• Өндіріс өрісі
  • 05 Мамыр, 2022

Қазақмыс: Жауапкершілік бәрінен жоғары

Еліміздегі ең ірі мыс өндіруші және табиғи ресурстарды өндіру мен қайта өңдеу жөніндегі жетекші корпорация маңыз беріп отырғандай, еңбек қауіпсіздігін арттыру – әлеуметтік жауапкершілік пен бизнес тұрақтылығының негізгі бағыттарының бірі.

Еліміздегі көшбасшы мыс компаниясының құрамында геологиялық барлау кешені, он үш кеніш, төрт байыту фабрикасы, екі мыс балқыту зауыты, екі көмір разрезі және де отын-энергетика кешені бар. Негізгі активтері Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев және Қарағанды қалаларында орналасқан корпорацияның стратегиялық жос­парында көзделгендей, кен өндіру көлемі 35 млн тоннаға жеткізілмек. Бұл жаңа кен орындарын іске қосу мен жұмыс істеп тұрған кеніштерді жаңғырту, сондай-ақ қолда бар фабрикаларды барынша жүктеу және жаңа кәсіпорындар салу есебінен жүзеге асады. Мысалы, Жезқазған және Балқаш өңірлерінде жаңа байыту фабрикалары пайда болады. Қарағанды өңірінде Нұрқазған байыту фабрикасы жаңғыртылады. Қазақмыс кен өндіруді және оны тауарлық металға қайта өңдеуді жүргізетін өндірістік нысандарды басқарады. Мыс, мыс-сульфид және тотыққан, сондай-ақ полиметалл мыс-мырыш кендерін шығаратын алып компания 2021 жылы катод эквивалентінде 213 мың тонна мыс өндірді. 
Бүгінгі таңда Қазақмыс тобы қызметкерлерінің жалпы саны 38 мыңнан асады. Ұжымның 80%-ын – өндірістік персонал құрайтын компанияда адам қазасына әкелетін жарақаттарды, жазатайым оқиғаларды жою үшін қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау барынша күшейтілген. Сонымен бірге жұмыс орындарында жарақаттануды болдырмау жөнінен оқыту және түсіндіру іс-шараларына көбірек көңіл бөлініп, қызметкерлердің жұмыс орындары техникалық құралдармен жабдықталуда, қауіп­сіздік тех­никасының сенімділігін арттыру бойынша шаралар кешені іске асырылуда. Бұл мәселелер жыл сайын Дүниежүзілік еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау күні аясында пысықталып, бірқатар елеулі іс-шараларға есеп беріледі. Атап өткенде, былтырғы жылдың соңында Қарағанды облысы бойынша прокурорлық тексеру аясында бетонды бекітудің артта қалуына байланыс­ты 141 заңбұзушылық анықталып, бүгінгі күні оның 138 пункті жойылды, 3 пункт іс-ша­ралар мерзіміне сәйкес жойылуда. Болат-полимерлік бекіту бойынша заңбұзушылықтың 91 пункті анықталды, барлық бұзушылықтар жойылды. Қазақмыс корпорациясы кәсіпорындарында тау-кен қазбаларын болат-поли­мерлік бекітуге арналған 25 бірлік бұрғылау қондырғылары бар. Өткен жылы Sprymec автономды торкрет бетонды бекіту үшін 1 миллиард 311 миллион теңге сомасына 6 бірлік машина сатып алынды.  
Компания жұмыскерлердің еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау үшін дербес және ұжымдық жауап­кершілігін дамытумен, ынталандырумен, қауіпсіздіктің тұрақ­ты мотивациялық механизмін қалыптастыру бойынша шетелдік озық тәжірибені барынша кеңінен енгізумен жүйелі түрде айналысуда. Қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығын стратегиялық басымдылық ретінде қарастыратын компания жұмысшы қазасына әкелетін жазатайым оқиғалар­дың нөлдік санына қол жеткізуге тырысуда. «2022 жылдың бірінші тоқ­санында ауыр дәрежедегі жазатайым оқиғаларға жол берілген жоқ. Мұндай нәтижелерге біздің бірлескен жұмысымыздың және кәсіпорынның әрбір қызмет­керінің жауапкершілігінің арқа­сында қол жеткізілді», – дейді компания­дағылар.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

422 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы