• Қаржы
  • 21 Сәуір, 2022

Құбылмалы нарықтағы ахуал көңіл көншітер емес

Өткен жұмыс аптасының аяғында Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) сараптамалық орталығы 2022 жылдың сәуір айына қатысты кезекті талдауын ұсынды. Онда қаржы нарығының қазіргі ахуалы сарапшылардың өздерінің пікірлерін сан-саққа жүгіртіп отыр.

Экономика саласында түрлі жұмыстармен тікелей айналысатын кәсіби мамандардың пікіріне негізделген шолуда қаржы, банк, сақтандыру нарықтарының, бро­кер­лік ұйымдардың өкілдері мен сарапт­амалық, қазыналық бөлім қызмет­керлері арасында жүргізілген сауалнама қорытын­дысы жан-жақты сарапталады.

Ал шолудың өзіне келер болсақ, мұнда төмендегідей индикаторлар бойынша болжам жасалған: Brent маркалы мұнай бағасының қазіргі жағдайы; АҚШ долларының қазақ теңгесіне шаққандағы бағамының құбылуы; инфляция көрсеткіші; жалпы ішкі өнім; Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі.

Айта кету керек, геосаяси жағ­дай қиындап, әлемдік нарық­тар­дағы құбылмалылық үдей түскен тұста АҚШ Федералды резервтік жүйесінің монетарлық саясаты күшейіп, жаһандық инвесторлар дамушы нарықтардағы активтерден бас тартуда. Бұл тұрғыда қазақстандық сарап­шылардың ұлттық валюта бағамына қатысты болжамдары орташа нега­тивті деңгейде сақталып отыр.

ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан сарапшылардың пайымынша, USD/KZT қатынасында 2022 жылдың мамыр айының басында 1 АҚШ доллары 472,9 теңгені құрауы ықтимал (15 сәуірде: 462,9 теңге), ал араға бір жыл салып, 1 АҚШ долларының бағамы 483,0 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Әрине, дәл қазіргідей мың құбылып тұрған жағдайда солай болады деп нық сеніммен айтудың өзі қиын.

Себебі содан үш күн өткеннен кейін доллардың теңгеге шаққандағы бағамы тағы да күрт төмендеді, мұны Қазақстан қор биржасы (KASE) деректері де растап отыр. Мұнда күндізгі сауданың қорытындысы бойынша доллардың орташа саралан­ған бағамы 5,73 теңгеге төмендеп, 443,57 теңге болды. Атап айтқанда, доллардың 19 сәуірдегі ресми бағамы 449,85 теңге.

Сондай-ақ сарапшылар мұнайға деген сұраныстың артуын және АҚШ, ІЕА, ОПЕК+ елдерінің энер­го­ресурстар нарығын қосымша ұсыныстармен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шара­ларын есепке ала отырып, мұнай бағасына қатысты өз болжамдарында баға «ағымдағы мәннен алыстай қоймайды» деп көрсе­теді: барреліне 105,3 доллар шама­сында (қазіргі баға 102,9 доллар төңірегінде) болады, деп болжайды.

Нақты жағдайға тоқтала кетсек, 18 сәуірде мұнай белгіленім­дері өсуін одан әрі жалғастыр­ды. Дүйсенбідегі сауда-саттық қоры­тындысы бойынша Brent мұнайының құны бір баррельге 113,2 долларға дейін (+1,3%) өсті. Осы ретте бұған Ливиядағы аса ірі аш-Шараф кен орнында форс-мажорлық жағдай негізгі себеп болып отыр. Қазіргі уақытта мұнда мұнай өндіру тоқтатылған, ал Ливия мемлекеттік мұнай компаниясы өзінің шартты міндеттерін орындау мүмкін еместігін мойындаған. Премьер-министр Абдел Хамид Дбейбаға қарсы наразылықтарға қатысты ливиялық екі айлақ мұнай жөнелтуді тоқтатқан, сондай-ақ Эль-Филь кен орнында өнімділігі күніне 65 баррель өндірісі де кідірістеп отыр. Мұнай сатушылар шектеу енгізілгеннен бері алғаш рет адам өлімі туралы жарияланған Қытайдағы коронавирус жағдайына да, ресей-украин қақтығысының мұнайға әлемдік сұранысқа әсеріне де өз бағаларын беруде.

Өз еліміздің ішінде инфляция­ның өсе түскенін алға тартқан сарапшылар (наурызда 12%-ға дейін), бір жылдан соң инфляцияға қатысты орташа көрсеткіш 9,4%-ды құрауы мүмкін деп отыр. Айта кету керек, сауалнамаға қатысқан серіктестер бұған дейінгі болжамында келесі жылдың инфляциясын 8,3% деңгейінде деп бағалаған болатын. Дегенмен, инфляцияға қарсы мәлім етілген шаралар нәтижесінде бір жылдан кейін инфляция көрсеткіші 8-10% шама­сындағы деңгейіне қайта оралады деген үміт те жоқ емес.

Базалық мөлшерлемені ақпан айында 13,5%-ға дейін көтерген Ұлттық банк наурызда осы деңгейді сақтап қалды. Бұл орайда сарапшылардың басым бөлігі (65%-ы) ел ішіндегі ақша-кредит жағдайы 25 сәуірде де өзгеріссіз қалады деп күтеді. Өз кезегінде сауалнамаға қатысқандардың 29%-ы «базалық мөлшерлеме 14,0%-ға дейін өседі» деген пікірде, ал қалған 6%-ы – «мөлшерлеме төмендейді» деген болжам айтады.

Әлемдік инфляция жеделдеп өсіп, энергоресурстарды жеткізу барысында көптеген іркілістер туындап жатқан кезеңде пайыздық мөлшер­лемелердің жоғары көрсет­кіші экономика қарқынын барынша баяулатып жіберуі ықтимал. Айта кетейік, Fitch 2022 жылы әлемдік экономикадағы өсу көрсет­кіші 3,5%-ды құрайды деп бағалайды, рейтингтік агенттіктің бұған дейінгі болжамы 4,2% болатын.

2022 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын нақтылау аясында, Қазақстанның ЖІӨ көрсеткішінің өсу болжамы қайта қаралып, бұған дейін мәлімделген 3,9% деңгейден 2,1%-ға дейін төмендетілді. Бұл тұрғыда отандық сарапшылар еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсу көрсеткіші келесі жылы 3,1%-ды құрайды деп есеп­тейді. Олардың бұған дейінгі бол­жамы 3,4% шамасында болатын.

Қорыта келе айтарымыз: нарық­тағы жағдай шын мәнінде айрықша алаңдатады. «Қара алтын» бағасы сәуір айында 100 АҚШ долларының о жақ, бұ жағында қалса (баррельге шаққанда), бұл нарық үшін мейлінше тиімді ұстаным болар еді, бірақ дәл қазір әлемдік энергетикалық нарық Еуроодақтың Ресей мұнайына қатысты шешімін күтіп, бей-жай күйде отыр», деп жазған болатын еуропалық сарапшылар өткен аптада. Бұған қоса өз еліміздегі КҚК (Каспий құбыр консорциумы) кезектен тыс инспекцияның қорытындысы бойынша 3-шығару айлақтық құрылғысының ШАҚ жүзбелі шлангілерінің бірінің күштік қаңқасының ығысуы түріндегі зақымдануы, сондай-ақ 2-шығару айлақтық құрылғысы ішкі жеңі шлангілерінің зақымдануы оқи­ғалары да нарықтағы жағдайға әлі де түпкі қорытындылар жасауға мүмкіндік бермей отырғанының дәлелі.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

2023 рет

көрсетілді

246

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы