• Білім & Ғылым
  • 28 Сәуір, 2022

Халықаралық деңгейдегі университеттің бүгіні мен болашағы

Үстіміздегі жылдың 20-23 сәуір аралығында оңтүстік мегаполисте академик, профессор Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «Сағадиев оқулары – 2022. ҚР жаңа экономикалық саясаты: ақиқаты мен болашағы» атты халықаралық ғылыми конференцияның өткендігі туралы газетіміздің алдыңғы санында жариялаған болатынбыз.    Кенжеғали Әбенұлының әлемдік стандарттарды экономикаға енгізуде, еліміздің ғылыми әлеуетін жаңа биіктерге бастап, жас ғалымдарды қолдау және студент жастарды заман талабына сай білім алуына бағыттау процесін қалыптастыруда еңбегі айрықша. Оның бастамасымен жаңадан ғылыми-зерттеу институттары ашылды. Академик негізін қалаған Халықаралық бизнес университетінің қазіргі жәй-күйі туралы оқу орнының ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Анар МАХМЕТОВАМЕН болған сұхбатымызда баяндалады.

 

 

– Анар Мусақызы еліміздің сындарлы кезеңін бастан өткеріп, бүгінгі күннің нәтижелі болуына экономист-ғалым К.Саға­диев­тің қосқан үлесі аса зор. Ширек ғасырдан аса тарихы бар универ­ситеттің әлемдік деңгейге көтеріл­гені кешегі өткен халық­аралық конференцияда айқын­далғандай. Сұх­ба­­тымызды аталған білім ордасы­­ның құрылу тарихы мен атқары­п отырған істерінен бастасақ?

–Тәуелсіздіктің таңындай елі­міздің экономикалық-әлеумет­тік өзгерістеріне өзіндік құндылық­тары мен тарихи кезеңдерді қалып­тастырған Кенжеғали Әбенұлы сол кезде-ақ әлемдік нарық талабын терең ұғынып, елімізде халықаралық аренадан көрінетін экономикалық бағытта 1992 жылы осы оқу орнын ашты. Оның 30 жыл төңірегінде білім сапасына терең мән беріп, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілі­гін және халықаралық ғылыми-білім беру бағытындағы өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған тұлға екендігін ерекше құрметпен айтамыз.

Өзі құрған оқу орны мен халықаралық деңгейдегі мектепте білім алған жастардың біліктілігін одан әрі жетілдіру мақсатында алыс-жақын шет мемлекеттермен іскерлік байланыс орнатты. Әсіресе, жоғары экономикалық бағытта мамандарды халықаралық деңгейде дайындау процесін енгізуі еліміздің экономикасын түбегейлі өзгерт­ті деп айтуға болады. Соның нәтижесінде университ көрнекті және жан-жақты академиялық бағдарламалар ұсынып статусын жоғарлатып отыр. Біздің профессор-оқытушылар мен әкімшілік қызметкер жыл сайын халықаралық конференцияларға, алыс-жақын шет мемлекеттер­дің жоғары оқу орындары мен ұйымдары өткізетін шараларға шақырту алып, атап айтқанда ТМД, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Таяу Шығыс, сондай-ақ Азия елдеріне іс сапармен академиялық мобильділік бағдарламаларға қатысу дәстүрге айналған. Университетте студент­тердің толыққанды білім алуына және әлемдік нано техналогия­ларды пайдалануына жағдай жаса­лынған.

– Осы технологиялық білім беру бағытындағы жұмыстарға тоқтала кетсеңіз?

– Қазіргі таңда университет қабырғасындағы білім алушыларға инновациялық тәсілдердің жүйелі жүргізілуіне және болашақ мамандарды даярлаудағы оқу-тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөлінеді. Жастарға сапалы білім мен болашағына дұрыс бағыт-бағдар беріп, қоғам арасында және мемлекетке өз үлесін қосуды қамтамасыз ету алғышарттардың бірі. Сондықтан да әр мемлекет өз  жастарын сапалы білім алуы­на және оқу-ағарту ісіне атүсті қарамай, айрықша назар аударады. Болашақтың іргетасын қалау жастардың қолында десек, ал олардың саналы ұрпақ болып қалыптасуына бар күш-жігерімізді салуымыз керек деп ойлаймын.

Бұл жөнінде университеттегі профессор-оқытушылар құрамы мен эдвайзерлер де осы бағытта көптеген жұмыстар атқарып отыр. Олар онлайн форматта қоғамдық және ғылыми негіздер жөнінде кураторлық сағаттар өткізіп, студенттермен әрдайым байланыста болады. Оқытушылар тек өзіне жүктелген белгілі бір мамандықтар бойынша дәріс беріп қана қоймай, олардың өмірге бейімділігін, айналасындағы кез-келген жағдайда жаңалық ашуға, жаны құмар жаңашыл әрі білімді де білікті, жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына бар күштерін салады. Қазіргі таңда студенттеріміз университет тарапынан оқытудың жаңа инновациялық жетістіктері мен тәжірибелерін үздіксіз қолдану үстінде. Біздің білім берудегі басты мақсатымыз тек теорияны түсіндіру ғана емес шетелдік жастар сияқты критикалық талдау жасауға да үйре­теміз.

– Елімізде жоғары оқу орнын тәмамдаған студент жастардың өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуы жылдан-жылға қиындық тудыруда. Аталған жайт орын алмас үшін бітірушілерді жұмыспен қамтамасыз ету жағы қалай жүр­гізілген? Компаниялармен келі­сім­шарт жасалына ма?

– Елімізде ең маңызды мә­селе­лердің біріне айналып отырған жайт, жастар арасын­дағы жұмыссыздықтың белең алуы. Өткен қаңтар оқиғасына да негізгі түрткі болған осы мәселе. Сондықтан студент жастар университет қабырғасын тәмамдағаннан кейін оларды жұмыспен қамтамасыз ету мемлекеттің міндетіне жүктелсе, ал оқу орны соған лайықты сапалы білім беріп, білікті маман даярлау басты міндетіміз екендігін естен шығармауымыз қажет. Осы отыз жыл аралығында студенттеріміздің арасында халықаралық «Бола­шақ» бағдарламасының, «Білім–Центральная Азия» қорының, «KazEnergy» бірлестігінің және «Ержан Тәтішев атындағы қор» гранттарының иегерлері атанды. Қос дипломды білім беру аясында университеттің үздік студенттері Чехия мен Латвияның серіктес ЖОО-да білім алуда. Түлек­терімізді лайықты еңбекпен қамтамасыз етуде UIB кәсіби қауым­дастықтармен белсенді түрде ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып, жыл сайын олардың 95-98%-ы жұмыспен қамтамасыз етіледі. Біздің түлектер ірі қазақ­стандық және халықаралық компанияларда, Қаржы, Экономика және бюджеттік жос­парлау министрліктерінде, салық ұйымдарында еңбек етуде. Олар оқу орнын аяқтағаннан кейін ынтымақтастық және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында құрылған «Алтын Отау» қауымдас­ығының мүшесі ретінде білім ордасының әр жылдардағы түлектері­мен қарым-қатынас жасайды. Ал бүгінгі алма­ғайып заманда антикризистік мене­джерлердің рөлі артқаны белгілі. Соңғы жылдары біз ұйымдастырудың заманауи әдіснамасы мен жаңа MBA бағдарламасы бойынша онлайн форматында дәріс жүргізу кезінде студенттермен өз ара байланысу арқылы біршама тәжірибе жинадық деп айтуға болады. Қазіргі таңда GSB UIB әр саланың көшбасшы антикризистік топ менеджерлерін даярлайтын жаңа бағдарлама ұсынып отыр.

– Осы саланың маманы ретінде өзіңіздің ел экономикасының қазіргі даму барысына қатысты пікіріңізді білсек?

– Әлемде орын алып отырған геосаяси дағдарыс елімізді де айналып өтпей кетпеді. Ұлттық экономика министрлігі осы жылғы ішкі жалпы өнімнің өсу болжамын жоспарланған 3,9 пайыздан 2,1 пайызға дейін төмендеткені белгілі. Ал Ұлттық банк инфляцияны белгіленген дәлізге жету мүмкін емес екенін мойындаған болатын. Өткен айындың өзінде қымбатшылық жайлап, азық-түлік инфляциясы бұрын соңды болмаған 15 пайызға дейін ша­рықтап кетті. Біріккен ұлттар ұйымы болса, Ресей мен Украина арасындағы соғыстың зардабы әлемдегі азық-түлік тап­шылығынан 1,7 млрд халық аштық жағдайында қалуы мүмкін екенін жариялаған еді. Қалыптасқан жағдай еліміз үшін де жаңа сын-қатерлердің бірі болмақ.

Осы бағытта келешек ұрпаққа қалдырған ғалым қайраткердің өлшеусіз сүбелі еңбегі бар. Ол қандай еңбек? Академик Сағадиевтің экономиканы реформалау туралы ой-пікірі мен ұсыныстары оның «Реформа-анали­тикалық көзқарас» атты бес томдық монографиялық еңбегінде, одан кейінгі он томдық шығармалар жинағында жүйелі түрде жазылған. Талдап көрсетілген бұл шынайы еңбегін оқыған адам академиктің тәуелсіз Қазақстанды құру, елдің дамуы мен қалыптасуындағы бүкіл толға­нысынан хабардар бола алады.

Экономикалық ғылым – негізінен бірінші кезектегі қол­данбалы ғылым. Сондықтан стратегиялық жобалар отандық экономист-ғалымдардың іргелі еңбектерін басты назарға алып жасалуы тиіс. Мәселен, академик қарапайым халықтың жағдайын көтерудің негізгі тетігі елдегі орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту деген ұсыныс айтқан. Қазіргі кезеңде мұны уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Еліміз нарықтық экономикаға көшкен уақытта академиктің еңбектері айрықша орын алды. Халықаралық валюта қорының «бағаларды еркін ұстаңдар, бағалардың бәрін жіберіңдер» деген кеңестерінің салдарынан 90-жылдары жоғары инфляцияға тап болғанмыз бар. Ғалым ел экономикасын түзген кезде ұлттық экономикамыздың моделі болу үшін ең әуелі кезекте сыртқы қаржылық ұйымдардың кеңесін тыңдамай, қайта ішкі құндылықтардың негізінде өзіміздің экономикамызды қалыптастыруымыз керек деген ойларды айтқан. Менің пайымдауымша, бұл ойлар әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

5052 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы