• Руханият
  • 12 Мамыр, 2022

Халық мәңгі ұмытпайды данасын

Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілуіне орай  шаһарда салтанатты шаралар ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысты.

Қалаға мемлекет және қоғам қайраткерінің туған-туыстары, замандастары мен әріптестері, Парламент Сенаты мен Мәжі­лісінің депутаттары, ғылым мен шығар­ма­шылық қауымы, ардагерлер мен жергілікті тұрғындар жиналды. Олар алдымен қаланың орталық алаңындағы Д.Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мұнда Алматыдағы Д.А.Қонаев атындағы музейдің экспонаттарының көшпелі көрмесі қойылды. Көрмеде Дінмұхамед Ахметұлының жеке заттары ұсынылып, фото­көрме, мерекелік концерт ұйымдас­тырылды.

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Қанат Бозым­баев Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстанды дамытудағы және қалалар салудағы ерен еңбегіне тоқталды. Сонымен қатар алдағы уақытта Қонаев пен Алматы қалаларының арасын серіктес қалалар жалғайтын болады. Қазір қажетті инфрақұрылым жасалған, қала одан әрі де дамитын болады. Бұл ретте жобаның жаңартылған тұжырымдама­сын­да қала экономикасының өнер­кәсіптік, туристік, ойын-сауықтық бағыттарын дамыту қарастырылған. Яғни бюджет түсімі мен тартылатын инвестиция көлемі артады деген сөз.

«Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев елімізде 43 қаланың салынуына атсалысты. Соның жетеуі Алматы облысындағы Есік, Қаскелең, Сарқан, Талғар, Үшарал, Үштөбе, сосын, әрине, осы Қапшағай, яғни қазіргі Қонаев қаласы. Сондықтан өзі сал­дырған қалалардың біріне атын беру – лайықты құрмет көрсету деп білеміз. Мемлекет басшысының бастамасымен, қала халқының қолдауымен тарихи әділеттілік қалпына келтірілді. Қаланы қалыптастыру, ГЭС пен су қоймасын салу – Дінмұхамед Қонаевтың тікелей еңбегі. Сонымен бірге Президенттің Жарлығына сәйкес облыс екіге бөлінгеннен кейін Алматы об­лысының орталығы Қонаев қаласы болады деп бекітілді. Бұл қаланың дамуына жаңа серпін беріп, мегаполистің маңайын­дағы аудандардың қордаланған әлеуметтік мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік жасайды. Қалаға жаңа атау беріліп, жаңа мәртебеге ие болуы – өзгерістің басы. Қазірдің өзінде тұрақты жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй қорын көбейту, қаланың инфрақұрылыммен қамтылуы мен көркейтілуін кешенді түрде қарастыратын жоспар әзірленуде. Қаланың экономикалық, әлеу­меттік, мәдени – қай жағынан болсын жаңа тарихы басталды деп сеніммен айтуға болады. Қонаев қаласының тұрғындары да өзге­рістерге белсене атсалысады деп сенеміз», – деді Қ.Бозымбаев.

Д.Қонаевтың туысы, қайрат­кер атындағы қордың президенті Эльдар Қонаев өз лебізін білдірді. Социалистік Еңбек Ері, ҚазКСР-ының еңбек сіңірген агрономы Вера Сидорова мен генерал, қоғам қайраткері, Дінмұхамед Қонаевтың басшылығымен түрлі лауазымдарда 20 жылдан астам еңбек еткен Амангелді Шабдарбаев естеліктер айтып, тілектерін жеткізді. Ғалым, химик, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов бірнеше зерттеу еңбектерінің авторы болған саясаткердің ғылымда­ғы жетістіктеріне тоқталды. Ер­теректегі жылдарды еске алып, Дінмұхамед Ахметұлымен кездескен, бірлесіп жұмыс істеген кездері туралы әңгімеледі. Жиын соңында Қапшағайды салуға қатысқан құрылысшы, қаланың құрметті азаматы Александр Чжен: «Мен Қапшағай ГЭС-ін салуға жас маман болып келген едім. Бүгін қаламыздың облыс орталығы мәртебесін алуымен, оған біртуар азамат Дінмұхамед Қонаев­тың аты берілуімен құттықтау бақытына ие болып отырмын. Қаламыздың тарихы Дінмұхамед Ахметұлының есімімен тығыз байланысты. Ол Қапшағай ГЭС-і ғимараты­ның алғашқы іргетасын қалап қана қой­ған жоқ, оның басшылығымен қаланың маңызды көлік-логис­тикалық нысандары салынды. Біз, ардагер құрылысшылар, қалаға Қонаев есімі берілгеніне шын жүректен қуандық», – деді.

Жалпы бүгінде Алматы облысында Д.Қонаевтың атымен аталатын 8 білім мекемесі, 114 көше, бар, 8 ескерткіш орнатылған. Жуыр­да Балқаш ауданы Бақанас ауылында тағы бір ескерткіш қойылады.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

614 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы