациялау жалғасып келеді. Қазақстан азаматтары үшін вакцинаның 6 түрі (Спутник V, QazVac, Hayat-Vax, SinoPharm, Спутник Light және Pfizer) қолжетімді болып тұр. Қайсысын алам десе де адамдардың өз еркі. Сонымен елімізде I компонентпен -10,3 млн адам, II компонентпен -9,7 млн. адам вакци­наланған. 3 млн. жуық адам қайта вакциналаудан өткен. 

Қазіргі күні елімізде эпиде­мио­логиялық ахуал тұрақтанып келеді. Өңірлер жасыл аймаққа еніп, барлық шектеу шаралары алынып жатыр. Мамандар коронавирус инфекциясының пандемиясы әлі ұшты-күйлі аяқтал­мағандығын айтып, вакциналау мен ревакциналаудың пайдасына дұрыс таңдау жасау керектігін және бұл ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына әрі елдегі эпидемио­логиялық жағдайдың тұрақтануына септігін тигізетініне кәміл сенімді.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

1969 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы