• Аймақ тынысы
  • 07 Сәуір, 2022

Алматы облысы: Өңір бөлінісі – өзекті міндет

Жаңадан құрылатын Жетісу облысының аумағына 352 елді мекені бар 8 аудан мен 2 қала, Алматы облысының құрамына 380 елді мекені бар 9 аудан мен 1 қала енгізілетін болады.

Облыста Президент Жарлығын қабылдау жөніндегі Іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Осы іспен айналысатын арнайы комиссия құрылып, жұмысын бастады. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев айтты.

«Әкімшілік-аумақтық өзгеріс­тер мемлекеттік басқару процесін оңтайландырады, азаматтардың облыс орталығына барып-қайтуын жеңілдетеді, ішкі көші-қон мәсе­лесін реттеуге септігін тигізеді. Екі өңірдің дамуына қуатты серпін береді», – деп атап өтті Қ.Бозымбаев.

Облыс әкімінің айтуынша, маңызы бар әкімшілік-аумақтық бір­лік­тердің жаңа шекаралары және басқа да географиялық деректер көрсетілген схемалық карта дайындалып, Қапшағай қаласының жаңа бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленуде.  Экономикалық есептеулер жасалып, Алматы және Жетісу өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша талдау материалдары дайындалды. Қолданыстағы штат санын қайта бөлу және мемлекеттік органдарды орналастыру үшін объектілерді айқындау жұмыстары басталды.

Көшуге байланысты шығын­дарды, соның ішінде қызметтік үй-жайларды жалдау, көтерме жәрдемақы төлеу, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін тұрғын үй жалдау және басқа да шығындарды қаржыландырудағы бірқатар проблемалық мәселелер де айтылды. Осыған байланысты есептеулер жүргізілуде, республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін бюд­жеттік өтінім берілетін болады.

Сессия барысында сөз алған депутаттар бірауыздан облыстарды бөлу туралы Президент бастамасын қолдап, бұл қос өңірдің де тиімді дамуына мүмкіндік беретінін айтты.

Жалпы Алматы облысында соңғы 20 жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 25 есе, өнеркәсіп өнімі 17 есе, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 16 есе, құрылыс жұмыстары 30 есе, сауда 27 есе өскен. 20 жыл ішінде 13 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, облыс экономикасына 7,2 трлн. теңге инвестиция тартылды, облыс бюджеті 2001 жылы 21 млрд.теңгеден 2021 жылы 830 млрд. теңгеге дейін өскен.

НҰРЛАН ҚҰМАР

414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы