• Білім & Ғылым
  • 31 Наурыз, 2022

Қолжазба – ғасырлар руханияты

«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы, Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының ұйымдастыруымен геолог ғалым, тау-кен инженері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының алғашқы құрылтайшыларының бірі және академияның корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ақжан әл-Машанидің «Табиғат – Матбуғат» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Ақжан әл-Машанидің 115 жылдық, сонымен қатар Ұлттық ғылым академиясының құрыл­ғанына 75 жыл толу құрме­тіне арналған шараны «Ғылым ордасы» РМК бас дирек­торы­ның ғылыми инновациялар және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары Нұрлан Сейдін жүргізіп отырды. ҚР ҒА вице президенті, академик, техника ғылымдарының докто­ры Ғалымқайыр Мұтанов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре, «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби» музейінің қыз­мет­кері Жанболат Әбжаппар, Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің бас қор сақтаушысы Дария Нұрмұхамбетова және тағы да басқа ғалымдар құнды кітап туралы өз пікірлерін біл­діріп, баяндамалар оқыды. Соны­мен қатар шара аясында көшпелі музей және фотокөрме ұйым­дас­тырылып, тұсаукесерге қатысу­шылар мұра­ғат­тан алынған бейне­баянды тама­шалады.

«Табиғат – Матбуғат» – Ақжан әл-Машани әл-Фара­бидің космологиялық еңбе­гіндегі табиғат ғылымынан адам тағылым алуға міндетті деген ойды дәлелдейді. Құнды қолжазба басылымы — жас зерттеушілерге, ұстаздар мен студенттерге, жалпы оқырмандарға ой салып, ақыл-сананы даналыққа баулитын; халқымыздың – мәдениет, ғылым, өнер, сәулет, жазу тарихын, дін мен ұлттық дүниетанымының сыр­ларын жаңа қырларынан тануға жетелейтін бір көмекші құрал.

«Табиғат – матбуғат» деген сөз аударғанда «Табиғат – баспа» деген мағынаны береді. Табиғаттың әр жаратылысында Алланың белгісі бар. Қолжазба табиғаттың сол сырын метофизикалық, жоғары математика, дін, мәде­ниет жағынан ашуға тыры­сады. Мәселен, «жер кіндігі — темірқазық» деген мақал тек қазақта ғана бар. Құранда «Сен­дерде темірді жасайтын орасан күш бар» делінген. Сол күшті ата-бабаларымыз баяғыда игер­ген. Алтайда темір өндірген. Бұл ғылыми еңбекте көптеген жара­тылыстың құпиялары, соның бірі темірдің сыры, оның ерекше қасиеті және өзгеде табиғаттың тылсымдары жайлы сыр шертіледі.

Қолжазба да, кітап та ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК Орта­лық ғылыми кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы және барлық қызығушылық танытқан оқыр­мандарға қолжетімді болады. Бір қызығы, «Табиғат – матбуғатты» 1984 жылы профессор Ақжан әл-Машанидің өзі кітапханаға сыйлаған. Сол күннен бастап қолжазба 38 жыл бойы біздің қорда сақталды, бірақ араб тілінде жазылғандықтан оны ешкім пайдалана алмады. Өткен жылы қолжазбаның аудар­ма ісінің ұйымдастыруын Ақжан әл-Машанидің шәкірті, фараби­танушы зерттеуші Гүлсім Садақ­баева қолға алған болатын.

Ақжан Әл-Машани – Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасын Қазақстанда және шетелде зерттеген тұңғыш ға­лым. Әбу Насыр әл-Фарабидің Дамаскідегі (Сирия) Баб ас-Сағир қорымынан қабірін тауып, құлпытас орнатуға атсалысқан және ұлы ойшылдың Қазақстан жерінде – Отырарда туғанын дәлелдеген. Әл-Машанидің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілді.

НҰРЛАН ҚҰМАР

2985 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы