• Бизнес & Қоғам
  • 05 Мамыр, 2022

Сақтандыру нарығында ілгерілеу басым

Таяуда Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының талдау орталығы өмірді сақтандыру нарығының өткен жылғы ахуалына шолу жариялады. Онда өмірді сақтандыру нарығы барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім көрсетіп отырғаны жан-жақты сараланған.

Біз өз шолуымызда сол көр­сеткіштерге кеңірек тоқталып өтпекпіз. Мәселен, өмірді сақ­тандыру компанияларының (ӨСК) өмірді сақтандыру, ан­нуитеттік сақтандыру және жазатайым оқиғалардан сақтандыру сияқты өнімдеріне жоғары сұра­ныс сақтандыру сыйақыларының көлемін 66%-ға, яғни 228,9 миллиард теңгеден 380,0 миллиардқа дейін арттырыпты.

Сақтандырудың таза сый­ақылары 2021 жылы 68%-ға өскен, бұл зейнетақы заңнама­сының зейнетақы аннуитетін сатып алу мақсатында өзгеруіне байланыс­ты, демек шекті мөлшердің іс жүзінде 2 еседей төмендетілуіне орай (бұрын сақтандыру құнын есептеу ең төменгі зейнетақыға тәуелді болса, ал 2021 жылдан бас­тап ең төменгі күнкөріс деңгейіне сай есептеледі) орын алып отыр.

Бір жыл ішінде ӨСК актив­тері 29%-ға 779,6 миллиард теңгеге дейін өскен, бұл сақтандыру нарығы активтерінің 43%-ын құрайды. Активтер құрылымында бағалы қағаздардың үлесі 2022 жылғы 1 қаңтарда 644,5 миллиард теңгені немесе сақтандыру нарығының 83%-ын (+31% немесе 152,5 миллиард теңге) құраған.

2020 жылдағыдай, өмірді сақ­тандыру компаниялары актив­теріндегі нарықтың 80%-ы төрт ірі компанияның – NOMADLife, Халык-Life, FFLife және Евразия ӨСК-тар үлесіне тиесілі. Бұл ретте активтердің елеулі өсуі FFlife-те 99%-ға және Еуразия ӨСК-да 78%-ға байқалды.

Өмірді сақтандыру секторының резервтері жылдың басынан өмірді қайта сақтандырудағы резервтердің 76%-ға және орын алған, бірақ мәлімделмеген шы­ғындардың 34%-ға ұлғаюы есебінен 28%-ға өскен.

Төлемдер көлемі 30%-ға өсті, алайда салада сыйақылардың белсенді түрде өсуі есебінен 2020 жылмен салыстырғанда ӨСК нарығы бойынша сыйақыларға төлемдердің арақатынасы 12%-дан 9%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте барлық төлемдердің 56%-ы аннуитеттік сақтандыруға тиесілі.

Өмірді сақтандыру нарығы бойынша меншікті капиталдың рентабельділігі 32%-ды құрады, бұл 2020 жылдың осындай көрсет­кішінен 5 п.т. жоғары.

2022 жылы өмірді сақтандыру саласының өнімдерін одан әрі дамыту, оның ішінде әлеумет­тік бағдарланған, цифрландыру, өмірді сақтандыру бөлігінде салық салудың өзгеруі аталмыш нарықтың одан әрі өсуіне ықпал ететін болады (S&P бағалауы бойынша кемінде 25%), деп атап көрсетеді сарапшылар.

Кірістердің сақтандыру қыз­метінен 67%-ға және инвести­циялық қызметтен 16%-ға өсуі ӨСК-лар кірістерін 2020 жылы 274,7 миллиард теңгеге, 2021 жылы 433,1 миллиард теңгеге дейін, яғни 58%-ға ұлғайтқан.

Алайда, сектор кірістерінің қарқынды өсуі ӨСК шығыста­рының 62%-ға ұлғаюымен айқын­далып отыр, бұл 2021 жылы белсенді дамып келе жатқан аннуитеттік сақтандыру өнімінің ерекшелігіне және резервтерді құру қажеттігіне байланысты өрбіген. Шығыс баптарында аннуитет шарттары бойынша орын алмаған шығындар резервтерінің 90%-ға өскені байқалды, өмірді сақтандыру шарттары бойынша орын алмаған шығындар резервтеріне жұмсалатын шы­ғындар 71%-ға артқан, сақтан­дыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша шығыстар – 29%-ға және сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша таза шығыстар – 26%-ға ұлғайған.

Сондай-ақ ӨСК-лар нары­ғын­да 2021 жылы салықтық жеңіл­­діктердің енгізілуі, соның ішінде жеке табыс салығынан (ЖТС) (1) айлық есептік көрсет­кіштің (АЕК) (2) 320 еселенген мөлшері шегінде сақтандыру жарнасын төлеу қажеттігі болмауы және сыйақылары өз пайдасына, жақын туыстарының пайдасына немесе жұмыс беруші қызметкердің пайдасына төленген жинақтаушы сақтандыру шарттары ауыртпалығы да туындамауы салдарынан оңды әсерін тигізді. Осының аясында саланың таза пайдасы 2020 жылғы 36,6 миллиард теңгеден 2021 жылы 71,6 миллиард теңгеге дейін, яғни 28%-ға артқан.

Бұдан басқа, комиссиялық сыйақы төлеуге шығындар 3,5 есеге, сақтандыру шарттарын бұзуға байланысты шығындар 3,1 есеге және әкімшілік шығыстар 92%-ға өскен.

2021 жылы өмірді сақтан­дыру нарығының белсенді өсуі көбінесе онлайн режимінде сақ­тандыру өнімдерін сатып алу мүмкіндіктерін дамыту, клиенттерге арналған мобильді қосым­шалар мен жеке кабинеттер жұмысын жандандыру, сақтандыру ком­паниялары­ның ресми сайттарда, әлеумет­тік желілерде және т.б. онлайн қолдауды жүзеге асыруды қамтитын секторды цифр­ландыруға байланысты ілгерілету қадамдары есебінен  мүмкін болып отыр.

2022 жылы өмірді сақтандыру нарығы қолданылып жүрген және жаңа өнімдерді, соның ішінде мемлекеттің субсидиялауымен балалар пайдасына жинақтаушы сақтандыру және бірлескен (ерлі-зайыптылық) аннуитет, сондай-ақ unit-linked өмірді инвестициялық сақтандыру және халықты кәсіби қателіктерден, кәсіпкерлердің сапасыз қызметтерінен қор­ғауға бағытталған жүктелген сақ­тандырудың жетілдірілген өнімі сияқтыларды сатуды өсіру есебінен одан әрі дамыту күтілуде.

Капиталдың тиімділігі коэф­фициенті ӨСК-лар бойынша орташа есеппен 32% (2020 жылы 27% болған) құрап отыр, ал бұл әйгілі S&P рейтингтік агенттігінің болжамынан (шамамен 20-25%) да асып  түскен.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

1923 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы