• Экспорт
  • 14 Сәуір, 2022

СЫРТҚЫ САУДАДА БІРЖАҚТЫ ТӘУЕЛДІЛІК БОЛМАЙДЫ

Қазіргі жаһандық деңгейдегі экономикалық байланыстың басты тетігінің бірі интеграция мен әріптестік сауда-саттық болып тұр. Әсіресе ол экономикасы негізінен макроэкономикаға тікелей тәуелді біздің еліміз үшін аса маңызды.

Бүгінге дейін саясаттан гөрі экономиканы алдыңғы қатарға шығару векторы жүргізіліп келді. Тіпті соның дегенімен кейбір өзекті саяси проблематиканың экономика мүддесінің тасасында қалған кезін де көрдік.

Бүгінгі геосаясат майданын­­дағы ақиқаттар әріптес­тердің саясатпен бір деңгейде экономиканы тең ұстап тұрға­нын көрсетеді. Соңғы бір жарым айдың ішіндегі Шығыс Еуропа­дағы әскери қақтығыстар, шын мәнісінде нағыз қанқұйлы соғыс осы аражікті мүлдем күрделен­діріп жіберді.

Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көр демекші, посткеңес­тік дүние ауқымындағы қанды қыр­ғын­­ның, ТМД мемлекеттерін айтпағанда, әлем­дік экономикаға тікелей әсер еткенін көріп отырмыз.

Батыстың Ресейге салған санкция­­ларының салқыны бізге де тие бас­тады. Ақпан, наурыз айларын­дағы ұлттық валюталардың күрт арзандап, доллардың аспандауы, соған сәйкес Ресей тарапынан АҚШ валютасына қарсы жасалған әрекеттер іргелес елдердің бәрін есеңгіретіп тастағандай.

Әрине, Еуразиялық одақтағы басты әріптесіміздің бүгінгі хал-жағдайының бізге тікелей әсер етуі заңды. Соның әсерінен еліміздің экономикасы бәрінен бұрын қандай мемлекеттерге байланысты, тіпті тәуелді деген сауалдың шеті шыға бастады.

Қарапайым түсінікте еліміздің сыртқы саудасының дені іргедегі Қытай халық республикасымен байланысты сияқты көрінеді. Шынында да 2000 жылдың ортасына дейін Қазақстан экспорты үшін Қытай бірінші орында тұрды. Бірақ ақиқатында біз­дің еліміз Қытайдан гөрі Ресейден көбірек тауар сатып алады.

Тәуелсіздіктің 30 жылында біздің ел сыртқы саясатта көпвекторлы саясат ұстанды. Шама-шарқынша Ресей және Қытай мемлекеттерімен байланысты, ішінде экономика да бар, барлық салада тең ұстауға тырысты. АҚШ-пен де тәп-тәуір қарым-қатынас орнады. Мұндай ди­версификацияның Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарына тікелей әсер етуі де заңды.

Тауар экспорты мен импортын қосып алғанда екіжақты тауар айналымының көлемі бойынша еліміз­дің басты әріптесі – әлбетте, Ресей. Оны Біріккен ұлттар ұйымы сыртқы сауда статистикасының деректері де көрсетіп отыр.

Мәселен, 2020 жылы қос мемле­кет арасындағы тауар айналымы 18,2 миллиард болды. Бұл – Қазақ­станның басқа мемлекеттермен сыртқы саудасының 21 пайызына тең көрсеткіш. Ал Қытай бұл орайда екінші орында тұр. Қытаймен тауар айналымының көлемі – 15,3 миллиард доллар немесе сыртқы сауданың 18 пайызы. Қолға түскен деректерге қарағанда, Ресейдің бұл орайдағы басымдығы орыс өнімінің біздің елге жасалар импортының көлеміне байланысты. Ол 2020 жылы 13,3 миллиард доллар болды. Ал 2021 жылдың қаңтары мен қазаны аралығында көрсеткіш 13,8 миллиард долларға жетті.

Қазақстан Ресейден түрлі өнер­кәсіп және тұрмыстық қондырғы, ауыл шаруашылық машиналары, оның ішінде көтергіштер, бульдозерлер, жуу машиналарын сатып алады. Сондай-ақ Ресейден алынатын тауарлар арасында минералды отын, кокс, тіпті 1,1 миллиард доллар көлеміндегі мұнай өнімдері, қара металл, транспорт көліктері, оның ішінде жеңіл автомобильдер мен автобөлшектер бар.

Шынтуайтына келгенде, бір қараған­да Ресей өнімдерінсіз аттап баса алмайтындай дәрежеге жетіп қалғанға ұқсаймыз.

Дәл осы жерде мемлекет белгіле­ген индустриалды-инновациялық бағдарламалар еске түседі. Обалы қанша, қазақ үкіметі басқаның тауарына телмірудің түбі жақсылыққа апармайтынын ерте түсінді. Аталмыш бағдарламалардың жасалынуы да сондықтан. Алайда әзірге бәрібір сыртқа, оның ішінде көрші Ресей мен Қытайға импорттық тәуелділіктен арыла алмай тұрмыз.

Сыртқы сауданың басты тетігінің бірі – экспорт. 2006 жылдан бері бұл мәселеде Қытай бірінші орында тұр. Елімізден Қытай халық республикасына негізінен мұнай, газ, мыс және басқа да өнеркәсіптік металдар тасымалданады. 2020 жылы Қытайға Қазақстан экспорты 9 миллиард доллар болды. Бұл 2019 жылғыдан 12,5 пайызға көп. Ал 2021 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Қытайға 8,1 миллиард доллардың тауары сатылыпты.

Қытайға экспортталатын нақты өнімдерге келсек, оның ішінде мыс катотының үлесі 2020 жылы 1,84 млрд., ал 2021 жылдың қаңтар-қазан айларында 1,85 миллиард доллар болды.

Қытай әлемдегі рафинацияланған мұнайдың басты тұтынушыларының бірі болып тұр. Сондықтан әлемде өндірілген мыстың тең жартысы осы елге экспортталады.

Ал елімізден Қытайға тасымалданатын мұнай катоты небәрі бұл елдің сұранымының 8 пайызын ғана қамтиды екен.

2019 жылы Қытайға экспортталатын қазақстандық тауардың негізгі түрі табиғи газ болса, 2020 жылы бұл өнім экспортты екінші орынға сырғыған.

2021 жылдың есепті кезеңінде Қытайға тасымалданатын қазақстан­дық газдың құны аздап арзандапты. Алайда күншығыс елінің газға сұранымының азаймайтынын айтпаса да белгілі.

Қазақстанның қазір Ресеймен соғысып жатқан Украинамен де экономикалық байланысы бар. Қазақстандық газдың әжептәуір бөлігі осы елге жіберіледі. Мәселен, 2020 жылы Украинаға Қазақ­стан­нан 215 миллион доллардың газы экспортталған. Ал Швейцарияға са­тылған газдың құны  – 160 миллион доллар.

Бұл жерде тағы да бір гәпті айта кетуге тиістіміз. Украина мен Швей­царияға, жалпы Еуропаға тасымалданатын газ құбыры Ресей арқылы өтеді. Одан ресейлік «Газпром» да үлес алады. Дегенмен қазіргі соғыс жүріп жатқан жағдайда Украина мен Еуропаға тасымалданатын мұнай мен газдың тағдырының күмән тудыратыны айтпаса да түсінікті. Оның салқынын көріп те қалдық. Новороссийск пор­тындағы, Қара теңіз айдынындағы мұнай құбырының ақауы салауатты сананы осындай күмәнділеу ойларға жетелейді.

Қазақстанның сыртқы саудасының дені мұнай экспортына байланысты. 2020-2021 жылдары Қазақстан экспортының 63 пайыздан астамын осы мұнай саудасы алған. Шикізаттық емес экспорт 2017-2020 жылдары тұрақты түрде жылына 17-18 миллиард доллар болған.

Еліміздің мұнай саудасындағы ірі әріптесінің бірі  – Италия. 2020 жылы бұл елге 6,5 млрд., Нидерландыға 2,5, Үндістанға 1,8 және Грециядан Испанияға дейінгі барлық Еуропа елдеріне 1,6 миллиард доллардың мұнайы экспортталған көрінеді.

Қазір Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенорынында итальяндық ірі мұнай компаниясы жұмыс істеуде. Соған сәйкес бұл елмен де сыртқы экономикалық байланыстың өркен­дейтіні түсінікті.

Қазақстан Италияға – мұнай, Италия Қазақстанға – инвестиция мен технологиялар бермек. Бұл жерде экономикалық тәуелділік тізгінін бір мемлекетке беріп қою қисынсыз. Демек, сыртқы саудада ешқашан біржақты экономикалық тәуелділік болмайды деген сөз.

Қазақстанның сыртқы саудадағы тағы да бір көзірі – табиғи уран. 2020 жылы біздің еліміз 1,7 миллиард доллардың шикізатын экспорттады. Атап айтқанда, Қытайға 0,77 млрд., Ресейге 0,44 млрд. доллардың ураны шығарылды.

Қазақстанның дәстүрлі шетелдік экономикалық инвесторлары – Қытай, Ресей, АҚШ. Сондай-ақ, Нидерланды мемлекетінің де бұл орайдағы үлесі қомақты. Осының бәрі сыртқы экономиканың шетелдермен байланыссыз алға баспайтынын көрсетеді.

Ал іс жүзінде сыртқы экономи­калық байланыстар бір мемлекеттің екінші бір мемлекетке экономикалық тұрғыда толық тәуелділігін көрсет­пейді. Барлық мемлекет сияқты еліміз де шын мәнісінде өз экономикасын дербес, ешкімнің күштеуінсіз жүргізе алады.

Өмірзақ МҰҚАЙ

830 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы