• Бизнес & Қоғам
  • 28 Сәуір, 2022

Шағын және орта бизнес дамуының қозғаушы күші

Қаржы технологиялары – бүгінде шағын және орта бизнес дамуының қозғаушы күші. Өткен жылдың қорытындысы бойынша сауда кәсіпорындары арқылы төлеу үшін қабылданған төлем карталарының саны 2,5 еседен асып түскен.

Елімізде  шағын және орта бизнесті дамыту өткір қажеттілік күйінде қалып отыр. Нақ осы салаға тікелей немесе жанама түрде жағымды әсерін тигізуі тиіс көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданған болатын. Алайда шешімін күткен мәселелер әлі де жеткілікті: әлемнің дамыған елдерінде шағын және орта бизнестің  ІЖӨ-дегі үлесі 50%-дан асады, ал біздің елімізде бұл көрсеткіш тіпті 35%-ға да жетпейді.

Соңғы уақытта шағын және орта бизнестің  дамуына бірқатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан цифрландыру және қаржы технологиялары кәдуілгідей серпін берді. Мәселен, қолма-қол ақшасыз төлемдер дамуы мен бизнестің онлайн режимге көшуіне байланысты шағын компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің саны айтарлықтай өскен. Егер 2009-2013 жылдары шағын компаниялардың саны іс жүзінде өзгермесе, 2015 жылдан бастап бұл секторда серпінді өсім байқалады. 2022 жылдың ақпанына көрсеткіш 167,1 мың кәсіпорынға жеткен немесе бес жыл бұрынғымен салыстырғанда  26,6%-ға артқан. Тіркелген жеке кәсіпкерлердің саны айналасы бір ғана жылда – 2021 жылдың ақпанынан 2022 жылдың ақпанына дейін  70,7 мыңға артқан немесе 5,8%-ға, яғни 1,3 миллион адамға жеткен (1-инфографика).

Технологиялар мен төлем инфрақұрылымының дамуы шағын және орта бизнес жұмысын іс жүзінде барлық бағыттарда оңайлатуға мүмкіндік берді. Мәселен, бұрындары өз бизнесін ашу үшін кәсіпкерлерге тиісті органдарға баруға тура келетін, ал бұл бюрократтықтан туындайтын түрлі қолайсыздықтарға ұрындыратын. Қазір жеке кәсіпкерлікті мобильді банкинг арқылы ашуға болады, ал бизнесті тікелей интернет арқылы аша аласыз, бұл басқаларын айтпағанда, жұмыс жайын жалдаудан да құтқарады. Сондай-ақ төлем­дер жасау да жеңілдеді. Қолма-қол емес есептемелерді дамыту жеке кәсіпкерлер мен шағын компаниялар саны өсуінің драйверіне айналды.

Пандемияның да өзіндік рөл атқар­ғанын айта кету қажет. 2020 жылға дейін төлемді карталар арқылы қабылдаған сауда кәсіпрындарының саны 100 мыңнан да аспайтын, ал жылдық өсім 5-тен 19% аралығында өрбіді. Алайда, 2021 жылдың аяғына қарай 2,5 еседен асып, 165,8  мыңға артқан, сөйтіп, 273,9 мың компанияға дейін жеткен. Бұл, әрине, ауқымды өсім. Айта кету керек, бұл жағдай еліміздің дамуындағы ең осал тұс – көлеңкелі экономиканы қысқартуға жақсы мүмкіндік жасады (2-инфографика).

Сондай-ақ жоғары көрсет­кіштерді мемлекет тарапынан да, технология­лық алпауыт компания­лар тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсету қамтамасыз етті. Мысалы, биыл ақпаннан кәсіпкерлер электрондық коммерцияны тегін оқып, меңгере алады. Сауда және интеграция министрлігі BTS Education технологиялық әріптесінің қолдауымен Электрондық коммерция мектебін ашып, іске қосты.  Ол кәсіпкерлерге онлайн тегін білім беру курстары, вебинарлар, әріптестік ұсыныстар арқылы бизнесін дамытуға, сондай-ақ жаңа нарыққа шығуды жоспарлаған ШОБ секторын­дағы компаниялардың жұмысы жеделдеуіне көмектеседі. Мектеп тыңдаушылары цифрлық кеңістікте ақша табуға үйренеді және көкейкесті digital-трендтер туралы танысып білетін болады.

Технологиялық дамудың тағы бір маңызды факторы – тауарлар мен қызмет көрсету үшін инфрақұрылымды төлем карталарын пайдаланумен кеңейту және жанасусыз төлемдер таны­малдылығының өсуі. POS-терминалдар саны 2,4 есе өсіп, 509,2  мың құрылғыны құраған. Соның ішінде 97%-ы – жанасусыз төлем қызметі. Бұл ШОБ-ке де қолайлы. Мәселен, Mastercard-тің Tap of Phone технологиясы арқасында кәсіпорындар қолма-қол ақшасыз төлемдер қабылдау үшін смартфондарды жанасусыз POS-терминалдар ретінде қолдана алады. Бұл технологияны енгізу шағын және орта бизнес сегментінде қымбат POS-терминалдар сатып алудан үнемдеуге мүмкіндік береді және қызмет көрсету бойынша шығындарды төмендетеді. Бұл орта бизнес өкілдері үшін үнемдеудің айтарлықтай ұтымды көзі.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

1632 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы