• Қаржы
  • 31 Наурыз, 2022

Дағдарыстар ауыртпалығын қайткенде еңсере аламыз?

Бүгінгі шолуымызда әлемдік экономикада орын алған дағдарыстардың салдарынан соңғы отыз жылда еліміз бас­тан өткерген қиындықтар мен құнсызданулар хақында әңгімелекпіз, осы ретте Freedom Finance Life өмірді сақтандыру компаниясы мамандары айтқан жайттарды да ортаға салмақпыз.

 

Айналымға шыққан 1993 жылы бір долларға 4,69 теңгеден болған ұлттық валютамыз қым-қуыт тағдырлы ұзақ жолдан өтіп, 2021 жылдың аяғына қарай еркін әрі құбылмалы бағамға ауысты және арзандағаны сонша бір долларға 420 теңгеден айналды. Сөз болып отырған кезеңде ұлттық валютамыз барлығы 5 құнсыздануды бастан кешіпті.

Айта кету керек, әрбір құн­­­сыз­дану халыққа жайсыз жағдайлардың салмағын арта келеді. Біріншіден, ол ел тұрғындары жинақ қорлары­ның құнын және сатып алу мүмкіншілігін төмендетеді. Оған қоса инфляция деңгейін ұлғайтып, өмір сапасына кері әсерін тигізеді. Адамдар, шындап келгенде, күтпеген сыртқы,  мейлі әскери қақтығыс па, санкция немесе пандемия ма, факторлардан болатын кезекті валюта бағамының «секіруінен» сескенеді. Өмірді сақтандырушылар ашық мә­ліметтерден соңғы 30 жылда орын алған 6 жаһандық қар­жы дағдарыстары мен 5 құн­сызданудың қазақстандықтар өміріне және олардың жала­қыларына қаншалықты әсер еткенін зерттеген. Енді соларға жеке тоқталып өтсек.

АЗИЯДАҒЫ ҚАРЖЫ ДАҒДАРЫСЫ

(1997-1998 жж.)

Бұл тек Шығыс және Оң­түстік-Шығыс Азия елдерін ғана емес, тіпті бүкіл әлемді айтарлықтай дүр сілкіндірді. Бәрінен бұрын Таиланд, Индонезия, Малайзия мен Оңтүстік Корея экономикалары зардап шекті. Бұл дағдарыс азырақ деңгейде Жапонияны, Гонконг, Лаос, Филиппин, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Сингапур мен Тайваньды да шарпып өтті. 1998 жылғы Ресейдегі эконо­микалық дағдарыс әлемдік нарықта шикізатқа баға­­лардың күрт төмендеуіне әкеп ұрын­дырды, ал 2001 жылғы Арген­тинадағы дефолт халықтың 54 пайызын кедейшілік шегінен тыс қалуына мәжбүр еткен.

Тәуелсіздік алғаннан бері, кеңестік дәуірден кейінгі дағда­рыстардан аса жәбір шеге қой­маған Қазақстан алғаш рет ақша құнсыздануын бастан өткерді. 1999 жылы доллар бағамы 85 теңгеден 140 теңгеге дейін өсті. Ал, орташа жалақы бұл кезде 124 доллардан (9 683 теңге) 99 долларға (11 864 теңге) дейін төмендеді. Одан кейінгі жылдары ұлттық валюта валюталық нарықта нығая түсті, ал доллар бағамы 120 теңгеге (2008 жылы) дейін шегерілді.

ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫС (2008-2013 жж.)

Банктердің жаппай банкроттығы және АҚШ акциялары бағаларының құлдырауынан соң Латын Америкасы елдерін, еуропалық мемлекеттерді, Азия-Тынық мұхит аймағы және ТМД елдерін қоса есептегенде бүкіл әлемді қаржылық дағдарыс жайлады. Уақыттың нақ осы аралығы тауарларға бағалардың жаһандық деңгейдегі өсуімен, көптеген ірі халықаралық компаниялардың банкротқа ұшырауларымен және еңбек нарығының бүкіл тарихындағы рекордтық көрсеткіштерге жеткен, жаппай жұмыссыздықпен ерекшеленді. 2009 жылы бүкіл әлемде 200 миллион жұмыссыз адам тіркелген.

Қазақстанда 2009 жылы доллар бағамы 120 теңгеден 150 теңгеге дейін өскен. Ал орташа жалақы 456 долларды (67 333 теңге) құраған. Демек, 2008 жылмен салыстырғанда ол 9,7%-ға төмендеген.

ЕУРОПАЛЫҚ ҚАРЫЗ ДАҒДАРЫСЫ (2010-2013 жж.)

2002 жылдан бастап қаржылық нарықты жаһандандыру, несие алудың жеңілдетілуі және Еуроодақтың кейбір елдеріндегі экономикалық өсім қарқынының төмендеуі Еуропадағы қарыз дағдарысына ұрындырды. Алдымен жаһандық экономикалық дағдарыспен Грекия, Португалия, Испания, Ирландия және Кипр мемлекеттері бетпе-бет келді. Сосын дағдарыс Франция мен Германияны қосқанда, іс жүзінде барлық еуропалық мемлекеттерге жайылды. Осы кезде әлемдік сауда 10%-дан аса көлемде қысқарды. Еуроодақтың көптеген елдерінде мемлекеттік кірістердің қысқаруына орай салықтар өсті, ал үкіметтер үнемдеу мақсатында өздерінің жеке шығыстарын қысқартты.

Еуроодақтың экономикалық ауыртпалықтары әлемде жаһандық құнсыздануға ұласқан жоқ. Алайда, Еуропа ішіндегі экономикалық мәселелерге орай бұрын онша қымбат болмаған демалыс пен саяхаттар құнының өсуіне байланысты Грекия мен Испания қазақстандық туристер үшін тартымды болудан қалды. 2010-2013 жылдар аралығында Қазақстандағы доллар бағамы тұрақты, бір долларға 148-150 теңге деңгейінде сақталды. Бұл ретте орташа жалақы 909 долларға, яғни 137 043 теңгеге дейін артты.

 

САНКЦИЯЛЫҚ ДАҒДАРЫС (2014-2018 жж.)

 

АҚШ, Еуроодақ, Австралия, Жаңа Зеландия мен Канаданың Қырымды Ресейдің өзіне қосуына және Украинаның шығысындағы әскери жанжалға қатысты санкциялары Ресейдің өзін де, сондай-ақ Қазақстанды қоса есептегенде посткеңестік мемлекеттерді де қаржылық дағдарысқа ұрындырды.

Сөйтіп, 2014 жылы ұлттық валютамыз бір долларға 150 теңгеден 185 долларға дейін әлсіреді. Ұлттық банк бағамды жасанды түрде тежеуін тоқтатты да, теңге еркін құбылмалы бағамға көшті. 2016 жылы бір доллар құны 340 теңгеге бағаланды. 2013 жылмен салыстырғанда орташа жалақы долларлық баламада екі есеге жуық – 909 долардан 420 долларға дейін  төмендеп кетті.

COVID-19: ӘЛЕМДІК ҚАРЖЫ ДАҒДАРЫСЫ (2020-2021 жж.)

Коронавирус індеті әлемді жай­лаған осы кезеңде мұнайға баға­лардың минус белгісіне ауытқыған құлдырауы, шекаралардың жабылуы, барлық салаларда жұмыстың тежелуі және жаппай девальвация кезекті қаржылық дағдарыстың хабаршысына айналды. 2020 жылы әлемдік экономика 4,3%-ға қысқарды, бұл 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан үш есеге жуық көрсеткішке жетіп жығылды. Ғалымдардың пікірінше, 2021 жылғы экономикалық қайта қалпына келуге цифрландыру, жаппай вакциналау, соның ішінде коронавирустан да, өмірді сақтандыру мол мүмкіндіктер берді.

2020 жылдың наурыз айына дейін республикамыздағы доллар бағамы 382 теңгені құрады. Індеттің пайда болуы салдарынан елімізде төртінші құнсыздану орын алды, доллардың құны 400 теңгеге дейін көтерілді. Ал бір жылда орташа жалақы 609 доллардан (249 349 теңге) 420 долларға дейін (233 136 теңге) төмендеді.

РЕСЕЙ-УКРАИНА ӘСКЕРИ ЖАНЖАЛЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ

ДАҒДАРЫС (2022 ж.)

Биылғы жылдың 24 ақпанынан бастап екі мемлекеттің арасындағы әскери іс-қимылдар салдарынан долларға қатысты рубль бағамының күрт құлдырауы орын алды. Бұл құнсыздануға АҚШ пен Еуропа тараптарынан салынған экономикалық санкциялар әсерін тигізді. Сарапшылар бұл 1998 жылғы дағдарыспен сәйкес келетінде экономикалық құлдырау болады деп болжауда.

Рубльдің құлдырауы нәтижесінде Қазақстанда кезекті құнсыздану орын алып отыр. Бірнеше күн арасында бір доллар 430 теңгеден 490 теңгеге дейін, сосын тіпті 518 теңгеге шекті аспандап кетті. Мұнан соң азық-түлікке бағалардың асқақтап – 30%-дан астам өсуіне душар болдық.

Осы жексенбі, 27 наурыздағы доллар бағамы – 494 теңге. Орташа жалақы көлемі 552 долларды (272 968 теңге) құрады, ал бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға төмен.

Шындап келгенде, нақ осы дағдарыстың өзгелерінен айрықша ауыр тигелі отырғаны айқын. Мұны күнделікті тыныс-тіршілігіміздің өзі де аңғартқандай, тек тұрмыстық бұйымдар емес (қымбат бағалы тауарларды айтпағанда), азық-түліктің бағасы да шарықтап кеткенін көзіміз көріп отыр. Үкімет пен жергілікті биліктің дәл қазіргі барлық күш-жігері де нақ осы мәселелерге мей­лінше назар аударуға бағытталған. Кезекті дағдарыс ауыртпалығын тек осындай шаралар негізінде ғана еңсере аламыз.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

1685 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы