• Қаржы
  • 31 Наурыз, 2022

Инвестициялық жобалар – өңірлік даму өрісі

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің инвестициялық штаб отырысында 2021 жылғы инвестиция тартудың мақсатты индикаторларының орындалуы мен биылғы жылға арналған жоспарлары талқыланды. Осы жиында Қызылорда облысымен қатар Батыс Қазақстан өңірінде де инвестиция тарту көрсеткіштерінің ең төмен екендігі айтылды. Мұның себебі неде, инвестиция тарту бағытындағы шаралар қандай деген сауалдарымызға облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрия Гайтпаева жауап берді. 

– Иә, өткен жылдың қаңтар-желтоқсанында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,3%-ға төмендеп, 423,7 млрд теңгені құрады. Инвестиция көлемінің бұлайша төмендеуі Қарашығанақ кен орнын игеруші «КПО б.в.» компаниясының жұмысымен тығыз байланысты деуге болады. Аталмыш компания пандемияға байланысты «көрпеңе қарай көсіл» ұстанымын ұстанды. Компания газды кері айдайтын төртінші компрессорды орнату жобасын жүзеге асырудағы шығындарды реттеп, қысқартты. Сонымен қатар былтыр Қара­шығанақ өңдеу кешеніндегі газ өндірудегі шектеулерді алып тастау жобасы іске қосылды. Осының барлығы компанияның шығындарын азайтты, соның нәтижесінде негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі төмендеді. Дегенмен басқа салаларда инвестиция тарту жұмыстарына өсім тән. Мысалға, өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялар көлемі 14,9%-ға, ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция 42,8%-ға, саудада 6,6%-ға, денсаулық сақтау саласына тартылған инвестиция көрсеткіші 8,1%-ға өсті, – деді Нұрия Ханзадақызы.

Басқарма ұсынған мәлі­меттерге сүйенсек, өңірде жаңа инвестиция тарту, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған (жобалар­дың жалпы құны – 1,6 трлн теңге, 7655 жаңа жұмыс орны) 70 жоба пулы жасалған. Жобалар пулында өндіріс, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, медицина, спорт және басқа да салалардағы әлеуеті маңызды ірі жобалар қарастырылған. Оның ішінде 2021 жылы 465 млрд теңгеге 11 жоба іске қосылды, 1640 жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, олар – Қарашығанақ өңдеу кешенінің газ бойынша өндірістік шектеу­лер­ді алып тастау (КПО б.в.), жиһаз фабрикасының құрылысы («Квант» ЖШС), сүт зауытын салу («UralskTradeCompany» ЖШС), қызанақ пен қияр өсіретін жылыжай кешенінің құрылысы («World Green Company» ЖШС), көкөніс сақтау қоймасын салу («Baystone» ЖШС) жобалары. Сонымен қатар кірпіш зауытын салу («134» ЖШС), спорт зал («Юниор-Уральск» ЖК) мен көпбейінді спорт кешені құрылыстары («Гульсара» ЖК), тауарлы бетон өндірісі кешені («ОралТранс» ЖШС), мейрамхана-қонақ үй кешенінің құрылысы («Garant Plus» ЖК), демалыс орталығы және тұқы тұқымдас аквамәдениетті өндіріс орталығының құрылысы ( «ПСП «СЕРИК» ЖШС) жобалары бар.

Биыл 2658 жаңа жұмыс орнын құру көзделген 243,7 млрд теңге сомаға 30 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде келесідей ең ірі жобалар: газды кері айдайтын 4-ші компрессор (ҚПО б. в.), 2-ші пресс желісін жаңғырту («Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ), ПЭТ ыдысқа су құю желісін өндіру («Дынникова О.В.» ЖК), күн сәулесі панельдерін өндіру («Green Spark Limited» ЖШС), пластика­лық қалдықтарды қайта өңдеу, тауарларға арналған пластикалық қаптамаларды шығару цехы («Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС) құрылыстары бар. Сонымен қатар сүт-тауарлы ферма («Ringo-Milk» ЖШС), су демалысы және саябақ құрылысы («БатысСтройМонтаж» ЖШС), шолу дөңгелегін салу және орнату («Риа Мир» ЖШС), логистикалық орталық салу («Квант» ЖШС), аутомобильдік газ толтыру ком­прессорлық станса құрылысы («Метан-Сервис» ЖШС) және басқа да жобалар жандандырылуда.

Үстіміздегі жылы Ақ Жайық өңіріне инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақ­сар­ту және экспортты ілгерілету жөніндегі өңірлік кеңестің 5 отырысы өткізіліп, 3900-дан астам тұрақты жұмыс орнын құратын жалпы шамасы 566,6 млрд теңгеге 23 жоба мақұлданды. Инвестиция тарту және облыс­тың инвестициялық ахуалын жақсарту үшін invest07.gov.kz инвестициялық порталы жұмыс істейді. Онда өңірде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар, өңірдің тауар өндірушілері, инвесторлар үшін тауашалық (ниша) жобалар, инвестициялық жеңілдіктер, шағын және орта бизнеске арналған 100 жоба, инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары, бизнес жүргізу, инвес­тицияларды қажет ететін жобалар, бос жер учаскелері және өзге де ақпараттар көрсетілген.

Сонымен қатар «Бизнеске арналған үкімет» жобасы аясында бизнесті ашу және қолдау үшін мемлекеттік қызметтердің 50-ден астам түрі көрсетіледі. 2021 жылы 400-ге жуық кәсіпкерлік субъектілеріне 70-тен астам кеңес және 500-ден астам қызмет көрсетілді. «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-ның инвесторларға қолдау көрсету орталығы тұрақты жұмыс істейді. Аталған орталықта инвесторларға «бір терезе қағидаты» бойынша тегін қызметтер көрсетіледі, инвестициялық жобаларды іске асыру шараларына қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жоба іске асырылғанға дейін  сүйемелдеу қызметтері жүзеге асырылады.

Қорыта айтар болсақ, өңірге инвестиция тарту жұмыстары жалғасуда. Коронавирус пандемиясы, одан кейінгі геосаяси жағдайға байланысты сауда-экономикалық байланыстағы кейбір түйткілдер экономиканың даму болжамдарына азды-көпті өзгерістер енгізуі ықтимал.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ

1577 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы