• Өндіріс өрісі
  • 28 Сәуір, 2022

Еңбекші жағдайына ерекше назар

Екібастұздың өнеркәсіптік кәсіпорындары әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетуде. Оларды арнайы аралап, Бозшакөл кен байыту комбинаты мен Екібастұз №1 МАЭС жұмыс­шыларымен кездескен өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов компания­лардағы үрдістерді оң бағалады.

Өндіру көлемі мен ауқымы бойынша посткеңестік кеңістіктегі ең ірі тау-кен жобасы саналатын Бозшакөл кенішінің минералдық ресурстары мыстың орташа құрамы 0,36% болған кезде 1,17 млрд тонна кен мөлшерін­де бағаланады. Әлемдік дәрежедегі кен орнында алтын және молибден түріндегі құнды ілеспе өнім бар. Кенді өңдеудің жылдық қуаты – 30 млн тонна. Бұл ретте кеніштің пайдалану мерзімі шамамен 40 жылға тең. Бозшакөл кен-байыту комбинатында еңбек өнімділігі мыс өндіретін басқа қазақстандық кәсіпорындарға қарағанда 15 есе жоғары. Бұл көрсеткішке заманауи жабдықтарды қолдану мен тау-кен техникасының қуатты паркін құру есебінен қол жеткізілген. Оған қоса, 1200 шаршы метрді алып жатқан аумақта кеншілерге арналған вахталық қалашық салынып, онда демалыс пен тұрмыс үшін барлық жағдайлар жасалуы – кәсіпорынның басты жетістігі болса керек. Комбинат жанында аутсорсинг шеңберінде құрылған заманауи емхана жұмыс істейді. Нәтижесінде жұмысшылар арасында екпе алу деңгейі 100-ға пайызға жуықтаған.

– Бозшакөл комбинаты өз қызмет­керлеріне арнап жайлы жағдайлар жасағаны көңіл қуантады. Мұндай табанды істер облыстың басқа кәсіп­­орындарына үлгі болуы тиіс. Жұмыс­шылар үшін қажет болған жағдайда сапалы медициналық көмек көрсетілетінін білу өте маңызды, – деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.

«Бозшакөл Арена» спорт ке­шенінде қызметкерлердің белсенді демалысына арналған баскетбол, волейбол және футбол алаңдары, тренажер және бокс залдары бар. Бос уақытында олар үш нысаннан тұратын кинотеатрға да бара алады. Облыс әкімі зауыттың айналасындағы саябақтың аумағын кеңейтіп, оны өзіндік жасыл белдеуге айналдыруды ұсынды.

Облыс әкімімен кездесуде комбинат жұмыскерлері Павлодар – Нұр-Сұлтан тас жолы бойындағы жол айырығын жөндеу, азық-түлік бағасы және мектептердің жанына бейнекамералар орнату туралы сауалдар қойды. Әкім жол айырығының қанағаттанғысыз жай-күйі көпшілікті толғандырып отырғанын айтты. ҚазАвтоЖол өкілдері бұл жол учас­кесі биылғы жаздың соңына дейін жөнделеді деп сендірді. Сол сияқты, өңір басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру және облыс тұрғындарын барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ету үшін мемлекет барынша күш-жігер жұмсап отырғанын атап өтті. Облыс­та үш жүзге жуық әлеуметтік дүкен бар, онда негізгі өнімдерді нарық бағасынан төмен бағаға сатып алуға болады. Өзектісі – делдалдар тізбегін алып тастау және тұрақтандыру қорынан тауарларды тікелей жеткізуді ұйымдастыру. Сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын ашып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесу жолында агроөнеркәсіпті терең өңдеуге бағыттау мақсат етіледі.

Екібастұз қаласының №1 МАЭС-де кәсіпорынның бас директоры Еділ Көпенов электр станциясындағы істің жай-күйі туралы баяндады. Онда жаңа электр сүзгілерін орнату арқылы №1 энергия блогын қалпына келтіру жобасы іске асырылуда. Бұл станцияның қуатын 4000 Мвт-қа дейін арттырумен бірге, құрылыс жұмыстары кезінде 500-ге жуық жұмыс орнын және пайдалану кезеңінде 54 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Кәсіпорын өз қызметкерлерінің әл-ауқатын көтеру бағытында барлық іс-шараларды қабылдауда. Қазіргі кезде жұмысшылардың орташа жалақысы айына 327 мың теңгеге тең.

Энергетиктер облыс басшысынан ТКШ, абаттандыру, үй жануарларын ұстау, қоғамдық көлік, бұқаралық спортты дамыту, білім беру және басқа да мәселелер жөнінде сұрады. Бұл ретте Екібастұз қаласының әкімі әрбір шағын ауданда қала тұрғындарын тарту орталықтарын құру жайын қарастырады. Сонымен бірге демалыс бақтарының, балалар алаңдарының барлық екібастұздықтар үшін қол­жетімділігі қамтамасыз етілуі тиіс.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

417 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы