• Ақпарат
  • 21 Сәуір, 2022

Елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Соңғы мәліметтерге сәйкес, әлемде коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны 20%-ға төмендеген көрнеді. Алайда мамандар аталған індеттен құлантаза айықтық деп арқаны кеңге салуға болмайтындығын айтуда. КВИ-ды жұқтыру көрсеткіші азайғанымен, оның алдын алу шараларын естен шығармаған жөн. Бірінші кезекте, жеке бастың гигиеналық талаптары қатаң сақталуы керек. Қазіргі таңда елімізде вирусқа қатысты барлық шектеулер алынып, халық бұрынғыдай қалыпты жағдайға қайта оралды. Нау­рыз айынан бері еліміздегі кәсіптік нысандар мен қоғамдық орындарға «Ashyq» қосымшасынсыз және маскасыз кіруге рұқсат берілген болатын. Қазіргі таңда коронавирусқа қарсы вакцина алған қазақстандықтар саны 9,5 миллионға жетіп, вакцинаның бірінші компонентін –

9 473 673 адам, екінші компонентін – 9 218 283 адам алған. Ал «Pfizer» вакцинасының бірінші компонентін – 1 017 157 адам, екінші компонентін – 873 937 адам, оның ішінде бірінші дозасымен 806 363 жасөспірім, 37 319 жүкті әйел, 133 363 емізулі баласы бар әйел болса, екінші дозасымен 726 203 жасөспірім, 31 727 жүкті әйел және 114 183 емізулі баласы бар әйелдер салдырған.

Осы аптаның дүйсенбісінде Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирус індетіне қатысты сұхбат беріп, қазіргі таңда ауру деңгейі төмендегенің және тәулігіне шамамен республика бойынша 20 науқас анықталғанын айтты. Вирустың таралу қарқыны бәсең­сіп, еліміз ғана емес, бүкіләлемдегі жағдайдың тұрақтанып отырғанына тоқталған еді. «Әрине, біз жаңа «рецидивтерді» жоққа шығармаймыз, жаңа штам­дардың пайда болуын ескеруге тиіспіз. Айталық, көптеген мемлекетте, оның ішінде Қазақстанмен көршілес орналасқан елдерде «стелс-омикрон» штамы тіркеліп жатқаны баршаға мәлім. Бұл аурудың таралуы Азия-Тынық мұхиты аймағында, атап айтқанда, Қытайда, Малайзияда және Таиландта бой көтеріп отыр.

Ең бастысы, біз коронавируспен күресуді үйрендік. Бүгінде қалыпты өмірге оралудың уақыты келді деп ойлаймын. Адамдардың тыныш өмір сүруге, толыққанды жұмыс істеуге, қорықпай қарым-қатынас жасауға мүмкіндік болуы керек. Осындай мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында біз ең маңызды шектеулердің бірін жойдық, көршілес үш елмен: Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен құрлық шекарасын аштық. Көптеген мемлекетпен әуе қатынасы қайта жанданды. 57 ел үшін визасыз ре­жим қалпына келтірілді. Бұл ретте Қазақстанға кірерде ПТР-тестілеуді міндетті шарт ретінде қалдырдық. Өйткені бұл эпидемиялық жағдайды бақылауға көмектесетін шаралардың бірі. Сонымен қатар ұжымдарда, адам­дар көп жиналатын жерлерде маска тағу талабын күшінде қалдырдық. Біз ең қатаң антиковидтік шектеу­лер енгізілген 2020 жылға талдау жүргізген кезде тұмау аурулары екі есеге төмен­дегенін анықтадық. Яғни санитарлық нормаларды сақтау, оның ішінде маска тағу арқылы тұмау ауруының төмендеуіне ықпал етті. Мен бұл туралы неге айтып отырмын? Себебі тұмау да өлімге және ауыр асқынуларға әкеледі, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдарға қауіпті. Сондықтан біздің халық та маска тағу мәдениетіне үйренгені дұрыс. Бұл күнделікті өмірдің дағдысына айналуы керек», – деген пікір білдірді.

Бүгінде халықтың 55%-ы вакцинамен қамтамасыз етілген. 10,5 миллионға жуық азамат толық вакциналаудан өтіп, 3,5 миллион адам қайта вакциналанған. Өздеріңізге белгілі осыдан екі жыл бұрын вирус өршіген тұста Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында «Спутник V» вакцина өндірісі іске қосылып, кейіннен ұлттық биологиялық қауіпсіздік институтында біздің мамандар әлемде қолданылатын 14 вакцинаның бірі ретінде отандық QazVac препаратын шығаруға кіріскен еді. Сол кезде-ақ, Қазақстан өзінің вакцинасын әзірлеген әлемдегі бесінші ел болды. Қазіргі күні аталған препараттың айына 500 мың дозасы өндіріліп, оның тиімділігі шамамен 86% жеткен әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып тұр.

Сұхбат барысында Тоғжанов, коронавирустың пайда болуы мүмкін жаңа штамдардан халықты вакциналау арқылы ғана сақтануға болатындығын, вакциналау және ревакциналау үшін қосымша 3 млн-нан аса доза қамтамасыз етілгендігін айтты. Олардың арасына QazVac, SinoPharm және Pfizer вакциналары бар. «Неліктен ДДҰ әлі күнге дейін QazVac-ты тіркемей отыр?» деген сауалға: «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы QazVac вакцинасын тіркеуі үшін Қазақстан ұлттық реттеушіні үшінші деңгейге дейін жеткізуі қажет. Басқаша айтқанда, республиканың санитарлық-эпи­де­миологиялық қызметінің мате­риалдық-техникалық базасы халықаралық стандарттарға сәйкес болуы тиіс. Осының барлығын ретке келтіру 3 жылдан 5 жылға дейін уақыт кетеді деген сарапшылар пікіріне қарамастан шығарылды. Бұл фактіні біздің еліміздің халықаралық талаптарға сәйкестігін тексерген ДДҰ арнайы комиссиясы растады.

Ел аумағында ветеринарлық препараттардың 19 өндірушісі тір­келген. Мысалы, 2021 жылы вак­цина­лардың 16 түрі өндірілді, бұл барлық қажеттіліктің 76,2%-ын құрайды, 2019 жылы – 12 түрі (66,7%), 2020 жылы – 14 түрі (70%).

Сыртқы сын-қатерлерге біз өзіміздің жарақтандырылған зертханаларымыз бен кәсіби ғылыми кадрларымыз болса ғана қарсы тұра аламыз. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда иммунобиологиялық препараттар шығаратын жаңа биофар­мацевтикалық зауыт салынып, іске қосылғандығына тоқталды.

Қазір елімізде жалпы эпиде­мио­ло­гиялық ахуал тұрақтанып, халық­тың ұжымдық иммунитеті қалып­тасып келеді. Оңтүстік мегаполистің тұрғындарына «Pfizer» (Комирнати, АҚШ), «Vera Cell» (Sinofarm, Қытай), «QazVac» (QazCovid-in Қазақстан) вакциналары қолжетімді болып тұр.

 Карантиндік шаралар мен қойылған шектеулер алынғанымен коронавирус инфекциясының жаңа мутациялары немесе штамдары әлемнің әр түпкірінен бой көтеруі әбден мүмкін.

Иә, пандемия алғашқы толқын­дағыдай қауіпті әрі таралу көр­сеткіші жоғары болмаса да ол түбе­гейлі жойылған жоқ. Осыны естен шығармауымыз керек.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

7194 рет

көрсетілді

248

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы