• Қаржы
  • 07 Сәуір, 2022

Құбылмалы нарықтағы қаржы-валюта ахуалы

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Биылғы жылдың бағыт-бағдары жөнінде өткен қаңтар айының алғашқы аптасында жасаған тұспал-тұжырымдарымыз оқырман жадында болар. Әлемдік экономикадағы оң құбылыстардың әсері бизнестің аяққа тұруынан көрініс тауып, қаржылық көрсеткіштердің жақсара бастауынан да сезіліп тұрды. Қарқынға қарқын қосылған соң ел еңсесін тіктеуінен үмітіміз мол-тын. Алайда, «ұстараның жүзіндей төңкерілген дүние-ай» дегендей, екі айдай уақыт өтер-өтпесте заман кейпі өзгеріп, қырын қабақ таныта бастады. Сөйтіп, әлемдік қаржы нарықтарының түгелдей дерлік назары Еуропада ушығып тұрған геосаяси жағдайға ауды.

Халықаралық сахнадағы жағдайдың ушығуы нарықтың басты қозғаушы күші болғаны сөзсіз. Ресейге қатысты бұрын-соңды қолданылмаған санкциялар, атап айтқанда, кейбір қаржы ұйымдары SWIFT-тен ажыратылып, орталық банктің активтері тоқтаған тұста рубль рекордтық деңгейде құлдырады. Негізгі мөлшерлемені 20 пайызға дейін көтеру және экспорттаушылардың валюталық түсімнің 80 пайызына дейін міндетті сатуын енгізу жөніндегі Ресей орталық банкінің шұғыл шараларына қарамастан, рубль жоғары құбылмалық аймағында қалып, тарихи ең төменгі көрсеткіштерді жаңарта бастады. MOEX Мәскеу биржасында рубльдің биржалық бағамы 77,32-ден 94,6-ға немесе 22 пайызға төмендеді, ал наурыздың басынан бір АҚШ доллары үшін 120 рубльге дейін 27 пайызға әлсіреді. Оффшорлық нарықтардағы баға белгілеу биржадағыдан айтарлықтай ерекшеленетінін атап өткен жөн. Дегенмен, биржалық бағам дәстүрлі түрде сенімді бағдар болып табылатындықтан,  қазіргі жағдайда оффшорлық сауда-саттық көбінесе инвесторлар арасында туындаған теріс көңіл күйді көрсетуде. Осыған орай наурызда ірі халықаралық рейтингтік агенттіктер Ресей Федерациясының шетел валютасындағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін «алыпсатарлық санаттың» төменгі шекарасына дейін төмендетті. Бұдан бұрындары қаржы маманы Айбар Олжай атап көрсеткендей,  Fitch рейтингтік агенттігі бұл көрсеткішті дефолттық жай-күйден бір сатыға ғана жоғары «С» деңгейіне дейін 6 сатыға төмен түсірді. Сарапшылардың пікірінше, санкциялар Ресей Федерациясының қолжетімді валюталық резервтерін қысқартты, ал капиталды бақылау шаралары елдің шетелдік кредиторлар алдындағы міндеттемелерінің орындалуын шектеуі мүмкін. Геосаяси жағдай шиеленіскесін инвесторлар түрлі тәуекелдерден алшақтап, соның салдарынан өз қалпында өсіп келе жатқан алтыннан басқа да шикізат тауарлары қымбатшылыққа ұрынды. Мәселен, АҚШ әкімшілігі Ресей мұнайын импорттауға тыйым салуды қарастырып жатқаны туралы хабарлардың негізінде қара алтынның бағасы он жыл ішінде алғаш рет барреліне 132 доллар деңгейінен асты. Еуропада табиғи газдың бағасы бір шаршы/м. үшін 4000 долларға дейін көтерілді, ал бағалы металдар нарығында алтын унциясы 2070 долларға жетті. Өнеркәсіптік металдар сегментінде мыс, болат пен никель бағасы да геосаяси жағдайдың бенефициары болды. Шикізат активтерінің өсуі қысқа мерзімді перспективада инфляцияның жеделдеуіне ықпал етіп, бұл АҚШ федералдық резервтер жүйесінің монетарлық саясатты күшейтуі қарсаңында дамыған елдерде акция нарығына қысым көрсетті. Сөйтіп, MSCI World индексі 2,7 пайызға төмендеді, наурызда 5,8 пайызға шегерілді. Сәуірдің басынан  бастап Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығына сәйкес газды қырғи-қабақ елдерге сатудың жеткізілімдерге ақыны рубльмен төлеуді көздейтін жаңа ережелері күшіне енді, осыған орай Газпромбанк шетелдік сатып алушылар үшін арнайы рубль шоттарын ашуға рұқсат берді. «BusinessInvitee Consulting Group» басқарушы әріптесі Андрей Ковалев атап өткендей, Газпромның сатып алушылармен рубль арқылы есеп айырысуға көшуі қаржылық тұрғыдан алғанда  елдегі валюталық түсімдердің ең үлкен көздерінің бірі – валюталық түсімдерді сатудың 100  пайыздық бірегей мөлшерлемесін енгізгенін білдіреді. 

Әлбетте, Ресей Федерациясы қазіргі таңда біздің негізгі сауда әріптесіміз саналады. Рубль бағамының долларға шаққандағы өзгеруі Қазақстан теңгесіне де әсер етпей қоймайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, енгізілген санкциялардың нәтижесінде рубль енді техникалық түрде негізгі екі алаңда – Мәскеу биржасында, ішкі нарықта және банкаралық нарықта саудаланады. Өкінішке қарай, оларда баға белгілеу әртүрлі. Сарапшылардың пікірінше теңге рубль бағамының әсеріне ұшырай бермеуге тиіс. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттық пен сауда ағынының өзгерісін ескере отырып, теңге мен рубльдің басқадай тепе-теңдік құны табылуы ықтимал. Енді теңге бағамына әсер етуші негізгі факторлар, интервенциялар және валюта нарығындағы жағдайға келсек, жыл басында сыртқы және ішкі факторлар ұлттық валюта үшін біршама қолайлы болды. Бірақ, геосаяси жағдайдың ушығуы, жаһандық тәуекел-сентименттің нашарлауы және дамушы нарықтар валюталарының әлсіреуі аясында валюта нарығында тұрақсыздықты болдырмау үшін Ұлттық банк 175,6 млн АҚШ долларына интервенциялар жүргізді. Сыртқы экономикалық жағдайдың өзгеруіне жауап ретінде валюта нарығына қысымды төмендету және инфляциялық күтулерді ұстап тұру үшін  базалық мөлшерлеме кезектен тыс 13,5 пайызға дейін көтерілді. Ұлттық қордан бюджетке 510 млн доллар мөлшерінде трансферттер бөлу үшін валютаны саудаға шығару, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор нысандарының валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті түрде сату арқылы валюта нарығына қолдау көрсетілді. Осы шаралардың аясында ақпан айында ғана 190,7 млн доллар сатылды. Қолданылып отырған құбылмалы айырбастау бағамы сыртқы тосын өзгерістерді реттеуге мүмкіндік беруде. Сарапшылар Қазақстан экономикасының көтерілуін әдеттегідей негізгі энергетикалық ресурстардың бағасы қамтамасыз ететіндіктен биылғы өсу  төмен болып, келесі  жылдан қалпына келеді деген болжамды алға тартып отыр.

1303 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы