• Бизнес & Қоғам
  • 31 Наурыз, 2022

Өңірлік саясат: Торғай түйіні түбі тарқайды

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Жылдар бойы қалыптасып, орнығып қалған қоғамдық қатынастарды, экономикалық байланыстарды жаңа бағытқа бұрып, қайыра өлшеп-пішу сынды тұрлаулы-тұрлаусыздығы беймәлім тірлікке кез келген мемлекет аса бір ділгір, айырықша ахуалдарда болмаса, былайша бара бермейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының көздеген мақсаты елдің дамуын үйреншікті сүрлеуден шығарып, соны ізге салу, көнерген көзқарасты түбегейлі өзгерту немесе қайта құру болып табылады. Кеңес заманында да, одан кейін де бірқатар қайта құру, жаңғыру бағдарламалары қолға алынғанымен, олардың барлығы бірдей баянды болмағаны мәлім. Әлемде орын алып отырған дүмпуі мол дүрбелеңді жағдайда әлеумет алдына тартылып отырған осынау Жолдаудың халық назарына ілігіп, кең көлемде талқылау, қызу пікірталас тудырып отырған тұсы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын оңтайландыруға қатысты. Биліктің бұл жолғы бастамаларына туған жер, өскен өңір ертеңіне елеңдейтін көзіқарақты азаматтардың бей-жай қарамай отырғандығын осы уәж арқылы түсіндіруге болар. 
Әкімшілік-аумақтық бөлініс өңірлердің география­лық орналасу жағдайын, табиғат және еңбек ресурс­тарын, шаруашылықтың салалық мамандануын, өндіріс орындарының өзара байланыстарын есепке ала жүргізілетін экономикалық аудандастырумен тікелей байланысты. Күні бүгінге дейінгі Қазақстандағы әкімшілік аумақтарды бөлу мен аудандастыру тарихи тұрғыдан патша өкіметінің генерал-губернаторлығының, бертінде кеңес әскери-өнеркәсіп кешенінің мұқтажын өтеген губерниялық-одақтық бөлініске сай жүргізіліп келді. Мұның саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан қаншалық тиімді немесе тиімсіз екендігін мамандар үлесіне қалдыра отырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жария етілген сараптамаларды тілге тиек етпекпіз. Мәселен, ел басқару маманы Ерлан Кәрібаев «аталған президенттік бастама реформалардың географиясын кеңейтуге, жаңғыру процесін өңірлерге көшіруге және оған ауыл-аудандардағы халықты кеңінен тартуға бағытталған», деп атап өтеді. Сарапшының пікірінше, «Президент шешімінің басқа да қисыны бар: болашақта әлемде мемлекеттер емес, ірі мегаполистер, гүлденген қалалар басты рөл атқарады, олар инвестицияны, ақыл-ойды, технологияларды тарту және генерациялау орталықтарына айналады деген болжам бар. Олай болса, бізде де осындай тартылыс ошақтарын қазірден көбейте берген жөн». Осы ретте «Қазақстан дамыған елдер үлгісіне жүгініп, «тұрғындарға қолайлы жинақы өңір» қағидаты негізінде даму жолына түсуде» деген маман пікірін дамытқанымыз жөн. Энциклопедиялық анықтамалықтарда «адам өмір сүруі үшін табиғат жағдайлары қолайлы болып келетін аумақтар Қазақстан жерінің үштен бір бөлігін ғана алып жатыр. Ол жерлерге сумен жеткілікті қамтамасыз етілу, қыстың жұмсақ, жаздың жылы болуы тән және халық тығыз орналасқан» делінеді. Еліміз аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орын алатынын ескерсек, азырқанып отырған сол «үштен бір бөліктің» өзіне жүздеген миллион тұрғыны бар Батыс Еуропаның екі-үш мемлекеті сиып кетеді. Патша және кеңес заманында бұл өңірлерге келімсектер орналастырылып, жергілікті халық өмір сүруге қолайсыз шөлді және шөлейт жерлерге ығыстырылды. Е.Кәрібаев айтып отырған «тұрғындарға қолайлы жинақы өңір» қағидатына сай сол өңірлерге, Махамбет ақынша айтсақ, түбінде қайтадан «ел қондыру, жағалай жатқан сол елге мал толтыру» керек болады. Оңтүстік өңірлердегі басы артық еңбек ресурстарын шаруашылыққа қолайлы орманды, сулы-нулы аймақтарға көшіру жөнінде бастама көтеріп жүрген Бурахан Даханов, Құрмет Талапқазы сынды ынталы жастар тірлігі, әрине, барынша қолдауға лайық. Алайда, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді көздейтін осынау мемлекеттік маңызы зор іске науқандық, әкімшілдік-төрешілдік емес, ғылыми тұрғыдан келу, Столыпин реформасы сияқты тұтас бір кезеңді қамтитын бағдарлама қабылдау қажет. Сөйтіп, анықтамалықтарға сәйкес пайдалы қазбалар ресурстары жөнінен әлемде алтыншы орын алатын еліміздің  «құрғақ, суға тапшы, тұруға қолайсыз» қазыналы аймақтарында келіп-кетіп істейтін жұмысшы-қызметкерлерге жайлы вахталық қалашықтар салу, осы өңірлердегі демографиялық әлеуеті мол 1,5 миллион тұрғынды климаты жайлы өркениет ошақтарына көшіру арқылы Қазақстанды өмір сүруге қолайлы мемлекетке айналдыруға болады. 
Сарапшының дерегінше, қалың көпшілік тарапынан «Торғай облысын қалпына келтіру, Мырзашөл облысын ашу» жөнінде ұсыныстар айтылуда. Жолдау жарияланған кейінгі екі апта ішінде әсіресе Торғайға қатысты осы мазмұндас көптеген пікірлермен танысуға тура келді. Саясаттанушы-ғалым Зейін Сабырқұлов өз сұхбатында «Торғай облысының бұл жолы құрылмағанына эконо­микалық фактор ғана ықпал етпегенін» айтады. Демо­графиялық деректерге сәйкес «2020 жылы Қостанай облысы халқының саны 883,9 мың адамды ғана құрады. Халықтың тығыздығы 1 шаршы километрге небары 4,5 адамнан келеді. Сөйтіп, Қостанай облысын екіге жарса, онда тұрғындарының саны 400 мыңдай ғана ұсақ екі облыс пайда болады». Ал, ғалым Құрманғали Дәркеновтың пайымынша, «облыстың ашылуы экономикасы құлдыраған, азып-тозған, миграция әлі де тоқтамай тұрған Торғай елінің дамуына, көтерілуіне мүмкіндік береді». Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы- журналист Көсемәлі Сәттібайұлы болса оптимистік көзқарас танытып, «мүмкін, Президент 1,5-2 жылдан кейін Торғай облысының қайтадан ашылғаны жөнінде халқына қуанышты хабар жеткізетін шығар», деп үміттенетінін айтады. Иә, кезінде дүрілдеген Торғайдың болашағынан алқалы жамиғат үміт күтеді. Сөзін іске ұластырып, өңірдің өндіргіш күштерін өркендетудің жоба-жоспарларын ұсынып жатыр. Ең басты түйін – жол. Халайық «Арқалықтан Қостанайға дейін жарты мыңдай шақырым жол жүруге мәжбүр жұрттың өзге аудан-ауылдардан облыс орталығына қыс түгіл жазда жетуі күрделі», дейді. Сөйтсе де «көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, Торғай түйінінің түбі тарқайтынына күмән жоқ.

1523 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы