• Бизнес & Қоғам
  • 21 Сәуір, 2022

БІЗДІҢ НАНҒА АУЫЗ АШЫП ОТЫРҒАН ЕЛ БАР

Бидай мен ұн экспортына уақытша квота енгізілді

 

Әлемде нан тапшылығы сезіле бастады. Мәселен, мен тұратын Алматыда нан бағасының күрт өскені байқалады. Ұнның жетіспеушілігі туралы әлемде алдымен соғыстан сорлаған Ливан елі дабыл қаға бастады. Бұл тенденцияның тұтас әлемді жаулауы мүмкін, деп дабыл қағады сарапшылар.

Жақында Біріккен ұлттар ұйымының Бас хатшысы дәл осы тақырыпта ресми мәлімдеме жасады. Жаман айтпай, жақсы жоқ, проблеманың бізді де айналып өтпейтіні белгілі. Оның алғашқы нышаны қазірдің өзінде көрінді. Өйткені елде азық-түліктің күрт қымбаттауы байқалады. Ішінде, әлбетте, ас атасы – нан да бар. Еліміздің статистика агенттігі берген мәліметке қарағанда, осы айда Қазақстанда бірінші қажеттіліктегі тауар бағасы 15,4 пайызға қымбаттаған. Ойландыратын мәселе.

Ал елде бірінші қажеттіліктегі азық-түлік жеткілікті ме?

Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі астық пен ұн экспортына шектеу салды. Министрдің «Жекелеген тауар түрлерін Қазақстан Республикасы аймағынан шығарудың кейбір мәселелері туралы» деп аталатын, 2022 жылдың 16-сәуіріндегі №110 бұйрығына сәйкес бидай мен ұн экспортына квота жарияланды. Қазір бұл бұйрық Әділет министрлігіне тіркеуге жіберілді.

Осы бұйрық заңдастырылғаннан кейін 15-маусымға дейін бидай мен ұн экспорты белгілі бір көлемге сәйкес ғана сыртқа шығарылмақ. Атап айтқанда, бидай мен майлы дақылға 1 млн. тонна, бидай және қара бидай ұнына 300 мың тонна квота жарияланбақ.

Оның үстіне Сандық шектеуді бөлу ережесінің 5-бабына сәйкес фиксацияланған көлем ғана заңдас­­ты­рылмақ. Соған сәйкес баға белгіленбек. Жұмсақ сортты бидай түсетін астық қабылдау пункттерінің тізімі мен мекен-жайы, фиксацияланған баға мен сапа көрсеткіштері осы бұйрық заңдастырылғаннан кейін министр­ліктің ғаламтор ресурсында жарияланады (десе де, бұйрық күшіне енгенге дейін шетке өнім шығаруға тыйым салынбайды).

Үкімет белгілеген осы іс-шараның бәрі қарапайым халықты сан түрлі ойларға жетелеп отыр. Шынында елімізде азық-түлік өнімдерінің дифициті бар ма?

Қазақстанның астық қорында совет дәуірінен қалған, ақылды бір іс-шара қалыптасқаны белгілі. Елдің әр облысында төтенше жағдайға арналған стратегиялық мақсаттардағы элеваторлар жұмыс істейді. Оларда стратегиялық бидай қоры сақталады.

Ел анархиялық жағдайда дерлік болған 1990 жылдардың басында сол стратегиялық элеваторлардың өзі шетелдіктерге жалға беріліп, ондағы бидай қорының сатылып кеткенін білеміз. Ол кезде халықты құдай сақтады.

Өйткені апат немесе соғыс жағдайында Қазақстанның бір түйір астық қоры қалмаған кез еді... Қазіргі жағдай басқаша. Үкімет ықтимал жағдайларды ойластырып, азық-түліктің, оның ішінде бидайдың қорын сақтауға әрекеттеніп отыр.

Ал елде қазір қаншалықты стратегиялық қор, оның ішінде қанша бидай мен нан өнімі бар? Бұл –  ел халқын алаңдатып отырған өзекті сауалдың бірі.

Ауылшаруашылығы министрлігі берген ресми дерекке қарағанда, елде тамақ өнеркәсібі тоқтамақ емес, қор жүйелі түрде толықтырылып тұр. Ең соңғы дерекке қарағанда, елімізде 1,5 миллион тонна стратегиялық қор бар. Оның 145,1 мың тоннасы – ұн, 47,6 мың тоннасы – қант, 4,02 тоннасы – күріш, 21,3 мың тоннасы – макарон және 1 миллион тоннасы  – көкөніс. Сондай-ақ тары, ұн, консерв және басқа да тауар өндіруге қажет жеткілікті мөлшерде шикізат бар. Өрістегі мал саны да сенімді қордың бірі болып саналады.

Ұлттық статистика бюросы берген мәліметке сәйкес 2022 жылдың 1-ақпанында астық пен бұршақ өнімінің қордағы мөлшері 10 миллион тонна екен. Бұл да – дәтке қуат.

Қазақстан – астықты держава. Айтты-айтпады, ел экономикасы үшін астық экспортының маңызы зор. Рас, бізде дәл Украина мен Ресейдегідей астық экспортының мол мүмкіндігі жоқ. Бірақ аймақтағы елдерге шығаратын мөлшерде астық өндіре аламыз.

Қазір әлемдегі ең басты астық өндіруші екі мемлекеттің өзара соғысып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл екі ел де бұрынғысынша сыртқа көп бидай сата алмайды.

2020 жылдың деректер бойынша Ресей мен Украина әлемдік бидай экспортының 30 пайызын қамтыған. Ал бұл орайдағы еліміздің үлесі – 2,2 пайыз. Экономикалық мүмкіндікті есептегенде, біздің ел үшін бұл да аз емес.

Қазір республикамызда 8,1 миллион тонна бидай бар. Оның 6,7 миллион тоннасы – азық-түлік, 0,3 миллион тоннасы – жем-шөп қоры. Одан да басқа 1,2 миллион тонна арпа, 157 мың тонна жүгері, 26 мың тонна қара бидай бар. Соған қарағанда еліміз өз өндірісі арқылы ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алуға тиіс.

Осы деректегі, жүгеріге байланысты мәлімет біздің есімізге стратегиялық қор туралы бір оқиғаны салып отыр. 1964 жылы Совет Одағы бидайдан аса мол өнім алды. Алайда Никита Хрущев сол өнімнің бәрін шетелге көтере сатып жіберіп, 250 миллион адам ұнсыз, нансыз қалған.  Сол кезде тұтас Совет Одағының халқы бидай орнына жүгері нанын жеуге мәжбүр болды. Осы жолдардың авторы да сол қиындау кездің жүгері нанын жеп өскен еді. Жүгері нанының дәмі әлі де ауыздан кетпейді десе болғандай... Ал іс жүзінде біздің ауыл еліміздегі сапалы бидайды мол өсіретін аймақтың бірі еді. Соған қарамастан, солақай саясаттың салдарынан келесі ораққа дейін жүгері нанын жеуге мәжбүр болдық. Бұл да – бүгінгі күнге сабақ болар бір оқиға.

Жергілікті атқарушы органдар берген деректерге қарағанда, 2022 жылдың 4-наурызына дейін елдегі қант қоры 47,6 мың тонна, оның 3,7 мың тоннасы тұрақтандыру қорларының, 26,7 мың тоннасы сауда объектілерінің, 11,2 мың тоннасы кәсіпорындардың үлесінде. 5,8 мың тонна қант қоймада тұр. Үкімет сонда да сақтық жасап тұрғындардың қантпен қамтылуын назарда ұстап отыр.

Жасыратыны жоқ, әлемде Қазақстан нанына ауыз ашып отырған ел баршылық. Іргедегі миллиард тұрғыны бар Қытайды айтпағанда, тұтас Орта Азия қазақ астығымен жан бағып отыр. Өзбекстанның өзі өсірген бидайы өзіне жетпей, астықты бізден сатып алады. Қырғызстан мен Тәжікстан да сондай жағдайда.

Еліміздің бидай экспортының тағы да бір аларманы – Ауғанстан. Әрі Ауғанстанға экспортталатын астық мөлшері өте мол. Қазір саяси дағдарысты бастан кешіп жатқан, аш-жалаңаш Ауғанстан халқының қазақ нанынан қаншалықты үміті бары айтпаса да, түсінікті. Ал Қазақстан Үкіметінің астық өнімін сыртқа шығаруға тыйым салғанын көріп,  Ауғанстанның жағдайы не болмақ, деген сауал Біріккен ұлттар ұйымына дейінгі аралықтағы біраз ортаны алаңдатуы заңды. Жақында ғана «Чиновник» Телеграмм арнасы «Қазақстан Ауғанстанға бидай экспортын бұрынғы деңгейге дейін арттырады» деген хабар таратты... Дегенмен дәл осы мәселеге байланысты ресми мәлімет жоқ.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

2174 рет

көрсетілді

242

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы