• Қаржы
  • 05 Мамыр, 2022

Базалық мөлшерлеме тағы да өзгерді

Жетпісбай  Бекболатұлы,

әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ  профессоры

e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Геосаяси тәуекелдер салдарынан инфляциялық қысымның күшеюі, әлемде, сондай-ақ Қазақстанның саудадағы серіктес елдерінде бағаның өсуі мен олардың ішкі бағаға ауысуы жағдайында еліміздің қаржылық реттеушісі базалық мөлшерлемені жылдық 14 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Соған сәйкес өтімділікті ұсыну тұрғысынан тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 15 пайыз, ал өтімділікті алу бойынша тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 13 пайыз болмақ. Базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім Ұлттық банктің инфляцияға қарсы саясат жүргізуге бейілділі­гін көрсетіп отыр. Үш жыл бойы байқалып отырған оң фискалдық қарқын инфляциялық үдерістердің маңызды қозғаушы күші болып қала бермек.

Осы ретте үстіміздегі наурыз айында жылдық инфляция теңге бағамы әлсіреп, сұраныс көбейгенде және жеткізілім тізбегі бұзылғанда 12 пайызға дейін қарқын алғанын атап өтуіміз керек. Азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсу қарқыны 15,4 пайыз және 10,9 пайыз болды. Ақылы қызмет құны 8,3 пайызға өсті. Инфляцияның тұрақты қалыпта үдеуі тауарлар мен қызметтердің кең ауқымында бағаның өсуімен сипатталып, наурыздағы базалық инфляцияның айтарлықтай артуымен қатарласа өрбіді. Инфляцияға қатысты күтулер бір орында тұрақтамай, жоғары құбылмалылығын жалғастырып келеді. Жуырда жүргізілген сауалнама қорытындысы ұлттық валютаның құнсыздануына қатысты қоғамдық көңіл-күй түсуін және инфляциялық күтулердің айтарлықтай артқанын көрсетті. Сөйтіп, инфляцияны алдағы жылға сандық бағалау 11,4 пайызды құрады. Фискалды саясат инфляцияға қарсы айтарлықтай қысым көрсетті, сақталып отырған оң фискалдық серпін алдағы жылы да өзгермейтін сыңайлы. Биыл Ұлттық қордан бюджет тапшылығын қаржыландыруға берілетін трансферт 4,6 трлн теңгені құрамақ. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, жалпы ішкі өнім 2,6 пайызға қысқарған 2020 жылы 4,8 трлн теңге бөлінген еді. Республикалық бюджет тапшылығын халықаралық активтермен қаржыландыру валюта бағамын қолдауға, сонымен қатар импортты арттыруға, бәсекеге қабілеттілікті төмендетуге және таза фискалдық позицияны әлсіретуге мүмкіндік берді. Биылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша елімізде экономикалық белсенділік өсімі жылдық мәнде 4,4 пайыз болды. Қаңтарда елдің барлық аумағында төтенше жағдай тәртібі енгізілгенде баяулаған өсім ақпан айынан бастап экономиканың көптеген салаларында арта бастады, жоғары тұты­нушылық сұраныс іскерлік белсенділікке біршама қолдау көрсетті, бөлшек саудадағы тауар айналымының өсімі жылдық мәнде 3,7 пайызға дейін қарқын алды. Үй шаруашылығындағы тұтыну көрсеткішінің өзгерісі тұтынушылық несиелеудің және халықтың нақты кірістерінің өсуінен көрініс тапты. Экономиканы қолдау үшін дағдарысқа қарсы бағдарламаларды жүзеге асыру арқасында монетарлық факторлар ішкі сұранысты арттыруға сеп болды. Бірінші тоқсанда кредит қоржыны 3,9 пайызға, экономикада жаңа берілген несиелердің көлемі өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 25,3 пайызға өсті. Дегенмен наурыз айының қорытындысы көрсеткендей мөлшерлемені көтеру белгісіздіктің күшеюі мен несие беру шарттарының өзгеруі жағдайында несиелендіру үшін тежеуші фактор болып саналмайды. Келешекте банк секторы экономикалық агенттердің іс-әрекетін қайта құрылымдауға  қатысты өзгерістерге бейімделе бермек. Ал, сыртқы сектор тарапынан проинфляциялық факторлардың күшейе түскені байқалып отыр. Азық-түлік тауарларының барлық тобына баға көтерілген наурыз айында БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының баға индексі 1990 жылдан бергі рекордтық мәнге жетті. Сарапшылар пайымдауынша, азық-түліктің әлемдік бағасы биыл да, келесі жылы да жоғары деңгейдегі қалпында қалады. Бұның бәрі геосаяси дағдарыс айналасындағы белгісіздіктің сақталуына, тыңайтқыштарға деген әлемдік бағаның жоғары болуына және жеткізілім тізбегінің үзіліп қалуына байланысты болып отыр. Әлемдік мұнай нарығына қатысты болжамдар қара алтын бағасының да жоғары деңгейде сақталып қала беретінін айшықтап берді. 

Азық-түлік пен қуат көзі бағасының айтарлықтай өсуі салдарынан Қазақстанның негізгі сауда серіктесі саналатын елдерде инфляция айтарлықтай өсті, бұл импортпен келетін инфляцияның өсуіне де әсер етеді. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша биылғы жылы ғаламдық инфляция жоғары қалпын сақтап қалады, бұл орайда әлемдік экономиканың баяу дамитыны және энергия тасымалдаушыларға төмен баға белгіленетіні күтіліп отырғанда келесі жылы дамыған елдерде инфляция 2,5 пайызға дейін, ал дамушы елдерде 6,5 пайызға дейін баяулайды. Сарапшылардың жорама­лынша таяу аралықта инфляция үшін негізгі сын-қатерлер экономикада оң серпін болған жағдайда елеулі фискалды қарқынмен, ішкі және сыртқы сұраныспен, азық-түлікке, шикізатқа және дайын өнімге әлемдік бағаның өсуімен, жоғары әрі тұрақсыз инфляциялық күтулермен, жеткізілім тізбегінің бұзылуымен, саудадағы серіктес елдерден жоғары инфляцияның импортымен келетін сыңайлы.  

Айтқандай-ақ, Қазақстан базалық мөлшерлемені 14 пайызға көтеріп отырған жағдайда басты сауда әріптесіміз Ресей өз мөлшерлемесін жылдық 17-ден 14 пайызға дейін төмендетті. Бұдан бұрындары атап өткеніміздей, Украинадағы арнайы операция және Батыстың санкциялары аясында Ресей Орталық банкі 28 ақпанда негізгі мөлшерлемені 9,5 пайыздан рекордтық 20 пайызға дейін жоспардан тыс көтеру туралы шешім қабылдаған-тын. Бүгінде баға мен қаржылық тұрақтылыққа қатысты тәуекелдер өсуді тоқтатты, апта сайынғы инфляция айтарлықтай баяулап, рубль нығайды, сөйтіп, сәуірдегі инфляциялық күтулер кеміді, бұл негізгі мөлшерлеменің төмендеуіне жағдай жасады. Сөйтсе де аталған шешімнің еліміздегі экономикалық ахуалға әсері әлі де айқындауды қажет ететіні дау туғызбаса керек.

 

1939 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы