• Бизнес & Қоғам
  • 28 Сәуір, 2022

ТАБАҚТЫ ҮЙДІҢ ТАУЫҒЫ ҚОС ЖҰМЫРТҚА ТАБАДЫ

Былтырғы қаңтар айымен салыстырғанда 
биыл жұмыртқаның бағасы 3,1 пайызға түскен

 

«Тауық бұрын пайда болды ма, жұмыртқа бұрын пайда болды ма?» деген қалжың аралас сөзжұмбақты естіп өстік. Бірақ өз заманында совет ақшасымен 6 тиын тұратын жұмыртқаның басты азық түрінің біріне айналатынын ойламаппыз... 

Ал қазіргі ақиқат басқаша. Қыт-қыттаған тауық – асырау­шыға, оның жұмыртқасы – астың төресіне айналған жайы бар. Себебі, бұрынғыдай емес, ет бағасы ғарыш төрінің бер жағында, ал жұмыртқа біршама арзан. Тіршілік минимумы 36 018 теңге деп белгіленген мына заманда үкімет белгілеген азық-түлік себетінде жұмыртқа шіркіннің ең көрнекті орынға жайғасқанын көріп отырмыз. Демек, жұмыртқа шіркінді жегің келсе де, жейсің, жегің келмесе де, жейсің деген сөз...

Нарық заманының ең құдіретті тетігі – баға. Қазір 10 тал жұмыртқаның базардағы бағасы 600-800 теңге ара­лығында. Сарапшылардың айтуынша, құс шаруашылығы саласы рента­бель­ділік пен демпингтік импорт дағ­да­рысын бастан кешіп, көлемінің өсуі бағаның тұрақталуына әсер ете алмай тұр.

Статистика бюросының берген мәліметтері бойынша 2020-2021 жылдары еліміздегі жұмыртқа өндірісі 14 пайызға төмендепті. Құс фабрикалары саудаға жылына 3,7-3,5 млрд. дана жұмыртқа шығарады. Дегенмен биылғы бірінші тоқсанда елдегі жұмыртқа өндірісінде біршама өсім бар. Бастапқы екі айда саудаға 231 мил­лион дана жұмыртқа шығыпты.

Статистер берген деректерге қара­ғанда, отандық құс фабрикалары ішкі сұранымды жұмыртқамен 95 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Ал қалған 5 пайызы Ресей мен Беларусьтан тасымалданады. Бір қызығы, отандық нарықты толық қамтамасыз ете алмай отырса да, біздегі құс фабрикалары өндірген жұмыртқасының 4 пайызын экспортқа шығарады екен. Шеттен алмаған ештемеміз қалмаған сияқты. Тіпті жұмыртқа екеш жұмыртқаны да импорттайтын жағдайымыз бар. Мәселе ішкі мұқтаждықта емес. Отандық өндірушілеріміздің ішкі сұранымды толық қамтамасыз ете алатын мүмкіндігі жеткілікті.

Жұмыртқа аз тұтылатын жаз кезінде Қазақстанда да, Ресейде де біраз өнім артылып қалады. Бірақ баға түспейді. Ал шетелдік жұмыртқа өндірушілер дәл сол кезде өз өнімдерін біздің нарыққа біршама төмен бағамен шығарады. Әлбетте, мұндай жағдайда біздегі көтерме сауданың пысықтары отандық емес, шетелдік арзан жұмырт­қаны сатып алады.

Деректерге сүйенсек, 2019 жылы отандық компаниялар шетелге 425 миллион дана жұмыртқа шығарыпты. Бұл – жалпы отандық жұмыртқа өндірісінің 10 пайызы. Ал 2020-2021 жылдары экспорт көлемі екі есеге дейін қысқарған. Оның екі себебі бар екен. Біріншіден, Қазақстанның кейбір аймақтарында құс тұмауы шығып, біраз тауық қырылған. Соған қарап Ресей тарабы біздің жұмыртқаны сатып алудан бас тартты.

Осы оқиғалардың еліміздің жұмыртқа бизнесіне елеулі соққы болып тиген жайы бар. Өйткені ішкі нарықта өнім көбейіп, баға арзандады. Былтырдың бірінші тоқсанында біздің фабрикалар 10 пайыз рентабельділікпен жұмыс істеген. Ізінше жазда жұмыртқаның өзіндік құны 30-40 пайызға төмендеп, өндірушілер біраз шығынға батты. Міне, отандық жұмыртқа өндіру ісінің қазіргі жағдайы осындай.

Жарты жыл күшінде болған, елімізден тауық жұмыртқасын экс­порт­қа шығаруға салынған шектеу биыл 4-сәуірден бастап алып тасталды. Қазір қазақстандық өндірушілер жұмыртқаны шетке де сата алады. Алайда оның ақыры не болары әзірге түсініксіз. Оның үстіне қазіргі геосаяси дағдарыс қазақстандық құс фабрикаларына да кері әсерін тигізіп жатыр. Атап айтқанда, Украинадағы соғысқа байланысты Ресей сыртқа астық өнімдерін шығаруға тыйым салды. Соның әсерінен Қазақстандағы тауық жемінің бағасы күрт көтерілді.

Өткен жылы бидайдың бір тон­насы 90 мың теңге, ал бір дана жұ­мырт­қа 33 теңге болса, қазір біздің құс фабрикаларымыз бір тонна бидайды 150 мың теңгеге сатып алады. Ал жұмыртқаның көтерме саудаға шығарылар бағасы – 28-29 теңге.  Бұл да – баға мен өндіру арасындағы тепе-теңдікке кері әсер ететін фактор.

Былтыр жаз айларында қазақстан­дық құс фабрикалары жұмыртқаны өзіндік құнынан 8 пайыз төмен бағаға сатуға мәжбүр болды. Себебі, жазда жұмыртқаға сұраныс азаяды.

Жұмыртқа өндірісі мен бағасына байланысты мына бір деректі де келтіре кеткен жөн. 2020 жылы елдегі жұмыртқа бағасы 20 пайыз қымбаттаған. Бұл тенденция 2021 жылдың басына дейін жалғасты. Ал биылғы наурыз айындағы деректер бойынша 1-категориялы жұмыртқа­ның бағасы 4,6 пайызға түскен.

Бағаның бұлай құбылуына өндіріс көлемі тікелей әсер етеді. Биылғы қаңтар айында елімізде 369,7 миллион жұмыртқа өндірілген. Ол былтырдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 18,4 пайызға көп. Негізінен жұмыртқа Алматы, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында өндіріледі.

Тағы бір ғажайып деректі келтіре кету керек. Статистер Қазақстандағы әр тауықтың бір айда қанша жұмырт­қа табатынына дейін есептеп шыға­рыпты! Олардың есебінше, биыл қаңтар айында қазақтың әр тауығы 17-18 жұмыртқа тапқан көрінеді... Қымбатшылық не істетпейді, шіркін. Осылайша елдің нәпақасын тауықтың құйрығынан да іздеген жәйіміз бар. Әйткенмен бұны да ретіне қарай айтыла салған сөз деп ұғыңыз. Себебі, қазір жұмыртқа – ең басты тағам түрінің бірі. Оның үстіне қып-қызыл ақша.

Қазақстанның Жұмыртқа өндіру­шілер ассоциациясының прези­денті Максим Бошко таяуда тамақ өнімдерінің бағасын мемлекеттік реттеуді тоқтату туралы ұсыныс жасады. Оның айтуынша, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған халықтың жағдайын бұлайша ескеру дұрыс емес.

Елдегі ірі жұмыртқа өндірушілер экспорттың тоқтатылғанына реніш білдіреді. Соның кесірінен отандық бизнесмендердің 1,5 миллиард теңге жоғалтатынын айтады.

Жұмыртқаның негізгі өндірісі­нің 320,7 миллион данасы немесе 86,7 пайызы ауыл шаруашылығы кәсіп­орындарының үлесінде. Ал 12,9 пайызын жеке тұрғындардың шаруашылығы өндіретін көрінеді.

2021 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда биыл жұмыртқаның бағасы 3,1 пайызға арзандаған. Алайда статистика бюросы келтірген бұл деректердің базардағы нарыққа қаншалықты қатысты екенін дөп басып айту қиын. Әркімнің өз өнімін құндайтыны белгілі. Соңғы кезде Қазақстанда жұмыртқа тапшылығы байқалады, деген әңгіменің де шеті көрініп қалды...

Қазір жұмыртқалар құс фабрикасынан 260-270 теңге бағасымен шығарылады. Алайда оның базардағы нарқы одан әлдеқайда жоғары. Айырманы өзіңіз саралай беріңіз.

Кез келген саланың «жаншығар» тұстағы бір үміті – мемлекеттік субсидияда. Қазір жұмыртқа өндірушілердің содан айрылып қаламыз ба деген қаупі бар. 2020 жылы мемлекеттік субсидия екі есе төмендетілді. Бұрын құс фабрикалары бір жұмыртқа үшін 3 теңге алса, қазір субсидия мөлшері 1,5 теңге. Бұл да отандық жұмыртқа өндірісіне қатысты ақиқаттың бірі.

Елдегі жұмыртқаның жай-күйі осындай.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

2436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы