• Аграрлық аймақ
  • 07 Сәуір, 2022

Ауыл шаруашылығы – айрықша сала

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Есеп, аудит және қаржы кафедрасының ұйымдастыруымен «АӨК-ті цифрландыру – ғылыми жетістіктер» атты халықаралық форум өтті.

Жиынды Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу универ­ситетінің академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры, проректор Асан Сәтмұрзаев жүргізіп отырды. Аграрлық-өнер­кәсіптік кешен (АӨК) ғылымын дамыту мәселелері бойынша өткен форум жас ғалымдарға, жоғары оқу орындарының оқушыларына, докторанттарға, магистранттарға, студенттерге, мемлекеттік орган өкілдеріне арналды. Форумның негізгі тақырыптық блоктары – «АӨК-ті цифрландыру – жаңа заман талабы» және «Ауыл шаруашылығы өндірушіле­рін кредиттеуді цифрландыру» – ESG стандарттарына сәйкестікке арналған құрал ретінде өндірістің бірыңғай цифрлық платформасын пайдалану мүмкіндіктерін зерттеу және АӨК өнімдерін есепке алу проблемаларын, кәсіпорын­ның табысын басқару үшін жеткізу тізбектерінің экожүйесін құру мәсе­лелерін қамтыды. Шара аясында жас ғалымдардың АӨК цифрландыру проблемаларын талқылауға қосатын үлесін қамтамасыз ету, магистранттардың ғылыми зерт­теулеріне жағдай жасау, еліміздің әр өңірінен жас ғалымдарды тарту, ғылыми қызметтің тартымдылығын арттыру, бухгалтер, қаржыгер және бағалау мамандығының беделін көтеру, ғылым мен қоғамның өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселе­лері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар форум аясында Есеп, аудит және қаржы кафедрасының профессоры, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті «Бизнес және құқық» жоғары мектебі академиялық комиссиясының төрайымы Ажар Бейсенбаеваның 60 жылдық мерейтойына орай құрмет көрсетілді.

Тәуелсіз Қазақстанның кеден жүйесін дамытудың даңғылына түсіп, халықаралық қаржылық опера­ция­лардың дұрыс жүргізілуін қам­тамасыз етуде, елдер арасындағы төлем реттеліп отырса да, оған бір күнде қол жеткізген жоқпыз. Еліміздің кеден жүйесінің дамуына орасан зор еңбек сіңірген мамандардың қажыр-қайраты бұл іске сүбелі үлес қосты. А.Бейсенбаева – Бүкіләлемдік ішкі аудиторлар одағының мүшесі. Есеп және аудит саласында бірнеше ғылыми жобаны дайындаған. Ғылым және білім министрлігінің іргелі ғылыми жобаларды аудиттеу комиссиясының мүшесі және Ұлттық тестілеу орталы­ғының эксперті болды. Есеп, аудит және қаржы кафедрасының профессоры Ажар Кәкімқызы 2017 жылдан Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Бизнес және құқық жоғары мектебінің академиялық комиссиясының төрайымы міндетін абыроймен атқарып келеді. Өзінің еңбек еткен жылдардағы білім берген шәкірттері бүгінде шетелде және еліміздің түкпір түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр.

Мерейтой иесі Ажар Кәкімқызы шараға барлық қатысқан ғалымдарға, ұстаздар қауымына ризашылығын білдіріп, елімізде ауыл шаруашы­лы­ғын дамыту үшін қандай игі істер атқарылу керектігін, жастарды қандай жолмен агроөнеркәсіпке тиімді тарту қажеттігін тілге тиек етті. Онлайн және офлайн форматында өткен форум аясында бірнеше жоғары оқу орындарымен қоса шетелдік ғалымдар АӨК ғылымын дамыту, цифрландыруды жүзеге асыру, ауыл шаруашылы­ғын заманауи технологиялармен дамыту және басқа да көптеген өзекті мәселелер жөнінде баяндама жасап, келелі ойларын ортаға салды.

Еліміздің экономикалық дамуында агроөнеркәсіптік кешеннің, оның ішінде ауыл шаруашы­лығы­ның маңызы зор. Қазақстан агроөнер­кәсіптік кешені – еліміздегі халық шаруашылығындағы агро­өнеркәсіптік кешеннің негізгі құрамдас бөлігі. Онда материалдық игілік өндіру саласындағылардың жартысынан астамы қызмет етеді және рес­пуб­ликадағы негізгі өндіріс­тік қор­лардың тең жартысына жуығы шоғыр­ланған, жалпы өнімнің және ұлттық табыстың жартысы осы саланың еншісінде. Азық-түлік бағдарламасын бүкіл еліміз көлемінде шешу, халықты азық-түлікпен және өнеркәсіптің салаларын шикізатпен толық қамтамасыз ету, көбінесе, агроөнеркәсіптік кешеннің әртүрлі салаларының дамуымен анықталады. Бұл тақырыпта «агроөнеркәсіп­тік», «ауыл шаруашылығы», «ауыл шаруашылығына жарамды жер», «жайылым», «егістік жер», «өсімдік және мал шаруашылығы», «дәнді дақыл шаруашылығы», «ауыл шаруа­шылығы кәсіпорындары», ұғымдары төңірегінде қалыптасады. АӨК-тің негізгі мақсаты – халық­ты азық-түлікпен, өнеркәсіпті ауыл­шаруашылық шикізаттарымен қам­тамасыз ету және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау.

Ауыл шаруашылығы – агро­өнер­кәсіптік кешеннің жетекші саласы. Оның өнеркәсіптен басты ерекшелігі – ол табиғатқа, ауа райына, топырақ жағдайына тәуелді. Саланың өндірісіне табиғи жағдайлар қатты әсер етеді. Құрғақшылық, аяз, қар басу, көктайғақ сияқты табиғи құбылыстар ауыл халқының егін өнімі мен мал басын сақтап қалуына қиындық туғызады.Ауыл шаруашылығының дамуының екі  жолы бар. Біріншісі, экстенсивті (жер немесе мал басының өсуі) болса, екіншісі интенсивті (техниканы, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану) болып табылады.

Ауыл шаруашылығы – агроөнер­кәсіптік кешеннің жетекші саласы. Онда экономикалық белсенді халықтың жартысы еңбек етеді. Экономикалық белсенді халық (ЭБХ) дегеніміз — қоғамдық өндірісте жұмыс істейтін (қызмет көрсету саласы мен жеке шаруашылық иелерін қоса есептегенде) халықтың бір бөлігі. Қазақстандағы жер реформасына байланысты ауыл шаруашылығы үш санатқа бөлінеді. Бұған, ауыл шаруашылығы кәсіпорыны, шаруа шаруашылығы және халықтың жеке шаруашылығы жатады.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

514 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы