• Өндіріс өрісі
  • 21 Сәуір, 2022

Былғары өндірушілер тері илеудің орнына неге зар илеп жүр?

Елімізде өңделмеген мал терісін экспорттауға салынатын кедендік бажды алып тастау мәселесі қайта-қайта күн тәртібіне шығып жүр. Баждың болғанын жақтаушылар бұл ұсыныс үкіметтен қолдау тапса, тері өңдеу индустриясы біржола тұралайды деп дабыл қағуда. Ал кедендік бажды даттаушылар санаулы зауыттың мүддесі үшін қарапайым халықты сыртқа тері сату мүмкіндігінен айырмау керек дегенді алға тартады. Осы ретте ҚазАқпарат тілшісінің Қазақстан Тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеевпен сұхбатын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Көңіліңізге келсе де айтайын, тері өңдеушілер қауымдастығы деген ұйымның бар екенін сізден естіп отырмын. Тоқ болған соң тек жүргенді жөн көретін шығар деп ойлайық десек, ауылда мал терісі пұл болмай қалғанын айтып зар қақсаған халықты көріп жүрміз. Әлде бұл проблемадан сіздердің қауымдастықтарыңызға келіп-кетері жоқ па?

– Тері өңдеушілер қауымдас­тығын қолға алғаныма бір ай болған жоқ. Бір айдың ішінде ұйымды тіркеу, құрамын толық­тыру, ұйымдастыру жұмыс­тарымен айналысып жүрміз. Еліміз бойынша ең үлкен кәсіпорын – Алматы тері өңдеу зауыты. Орта Азиядағы ең үлкен зауыттың бірі сол. Жылына 1,5 млн ірі қараның терісін өңдейтін қуаты бар. Екібастұз қаласында бір зауыт бар. Банкротқа ұшыраған жерінен алып, қайтадан жандандырып, іске қосқанбыз. Петропавлда, Семейде, Шымкентте, Қордайда, Арқалықта зауыттар бар. Таразда бұрынғы аяқ киім фабрикасының құрамында болған зауыт бөлек шығып, дербес кәсіпорын болды. Қазір қаражат іздеп, әрекет етіп жатыр. Ақтөбеде, Оралда зауыт бар. Бірақ олар бір істеп, бір тоқтап жүр. Нақты тоқтамай жұмыс істеп тұрғаны осы алдыңғы аталған 7 зауыт.

– Осыншама кәсіпорын бар болса, мал терісі неге күресінге тасталып жатыр? Біздегі өңделмеген терінің қызығын шетел көріп отыр деген сөз бос байбалам емес шығар?

– Біздегі ең үлкен проблема – экспорттық баж салығы. Оны алып тастаса, терінің қы­зығын шетелдіктердің көргені сонда болады. Қазақстандағы өңделмеген терінің ең сапалы дегенін түріктер, өзбектер талап әкетеді. Қазір терінің экспорттық баж салығы бір тоннаға 200 еуро көлемінде белгіленген. Мұндай баж төлеп, Қазақстаннан импорттау соншалық тиімді емес. Өйткені өзіндік құны қымбаттап кетеді. Тері өңдеу нарығын осы баж арқылы ғана қорғап отырмыз.

– Сіз айтқан бажды алып тас­тауға кімдер мүдделі сонда?

– Ақпан айының басында Юрий Жулин деген Мәжіліс депутаты өңделмеген теріге салынатын бажды алып тастау керектігі туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл енді өңделмеген теріні сыртқа сатуды кәсіп қылған алыпсатар делдалдардың мүддесі деуге болады. Экспорттағы шикізаттың үлесін азайтып, өңделген тауар­дың үлесін арттырамыз деген ең негізгі саясатымызға қайшы ұстаным бұл.

Қазақстаннан тері күйінде арзанға кеткен бұйым ертең өзімізге қымбат былғары өнімі болып, үстіне бірнеше есе құн қосылып оралып жатыр.

– Сіз айтып отырған депутаттық сауалдың мазмұнымен таныспыз. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында Юрий Жулин елде сойыл­ған мал терісінің 10-20 пайызы ғана сатылатынын айтып, жыл сайын 2,5-3 млн ірі қараның терісі қоқысқа тас­талады деген дерек келтіреді. Мұны ақшаға айналдырғанда 14 млрд теңге желге ұшып жатыр деген есеп айтады. Меніңше, Мәжіліс мінберінен көтеруге тұрарлық проблема сияқты...

– Ол сауалға келсек, дерегінің көбі – негізсіз. Өңделмеген теріні экспорттауға ол айтқандай 3 жыл емес, 1 жыл ғана тыйым салынған болатын. Оның өзінде үздік-создық шара болды. Жалпы Қазақстанда өңделмеген терінің экспортына баж тағайындалғанына 10 жылдан астам уақыт өтті. Оның көлемі біздің экспортты қабылдайтын елдің географиясына байланысты тоннасына 200-500 еуро аралығында болған. 2020 жылдың қараша айында Сыртқы сауда және халықаралық ұйымдарға қатысу мәселелері жөнін­дегі ведомствоаралық комиссия Үкіметке осы бажды алып тастау туралы ұсыныс енгізді. Бұл баж тек 2022 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қана қайтарылды. Бірақ енді баждың ең жоғары мөлшері тоннасына 200 еуродан аспауы керек. Енді соны да жоқ қылғысы келіп жүргендер бар. Одан кейін 14 млрд теңге деген санды қайдан алып отырғандары түсініксіз. Депутат фермерлердің шығынын қандай тәсілмен есептеп шығарғаны маған да қызық. Жылына 3 млн ірі қара терісі қоқысқа тасталады деген статистиканы қайдан алған? Тек 20-30 пайызы сатылады дейді. Бұл кеден қызметінің дерегі ме? Тағы да нақтылық жоқ. Елдің көңіл-күйіне әсер ететін сандарды шебер ойнатып отыр деп ойлаймын. Жоғарыда айтқан зауыттардың бәрі жобалық қуатымен толық жұмыс істесе, жылына 3 млн теріні еркін өңдей алады. Қазірдің өзінде 1 млн 750 мың теріні өңдеп отыр.

– Қазақстандағы терінің сапасы төмен деуіңіздің мәнін ашып айты­ңызшы.

– Тері өңдеумен тікелей айналыс­қанымызға 10-15 жыл болып қалды. Ең кешенді, күрделі мәселе осы, негізі. Біздегі мал сою мәселесінде үлкен проблемалар бар. Көбіне пышақ тиіп, тесілген, кесілген күйінде келеді. Бұрынғыдай ет комбинаттарында орталықтандырылған сою деген жоқ. Тері сапасы осы жерде бір бүлінеді. Малдың бағымы, күтімі бар. Ол да терінің сапасына тікелей әсер етеді. Вакцинация мәселесі де бар. Оқыраға қарсы, басқа да терінің ауруларына қарсы екпелер уақтылы әрі қажетті мөлшерде салына бермейді. Көбінесе қағаз жүзінде салынып, іс жүзінде салынбай қалады. Үкімет екпеге деп бөліп берген ақшаны қағаз жүзінде ғана игереді. Кене тесіп, сона талаған, оқыра ұялаған теріде қайбір сапа болсын?! Кабинетте отырып алып, экспортқа шектеу болмау керек деп ұрандайды. Жарайды, есікті айқара ашып берейік, ең сапалы деген теріні қаймағын сыпырғандай сыртқа алып кетеді де, Қазақстанның зауыттарына жыртық, тесік, сұрыбы нашар терілер қалады. Шикізаты сапасыз болған соң зауыттар тоқтайды, банкрот болады. Өңделмеген тері экспортының бажын алып тастаса, кемінде 500 адам жұмыссыз қалады. Ол 500 отбасының кірісі төмендейді деген сөз. Сосын тағы халық неге көшеге шығып кетті деп, түсінбей отырамыз...

– Еуразиялық экономикалық одақ аясында тері экспорты қалай реттеліп жатыр?

– Бір қызығы, тері экспортына кедендік бажды алып тастау керек дегенді айтып жүргендер бұл талаптың Ресей нарығына жүрмейтіні туралы жақ ашпайды. Қазақстандағы зауыттардың бағасын жаратпаған тері сатушылар Ресейге ешбір бажсыз өткізе алады. Теріні экспорттау үшін түрлі вакцинация паспорттары мен ветеринарлық анықтамалар керек. Ресей одақ аясында да өз нарығын сапасыз, күмәнді тауардан осылай қорғап отыр. Сондықтан ба, кім білсін, Ресей нарығына өңделмеген теріні ет комбинаттары ғана өткізіп отыр. Осы сияқты талаптардың бәрін айналып өту үшін Қырғызстан арқылы заңсыз түрде шығаратындар бар. Ресми статистиканың өзінен салыстырып көруге болады. Бізден әлдеқайда кішкене мемлекет жылына 3-4 млн тері экспорттағанын көресіз. Ал Қазақстан, бізге белгілі мәлімет бойынша, 1,5-2 млн ғана тері экспорттайды. Неге? Себебі Қазақстанның терісі Қырғызстан арқылы «айналма жолмен» кетіп жатыр. Қырғызстан ЕАЭО құрамына кейін кірді. Оған дейін біздің терінің бәрі солар арқылы Қытайға емін-еркін кетіп жатты. Қазір одақ аясында жұмыс істеп жатыр дегенімізбен, әбден жолға қойылған көлеңкелі арна толықтай тығындалды деп айтуға келмейді. Қытай шекарасын жауып еді, Түркияға, Өзбекстанға кетіп жатыр. Бұл Ұлттық қауіп­сіздік комитеті, шекара және кеден қызметі, қаржылық мониторинг агенттігі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сияқты құзырлы органдардың бәрі бірге шешетін мәселе деп ойлаймын. Осы бір тесікті бітейтін уақыт келді.

– Өңделмеген тері экспортына кедендік баж тағайындалғанына 10 жылдан асты деп отырсыз. Осы кезеңде сіз айтып отырған зауыттар неге жұмысын тиянақтап, технология­лар енгізіп үлгерген жоқ? Халықтан тері жинау жұмысын 10 жылдың ішінде жолға қоюға болмас па еді?

– Сіз айтып отырған технологияларды әкелу үшін инвестиция керек. Біз ол жұмысты бастап та қойғанбыз. Қазір түркиялық инвесторлармен жұмыс істеп жатырмыз. Алматы қаласының Алатау ауданында ТМД-дағы ең үлкен желатин шығаратын зауыт салмақшы. Егер ол зауыт салынса, нашар терінің бәрін желатинге, сапалы теріні былғары өңдеуге жібере алатын едік. Қазіргі өңдеп жүрген теріміз WET Blue дәрежесіне жатады. Былайша айтсақ, жартылай өңделген деген сөз. Одан кейін Crast деген дәрежесі бар, 70 пайыз өңделген деген сөз. Finish дәрежесінде таза былғары болып шығады. Өндіріс тізбегінің осы сатыларының бәрін дамытсақ, аяқ киім шығарып, жиһаз бұйымдарын өндіруге болады. Белдіктен бастап сөмкелерге дейін шикізат бере алатын едік. Ондай шикізат болмағаннан кейін ешкім инвестиция салмайды. Сол үшін шырылдап жүрміз. 10 жылда не бітірдіңіздер дегенге келсек, кейінгі екі жылда Арқалықтағы, Семей мен Екібастұздағы, Шымкенттегі тері өңдеу зауыттарының жұмысы қайта жанданды. Мысалы, Арқалықтағы зауыт 60 адамды жұмыспен қамтиды. Жұмыс орындары тапшы моноқала үшін бұл маңызды өзгеріс. Оның үстіне тері өңдеу зауытымен жапсарлас тігін өндірісі құрылып жатыр. Қазір Арқалықтағы зауыт Өзбекстан, Украина мен Ресейдің аяқ киім зауыттарына былғары жеткізіп отыр. Қостанай облысы бойынша 5 тері қабылдайтын бекет ашылды. Былтыр ғана 300 млн теңгенің терісін қабылдады.

– Сонда біздің тері өңдеушілер 10 жылда бір инвестор ғана тартқан болып отыр ма? Мәселе мемлекеттің саясатында ма, әлде өздеріңізде ме?

– Әрине, бәрі мемлекеттің сая­сатына байланысты. Маңайдағы елдер тері экспортына тыйым салған болса, біз олармен қалай бәсекеге түсе аламыз? Мысалы, Моңғолия ірі қара терісінің экспортына тыйым салғанына 15 жыл болды. 4 млн ғана халқы бар сол елде 34 былғары зауыты бар. Киіз бен былғарыдан киім тігіп, экспорттап отыр. Ал Өзбекстан өңделмеген тері экспортына тыйым салғанымен қоймай, жартылай фабрикат экспортына жөнелтілетін партия құнының 10%-ы көлемінде кедендік баж та­ғайындап тастаған. Бұл елде тері өңдеу саласын дамытудың кешенді бағдарламасы аясында кәсіпорын­дар жер салығынан босатылған. Ал өң­делген өнімін экспорттайтын болса, мүлік салығынан босатылады. Жеке тұлғалардан қабылдаған теріге қосылған құн салығы салынбайды. 2020 жылы Өзбекстанда осы бағытта біздің ақшамен есептегенде 9 млрд теңгенің 10 инвестициялық жобасы қолға алынып, өндіріс көлемі 800% артты. Қазір тері өңдеу Өзбекстанда экономиканың маңыз­ды стратегиялық саласы болып қалыптасты. Ал Ресейде өңделмеген тері экспортына 2015 жылдан бері тыйым бар. Осы кезеңде бұл елде теріні тереңдетіп өңдеу көлемі 15,7%, өндіріс көлемі 8,5% өсті. Міне, маңайымыздың бәрі ішкі нарығын қорғап, тыйым салып жаста, біз кедендік баждың өзін алып тастау туралы мәселе көтеріп отырмыз.

– Жалпы сіздерге мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған ба?

– Субсидияны қойып тері өңдеу бизнесіне берілетін дұрыс несие де жоқ. Әуелде «Мал өнімдері корпорациясы», одан кейін «Қазагроөнім» сияқты мекемелер арқылы кредит берген. 12%-бен, ешқандай жеңілдігі, каникулы жоқ несие болды. Ал бізге ұзақ мерзімді, жеңіл несиелер керек. Теріні субсидиялауға болар еді. Ол субсидияны тері жинайтындарға беріп қажет емес. Зауыттар арқылы субсидияласа, олар халықтан неғұрлым көп тері қабылдауға мүдделі болады. Бізден басқаның бәріне экспорттаушы ретінде қолдау қарастырылған. Сондай жеңілдіктер керек. Бізде заң аясында, қағаз жүзінде жеңілдіктің түр-түрі бар. Бірақ алу мүмкін емес. Президент айтқандай, «Достарға бәрі, қалғандарына заң бойынша» деген қағидамен реттеледі. Енді бәрімізге теңдей жағдай жасап берсін. Бізде мемлекеттік, квазимемлекеттік тапсырыстар бар. Ондай тапсырыстар былай орындалады. Көзбояушылық үшін 10 пайызын тігеді де, қалғанын Өзбекстаннан сатып әкеле салады. Бұрын Қытайдан әкелінетін, олар жауып еді, енді Өзбекстан пайда болды. Біздің ақшаның бәрі сыртқа осылай кетіп жатыр.

– Қой терісін кәдеге қалай жарат­пақшысыздар? Оған енді шетелден талас жоқ шығар?

– Қазір бәріміз қой терісін күре­сінге тастап жатыр деп зар жылап жүрміз. Өзіміздің әскердің, теміржолшылардың, мұнайшы­лардың қыстық аяқкиіміне сол қой терісін неге жапсырма пұшпақ ретінде астар қылып пайдаланбасқа? Оны да қолға алғанбыз. Бірақ тапсырыс өте аз. Ақша төлеу жүйесі өте қиын. Бұл жерде де жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың құлағы қылтиып тұрады. Өзімізде жасау мүмкіндігі бар дүниенің ешбірі сырттан әкелінбеуі керек қой. Қытайдан әкелу қиындап еді, Өзбекстан біз үшін екінші Қытайға айналып бара жатыр. «Қазақстанда тігілді» деген жапсырмамен ағылып жатыр.

– Бұл проблемаларды Үкіметтің алдына қоюға не кедергі? Әлде Юрий Жулин сияқты сөздеріңізді сөйлейтін депутат болмай жүр ме?

– Осы мәселелерді тізіп Президентке де, Премьер-министрге де, салалық министрліктерге де хат жаздық. Арнайы жұмыс тобы құрылып, оған бүкіл зауыттар­дың өкілдері қосылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігінің өндірісті басқаратын комитеті бар. Біздің сөзімізді сөйлеп отырған солар. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ет одағы бажға қарсы. Тері нарығында бір делдал фирмалар бар. Бажды алып тастау керек, экспортты шектемеу керек деп айғайлап жүргендер солардың сойылын соғып, лоббиін итермелеп жүр. Себебі олар пайдадан қағылып жатыр. Тағы да қайталап айтам, бажды алып тастау оңай. Салдарынан жүздеген адам жұмыссыз қалып, онсыз да халі мүшкіл тері өңдеу индустриясы құрдымға кетеді. Жеңіл өнеркәсіп дамымайды. Басқа емес, Өзбекстанның тәжірибесін енгізіп-ақ саланы дамытуға болады.

– Түркиялық инвесторға ора­лайықшы. Ол жобаның қазіргі күйі қандай?

– Ол жобаға инвестор 35 млн доллар инвестиция салмақшы. Қазір біздің күніміз ондаған желатин зауыты бар ресейліктерге қарап тұр. Пандемиядан кейін желатиннің бағасы қатты көтеріліп кетті. Себебі желатин – тамақ. Өйткені ақуызға бай. Кондитерлік өндіріске, тамақ өндірісіне, косметологияға, ал ең нашар қалдығын құрылыс саласында желімнің, қоспалардың құрамына пайдаланады. Түркиялық инвесторлар Алматыда зауыт салса, Ресейге сабылмас едік. Жолың түсіп барғанның өзінде, айтқан бағаңа ешкім алмайды. Сапасы жарамсыз деп айнып қалады. Сонша шығындалып жеткен соң, еріксіз бағасын түсіріп, жалынышты боласың. Зауыт өзімізде болса, сол машақаттың бәрінен құтыламыз. Жол шығыны, қосылған құн салығы қалтамызда қалар еді. Инвестор зауытқа кемінде 2000 жұмысшы алуды жоспарлап отыр. Олар тері экспортына тыйым салғызу керек деп отыр. Тыйым салмай-ақ қойсын, тым болмаса баж салығын қалдырсын.

Қазір жылына 2-3 млн тері босқа шіріп жатыр деп байбалам салып жүр. Бұл статистика шын болды дегеннің өзінде күніне 700 тонна тері өңдейтін зауытқа ол бұйым да емес. Айына 21 мың тонна тері керек. 21 мың тоннаңыз 1 млн дана тері деген сөз. Бір зауыт қана айына 1 млн тонна тері қабылдайды деген сөз. Оны тауып берудің өзі қиын болайын деп тұр.

– Әңгімемізді түйіндесек, өңдел­меген теріге баж салығын қалдырудан мемлекет не ұтады?

– Әңгіме баж салығында ғана емес. Шикі теріні бас-көзсіз экспорттау – ең оңай жолы. Оның игілігін елден тері жинап сататындар ғана көреді. Ал тері өңдеуге инвестиция тартып, шикізат ретінде емес, желатин, былғары, бұйым етіп сатсақ, оның мультипликативтік әсері болады. Зауыттарда қосымша жұмыс орындары ашылады. Өз малымыздың терісін өзіміз өңдеп, аяқкиім, белбеу, жиһаз қаптамасы ретінде пайдалана бастаймыз. Өңделген өнім дегеніңіз – қосылған құн. Қосылған құн дегеніңіз – лайықты еңбекақы. Совет кезінде Қазақстан терісінің 90 пайызы бірінші, екінші сұрыпқа жатқан екен. Өзбекстан терісінің 70-80 пайызы қазір бірінші, екінші сұрыпқа жатады. Қазір Өзбекстан терілері Қытайда 50 долларға сатылады. Ал Қазақстандағы ең сапалы дегені 30-35 доллардан аспайды. Қалыпты терілер 10-15 доллардан кетіп жатыр. Айырмашылықты көріп отырсыз ба? Біз шикі терінің экспортына мүдделі ат төбеліндей топтың жағдайын жасауымыз керек пе, әлде саланы кешенді дамытып, іргедегі елдермен бәсекелесе алатын деңгейге жетуіміз керек пе? Меніңше, екінші жол дұрыс.

– Әңгімеңізге рахмет! Ісіңіз алға бассын!

Есімжан НАҚТЫБАЙ

1198 рет

көрсетілді

242

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы