• Бизнес & Қоғам
  • 28 Сәуір, 2022

Ақпарат майданының алдыңғы шебінде

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Адамзат білім мен ақпарат ғасырына аяқ басқан қазіргі таңда билік пен халық арасындағы «алтын көпір» іспетті баспасөз қызметтерінің мәні мен маңызы арта түсуде.  Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дер кезінде қабылданған батыл шешім, баянды бастама деуге болады. Бұл құнды құжаттың басты мақсаты қоғамға керекті дерек пен ақпарат  айналымын жеделдете отырып, жұртшылықпен арадағы пәрмені мол нәтижелі кері байланысты жүзеге асыру болып табылады. Аталмыш мерейлі міндетті жүзеге асыру жүктелген Президенттің Баспасөз қызметі бейнелеп айтқанда осынау «ақпарат майданының» алдыңғы шебінде келеді. 
Мемлекет басшысы алға тартқан орнықты ой, ілкімді идеялардың және берген тапсырмалардың елге түсінікті болып әрі дер кезінде жетуін қамтамасыз етіп, орындалуын назарға алып отырған құрылымға жуырда жаңа басшы келді – әлеуметтік коммуникация саласында мол тәжірибе жинақтаған Руслан Желдібай бүгінде «Хабар» телеарнасының тізгінін ұстаған Берік Уәлидің орнын басты. Билік өкілдерінің халықпен қарым-қатынасын айтарлықтай ілгерілетуге үлкен үлес қосқан Ақорданың Баспасөз қызметі алдынан соны соқпақ, жаңа өріс ашылуда. Әлеуметтік желі арқылы әлемнің түрлі түпкірінде  болып жатқан оқиғалар мен  түйткілдерге дер кезінде үн қатып, бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен өңірлердің тыныс-тіршілігін танып-біліп әрі көзіқарақты қауымды ел өміріне тікелей қатысы бар маңызы мол жаңалықтармен хабардар етіп отырған бұл қызметтің жұмыс тәжірибесін көптен бері ой елегінен өткізіп келе жатқан зерттеуші, сондай-ақ болашақ пиаршыларға дәріс оқып жүрген ұстаз әрі қоғаммен байланыс саласында көп жыл еңбек еткен практик болған соң кейбір тұжырым-пікірлерімді ортаға салғым келіп отыр. «Адамға бағдарланған» демократиялық модельді қалыптастыру жөніндегі Мемлекет басшысының ұсынысына орай кәсіби  маман ретінде бұл үрдісті қолдап қою жеткіліксіз, оны дамыту, жаңа мән-мазмұнмен байыту қажет деп санаймын. Бұл модельдің мән-маңызын ашып көрсету мақсатында өз тарапымнан республикалық басылымдарда, әлеуметтік желіде бірқатар талдама материалдар  жариялаудың, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тоқ­сан сайынғы «Қазақстандағы PR және БАҚ» ғылыми жинағында сараптамалық мақалалар шығарудың реті келді. Модель тақырыбы оқу үдерісіне енгізіліп,  реферат, курс жұмыстарына өзек болды. Мұнымен қатар осы жолдар авторының «Қазақ университеті» баспасынан жуырда жарық көрген «Қазіргі заманғы баспасөз қызметі» оқулы­ғында аталған модельге бөлек тарау берілді. Бұрындары айтылып та, жазылып та жүргеніндей, бұл орайда алдымен ойға оралатын мәселе – ғылым мен тәжірибенің тоғысуы. Еліміздегі қоғаммен байланыс тарихын електен өткізе келе саланың қазіргі кезеңдегі басты міндеттерінің бірі осы байламға ойысатынын байқап отырмын. Айтпағым – орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың  жаңа жағдайдағы жұмыс практикасы жан-жақты зерттелуі тиіс, осы ретте билік құрылымдары ғалым­дармен қоян-қолтық жұмыс істеулері керек. Ақорданың Баспасөз қызметінің жанашыр көзқара­сы, ортақ ой, ынта мен ықылас арқасында  жоғары оқу орындарындағы зерттеушілік, ғылыми-әдістемелік  және насихаттық жұмысты күн сайын өзгеріп отырған бүгінгі болмыспен байланыстыруға болатынына сенімдімін.   
Қазіргі кезек күттірмес міндет – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ақпараттық қызмет күн тәртібіне енгізу мәселесі. Осы  орайда жалпы алғанда орталық және жергілікті билік аппараттарының, соның ішінде қоғаммен байланыс және ішкі саясат қызметтерінің де жаңаша жұмыс тәсілдеріне көшуі назар аударуды қажет етеді. Әлемде соңғы кездері орын алып жатқан оқиғаларға орай ақпараттық менеджмент пен маркетинг тәжірибесі түбірімен өзгерді. Мемлекеттік басқарудың қазіргі моделі халықтың үмітін толық қанағаттандырмай отырғаны атап өтілген тұжырымдамада азаматтар мен мемлекет арасындағы тиісті өзара іс-қимылдың жоқтығы, мемлекеттік аппарат функцияларының халық пен бизнестің қажеттіліктеріне бағытталмауы, мемлекеттік қызметтердің әкімшілік сипатта болуы, мемлекеттік қызметтің бәсекеге қабілетсіздігі, жер­гілікті басқарудың дамымауы қолбайлау болып отырғаны айтылған. Расында да, қазіргі таңда көптеген мемлекеттік органдардың коммуникациясы тек бір ғана бағытта жұмыс істейтіні, ақпарат ағынына төрешілдік-бюрократтық кедергілер қойылатыны жасырын емес. Осыдан келіп бұл мекемелердің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындауға дайын еместігі де байқалады. Сондықтан да ең алдымен осы мәселенің мәнісіне үңіліп, шешімін табу қажет. Тілге тиек етіліп отырған құжатта  «біліктілікті арттырудың сапалы жүйесі» керектігі атап көрсетілген. Бұған сәйкес республикалық мекемелердің, облыстық және аудандық әкімдіктердің баспасөз қызметтерінің жоғарыда сөз болған бағыттар бойынша атқарып жатқан жұмыстары мен келешек жоба-жоспарларын ой елегінен өткізу қажеттігі дау туғызбайды. Қоғаммен байланыс қызметкерлерін даярлауда бірқатар тәжірибе жинақтаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультеті аталған құжатты оқыту-түсіндіру әдістемесін, біліктілік көтеру бағдарламасын жасауға, кадрларды жаңа жағдайға бейімдеуге өз үлестерін қоса алар еді. Осы орайда аудиторияда өтетін дәрістер мен семинарлардың  тиімділігі тәжірибе­де дәлелденгенін, дегенмен де мәселе мәнісімен қай­наған қызу тірлік барысында танысудың, қоғаммен байланысқа жауапты қызметкерлермен қоян-қолтық араласып, салиқалы сұхбат құрудың орны бөлектігін атап өткім келеді. Сөйтіп, тәжірибе мен теория арасында байланыс орнап, мемлекеттік PR практикасын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан  таразылауға мүмкіндік туар еді.

1523 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы