• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 28 Сәуір, 2022

Импортты алмастыру: Өз үлесіміздің орны бөлек

Қазақстанда импорттың басым бөлігі – қосылған құны жоғары өнімдер болса, экспорттың дені – негізінен өңделмеген өнімдер. Бәсекеге қабілетті экономика құруға ұмтылып отырған ел осы бір үрдісті түбірімен өзгертуі керек. Импортты алмастыру мәселелері таразыланған кезекті Үкімет отырысында Әлихан Смайылов осылай деп атап көрсетті.

 

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ведомство импортты алмастыру шараларына баса назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту мүмкіндіктеріне талдау жүргізгенін (өткен жылы импорт – $38,3 млрд), импортқа тәуелділік деңгейін төмендету бойынша тиімді жұмыс жүргізген басқа елдердің тәжірибесі зерделенгенін айтты. Өңірлердің әкімдіктері­мен жұмыс жүргізгеннен кейін импортты алмастыруға, дайын өнімді экспорттауға бағытталған инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Тізімге 700-ге жуық жоба кірсе, оның 286-сы – им­портты алмастыратын негізгі жобалар. Салалар бөлінісінде өңдеу өнеркәсібіне 108 мың жұмыс орнын құрумен, инвестициялар көлемі 20,5 трлн теңге болатын 633 жоба тиесілі. Биыл 165 жоба іске қосылады, қалған 498 жоба 2023 жылдан бастап 2026 жылға дейін жүзеге асырылады. Биылғы жылдың негізгі жобалары: Атырау облысында пропилен өндіру зауытының құрылысы, Қарағанды облысында автомобиль шиналарын өндіру зауыты, Ақмола облысында алтын өндіру фабрикасы және Түркістан облысында мұнай өңдеу зауыты. Жобаларды іске асырудың нәтижесінде барлығы $9,1 млрд көлеміндегі өнім алмас­тырылады, шикізаттық емес тауар экспортының өсуі $17,2 млрд құрайды. Ферроқорытпалар­дың әлемдік экспортында 2-орынға шығу, болат импортын 75%-ға қысқарту, мақта өңдеуді 100%-ға дейін арттыру, сондай-ақ еден жабындары мен геосинтетика импортын 25%-ға алмастыру жоспарланып отыр. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін бизнесті қолдаудың жүйелі шараларын жүзеге асыру және дайын өнімді өткізуді ынталандыру көзделген.

Өз баяндамасы барысында АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев 2021 жылдың қорытындысы бойынша отандық өндіріс есебінен азық-түлік тауарларының 29 негізгі түрі бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 80%-дан астамды құрайтынын хабарлады. Жоспарда – 2025 жылдың соңына дейін 24 ет комбинатын іске қосу, 8,2 мың га алаңда бақ салу бойынша 22 жобаны жүзеге асыру, 20 сүт өңдеу зауытын іске қосу, 23 құс фабрикасын салу және кеңейту, жаңа қант зауытын салу.

Баяндамашыларды тыңда­ған премьер-министр қазіргі геосаяси жағдайды ескеретін болсақ, Қазақстан экономикасы үшін импорттық өнімдерді алмастырудың маңызы өте зор екенін атап өтті. Мәселен, бүгінде мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар мен жер қойнауын пайдаланып отырған компаниялардың біздің елімізде шығатын тауарлар мен жұмыстарды, қызметтерді сатып алу үлесі 52%-ды құраса, соның ішінде қазақстандық қамтудың нақты үлесі 40%-дан аспайды. Өткен жылы импорт шамамен 8%-ға өскен. Осыған орай, президент тапсырмасы бойынша Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалып жатыр. Онда қазақстандық қамту үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Ең бастысы, бұл жаңа өндірістердің дамуына серпін беріп, 116 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ үкімет басшысы ірі инвестиция­лық жобаларды іске асыратын компаниялардың айналасында шағын және орта кәсіпорындардың белдеуі құрылып, олар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативтік әсер беретінін атап өтті. Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, импорт алмастыру жобаларын іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды уақытында жүргізіп беруді қамтамасыз ету тапсырылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, «Бәйтерек» холдин­гімен бірлесіп, жобаларды қаржы­ландыру мәселесін пысықтау тапсырылды. Бұған қоса, Сауда және интеграция министрлігіне СТ-KZ сертификаттарын алу тетігін қайта қарау, Білім және ғылым министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Ауыл шаруашы­лығы, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика, Қаржы министрлік­терімен бірге өндірістерді уақы­тында іске қосуды қамтамасыз ету үшін білікті кадрларды дайындау мәселесін пысықтау тапсырыл­ды. Сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, айтылған тәсілдерді ескере отырып, 16 мамырға дейін Импортты алмастыру жөніндегі бағдарламаның жобасын пысықтап, Үкіметке енгізу тапсырылды.

Отырыста өрт қаупі кезеңіне дайындық жайы да қаралды.  Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің хабарлауынша, Қазақстанда жыл сайын 800-ге жуық орман және дала өрті тір­келеді. Өткен жылы еліміздің орман қорында 751 өрт тіркелді, отқа оранып, жойылған орман алқабы 167 мың гектарды құрады. Экологияға келтірілген зиянды есепке алмағанда, тікелей мате­риалдық залал 6 млрд теңгеден асты. Орман өрттерінің ең көп саны Шығыс Қазақстан (194 жағдай – 26%), Ақтөбе (123 – 16,4%), Павлодар (114 – 15,2%), Қостанай (100 – 13,4%) облыстарында орын алды. Табиғи өрттердің себептеріне жүргізілген талдау нәтижесі көрсеткендей, өрттің тек 43%-ы табиғи құбылыстардан, найзағайдың түсуінен туындағаны, ал 50%-дан астамы адам әрекетінің салдары болғаны анықталды. Биыл да жоғары өрт қаупі сақталып отыр. Жыл басынан бері 42 көктемгі орман өрті тіркелді. Өрттің жалпы аумағы 668 гектарды құрады. «Қазгидрометтің» болжамды деректеріне сәйкес, алдағы өрт қаупі басым кезеңде орташа температура +30ºС құрайды, ал рес­публиканың оңтүстік, шығыс және батыс бөлігінде құрғақшы­лық пен температураның +40oС дейін жоғарылауымен жауын-шашын тапшылығы болжанып отыр. Барлық өңірде алдын алу іс-шаралары қолға алынды. Өртке қарсы қызмет қызметкерлері шаруа қожалықтарын аралауды қайта бастады, қызметкерлер мен басшыларға нұсқау беріп, алғашқы өрт сөндіру құралдарының бар-жоғын тексереді, ұсынымдары бар арнайы жадынамалар таратады. Мамыр айының соңына дейін ТЖМ өрт инспекциясы ұлттық парктер мен табиғи қорықтарды тексеруді аяқтайды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша орман мекемелерінің өрт қаупі басым кезеңге дайындығы қанағаттанарлық екендігі анық­талды. Сонымен қатар олардың төмен материалдық-техни­калық жабдықталуы байқалады – норма­дан 68%.

Сондай-ақ осы мәселе бойынша бірқатар облыстардың әкімдері баяндама жасады. Талқылау қоры­тындысы бойынша премьер-пинистр жыл сайын табиғи өрт­тердің кесірінен адамдар қаза тауып, мүлік пен табиғатқа орасан зор шығын келетінін баса айтты. Бұл мәселе Төтенше жағдайлар министр­лігі мен жауапты мемле­кеттік органдардың және әкімдік­тердің жіті назарында болуы тиіс. Әлихан Смайылов өңірлердің әкімдіктеріне өрт бекеттері мен ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмысын жалғас­тыруды, Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге балаларды сауықтыру лагерьлері, санаторий­лер мен демалыс аймақтарын­да өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне және өңірлердің әкімдіктеріне орман және табиғатты қорғау мекеме­лерін өртке қарсы техникалық жарақ­тандыру деңгейін арттыру шараларын қабылдау, күштер мен құралдардың табиғи өртте шұғыл әрекет етуге дайындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ ірі өрттерді сөндіруге авиацияны тартуды қарастыру тапсырылды. «Білім және ғылым министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, елдегі барлық оқу орындарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеру қажет. Сигнализацияның, гидранттар мен өрт сөндіргіш­тердің, өрт кезіндегі апаттық шығу жолдарының жұмысқа жарам­дылығы тексерілсін», – деді үкімет басшысы.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

405 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы