• Қаржы
  • 05 Мамыр, 2022

Бірқатар кәсіпорын өз жұмысшыларының жалақысын көтерді

Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінде  «ҚПО б.в.» компаниясы өкілдерінің қатысуымен облыстық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысы өтті.

Жиынды ашқан  өңір басшысы Ғали Есқалиев  биылғы жылдың ақпан айында  Қарашығанақ кен орнын игеруші компания мен оның мердігерлік мекемелеріндегі жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесі қаралып, тиісті шешім қабылданғанын еске салды.

 –  Енді сол шешімдердің қалай орындалғанын талқылауымыз керек. Үшжақты комиссияның ше­шімі бойынша салықты осы жерде төлейтін  мердігерлердің ғана бюджеті көтерілуі тиіс. Бұл талапты дұрыс деп санаймын. Өңірде жұмыс істеп, табыс тауып жүрген мекеме-кәсіпорындар өңірімізден өз филиал, өкілдіктерін ашып, салық түрлерін осы жерге төлеуі қажеттігін  әлденеше мәрте айтқанбыз. Өйткені олар инфрақұрылымдарды пайдаланады, экологияға зиян келтіреді, жергілікті бюджеттен субсидияланады. Сондықтан мұндай талапты заңды деп білемін, –  деді облыс әкімі.

 Басқосуда Батыс Қазақстан облыстық кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Айнабеков өңір бойынша салық төлеушілердің тіркелуі  туралы баяндады.  «ҚПО» компаниясы департаментке ақпан айында 132 мердігер компания­ның ақпаратын ұсынған.  Жүргізілген талдаулар нәтижесінде кен орнын жабдықтаумен айналысатын және қызмет көрсететін нақты 128 кәсіпорынның тізімі жасалды. Осы компаниялардың ішіндегі 66-сы жергілікті жерде салық төлеуші ретінде тіркелген, ал 62 компания  өзге облыстарда салық төлейді. Сол 62 компанияның ішіндегі онының өңірімізде филиал, өкілдіктері бар,  олар  2021 жылы 989,5 млн теңге, биылғы жылдың өткен айларында 188,4 млн теңге салық төлеген.

 –  Салық есептері көрсеткендей, «ҚПО» компаниясы 18 мердігерінің 5266 қызметкерінің 1253-і  – облыстың тұрғыны. Басым көпшілігі «Caspian Offshore Construction Reality LLP», «Baker Hughes Services Kazakhstan LLP», «Bonatti S.P.A.» компанияларында жұмыс істейді.  Олардың табыс және әлеуметтік салық төлемдерінің шамасы 724 миллион теңгені құрады. Ақпан айындағы үшжақты комиссияның отырысында берілген тапсырмаға сәйкес «ҚПО»-мен ұзақ мерзімдік келісімшарты бар 41 компанияның қызметіне талдау жасалды. Талдау жұмыстары  алты компанияның облыста тіркелген өкілдігі бар екенін көрсетті. Осы кезге дейін олардың ішінен тек бес компанияның өкілдігі салық төлеп келген. Ал «ВЕСТ МОТОРС СЕРВИС» ЖШС ақпан айында жүргізілген түсіндірме жұмыстарынан кейін ғана  салық төлеуді бастады.  Өткен екі ай ішінде компания бюджетке 14 миллион теңге, соның ішінде 7,6 миллион теңге жеке табыс салығын, 6,4 миллион теңге әлеуметтік салық төледі, – деді Б.Айнабеков.

Баяндамашының айтуына қара­ғанда, 5 сәуірде «Автодом-М» ЖШС-ның (бас кеңсесі Алматы қаласында тіркелген) филиалы ашылды.  Әзірге бұл мекемеде 50 қызметкер бар, олардың қатары алдағы уақытта толыға бермек. Қызметкерлер үшін салық төлемдері осы айдан бастап аударылады, оның шамасы айына 2 миллион теңгені құрамақ. Сонымен қатар департаменттегілер «TEGRA Kazakhstan» ЖШС  өкілімен кездесіп, облыстан өкілдік немесе филиал ашып, тіркелу қажеттігін түсіндірді. Мәселе ЖШС-ның құ­рыл­тайшыларымен келісілгеннен кейін шешілмек. Аталмыш компания Алматы облысындағы Жетісу ауданында тіркелген. «ҚПО»-мен өнеркәсіп қалдықтарын залалсыздандыру бойынша келісімшартпен жұмыс істейтін «West Dala» ЖШС-ның өкілімен де осындай түсінік жұмыстары жүргізіліп, күні кеше Бөрлі ауданында тиісті тіркеуден өтті.  Алайда тапсырыстардың көлемі аздығын айтып, өңір басшылығынан тапсырыстардың көлемін ұлғайтуға көмек болатын болса, тіркелеміз деген ақылға сыйымсыз жауап айтқан мекеме-кәсіпорындар  да болыпты.

Жиында мәлім болғандай, «ҚПО» компаниясы мұнай-газ сервисі кә­сіп­­орындары жұмысшыларының еңбекақысын көтеру бағытындағы жұмысты қолға алған. Осыған қатыс­ты компания 462 мердігерге өз нұсқаулықтарын жолдады. Мердігер­лердің 157-сі биылғы ақпан айында жалақы көтеруге жұмсалған шы­ғын­ды өтеуге қажет адамдар тізімін жіберген. Жалпы 9672 қызметкердің әрқайсысына ақпан айы үшін 60 мың теңге төлеу шешімі мақұлданған.  Соның ішінде еден жуушылар, күзетшілер, жұмысшылар аталмыш төлемді алды. Наурыздың 28-індегі мәлімет бойынша 31 мердігер компания ақпан айында өз қызметкерлеріне жалақыны өсіммен төледі. Одан басқа облыста кәсіпорын-мекемелердегі еңбекақыны көтеруге қатысты талдау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 40 мекеме өз қызметкерлерінің айлығын орташа есеппен алғанда 13 пайызға өсірді.

Облыс әкімі басқосу барысында онлайн режімінде қатысқан Бөрлі ауданындағы бірқатар мердігердің филиал ашу жайына қатысты сұрақтарға жауап берді. Аудан әкімі Миржан Сатқановқа аталымыш мәселе бойынша жұмысты ширатуды тапсырды.

– Басқа жақтан, өзге өңірлерден  келген компаниялар облысымызда қайтадан салық төлеуші ретінде тіркелуі керек. Сонда ғана үшжақты комиссияның жалақы көтеру туралы шешімі «ҚПО» компаниясы есебінен бюджетті ұлғайту арқылы орындалады. Біз бас офистің мекен-жайын ауыстыруды сұрап отырған жоқпыз, тек филиал не өкілдік ашылуын талап етеміз.  Оны бір күн ішінде ашып, бір күн ішінде жабуға болады. Өңір аумағында жұмыс істейтін қызметкерлері үшін салық төлеулері қажет. Қызметкер­лердің әрқайсысымен жеке еңбек келісімшарттары жасалғаны жөн, –   деп қорытты жиынды Ғали Есқалиев.  

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Орал қаласы

1454 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы