• Спорт
  • 12 Мамыр, 2022

СПОРТ САҢЛАҚТАРЫНЫҢ ШЕБЕРХАНАСЫ

Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары жекпе-жек түрлерінен Қазақстанның он шақты чемпионы мен жүлдегерін, спорт шебері мен кандидатын тәрбиеледі. Ауданның барлық округтеріндегі, елді мекендеріндегі жүздеген баланы салауатты өмір салтын ұстануға баулып, шынықтыруда. Биыл жас спортшылар ұясының құрылғанына жарты ғасырдан асты.

Ақжайық аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 1224 бала спортпен шұғылданады. Бұл  аудандағы мектеп оқушылары­ның 25 пайыздан астамы спорттық секцияларға қатысады деген сөз. Аудандағы 18 ауылдық округтің 15-і спорт мектебінің жұмысымен қамтылған. Барлық округте балалар футбол ойнайтын әмбебап спорт стадиондары бар. Ауыл-ауданда спорттың 12 түріне басымдық берілген, соның ішінде футбол, еркін күрес, волейбол, армрестлинг, кіртасын көтеру, асық ату жақсы дамуда. Бокс, грек-рим күресінен секциялар жұмыс істейді. Тайпақ ауылындағы спорт мектебінің үлкен филиалындағы ұл-қыздар самбо, дзюдо, қазақша күрес түрлерімен айналысады, тоғызқұмалақ ойнайды. БЖСМ-да 44 жаттықтырушы-оқытушы жұмыс істейді. Олардың 40-ы жоғары білімді, екеуі – жоғары санатты, бес жаттықтырушы – спорт шебері.

Спорт мектебінде тәрбиеле­нушілерге спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Секция жұмыстары тегін ұсынылады. Аталмыш спорт мектебінің директоры Марат Ығылманов оқушыларды жат­тықтыра отырып, олардан салауатты өмір салтын ұстануды, спорт түрле­рі бойынша жоғары жетістіктерге же­ту­ге ұмтылуды талап ететіндерін айтты.

Мектептің екі қабатты ғимаратын аралау барысында кең әрі жылы спорт залдарын, киім ауыстыратын және душ бөлмелері бар екенін көрдік. Ауданда қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында 2018 жылы аудандық бюджеттен құрал-жабдықтар сатып алуға және бенди – допты хоккей секциясын ашуға қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта Чапаев ауылында және 3 ауылдық округте 90-нан астам бала бендимен айналысады. 2020 жылдың қазан айында каратэ-киокушинкай федерациясының қолдауымен каратэ секциясы ашылды. Онда 40 бала жаттығады. «Алдыңғы жылы аралас жекпе-жек спортын дамыту үшін аудан әкімдігінің қолдауымен 1 миллион 200 мың теңге бөлініп, спорт мектебіне сегіз қырлы октагон сатып алынды. Байқауымша, біздің ұл-қыздардың волейбол, футбол секілді бұқаралық спорт­қа құлшыныстары төмен. Олар шығыс жекпе-жек өнеріне құштар. Сондықтан каратэ мен таэквондо секцияларын көптеп ашқымыз келеді, бірақ жаттықтырушылар жетіспейді. Осы ретте жекпе-жек федерацияларымен тығыз жұмыс жасап, спорт факультетінің күреске құмар түлектерін мектебімізге қызметке шақыруды жоспарлап отырмыз. Оларға алаңсыз қызмет етуге бізде бар жағдай жасалған. Қазір «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдардағы жас мамандарға көтермеақы төленеді, тұрғын үй сатып алуға 5 миллион теңге несие беріледі, жалақы шамасы айына 120-200 мың теңгені құрайды. Сондықтан ауылға жас мамандар келеді деген үмітіміз бар», – дейді Марат Жеңісұлы.

 

ЖАРТЫҒАСЫРЛЫҚ ЖОЛДАҒЫ  ЖЕТІСТІКТЕР

Ашылғанына елу жылдан асқан спорт мектебінің негізін қалаушы Николай Кожевников­тың басшылығы кезінде Чапаев ауданында бұқаралық спорт жақсы дамыды, әр кәсіпорында, мекеме-ұйымдарда және кеңшарларда спорттық жарыстарды өткізетін, ұйымдастыратын спорт нұсқаушысы не спорт әдіскері болды. Барлық мектеп пен ұйымдарда футбол, волейбол, шаңғы және шайбалы хоккей командалары құрылып, мектеп оқушыларынан бастап ересектерге дейін ГТО-ға сынақ тапсыратын. «Аудандық спорт мектебінің мұражайын ашып, спорт мектебінің негізін қалаушылар, аудандағы спорттың дамуы, мектеп­тің түлектері, ауданның, облыстың мақтанышына айналған танымал спортшы-тәрбиеленушілер туралы барлық ақпаратты жинастырғымыз келеді. Еліміздегі өліара қиын кезең болған тоқсаныншы жылдары аудандағы спорт мектебі жабылды. 2000 жылы аудан әкімі Әлібек Сәтбаевтың шешімімен мектептің жұмысы қалпына келтіріліп, оны Дәулет Мұңайтпашев басқарды. Дәулет Ишанғалиұлы спорт мектебіне 30 жыл ғұмырын арнады және еркін күрес бойынша спорт мектебінде аға жаттықтырушы болып еңбек етті. Екі жыл бойына жаттықтырушылар мектептердегі сыныптарды жалға алып, сабақ аяқталғаннан кейін кешке қарай жаттығулар өткізді. Ал 2003 жылы аудан әкімі Шафхат Өтемісов балалар-жасөспірімдер спорт мек­тебіне аудандық су арнасының ПМК-15 мекемесіне тиесілі, бос тұрған ғимаратты бөлді. Иесіз қалған екі қабатты ғимаратты аудан әкімдігі теңгеріміне алып, жөндеуден өткізді. 2004 жылғы 7 мамырдан бері сол ғимарат спорт мектебінің құтты қонысына айналды», – деп еске алады директор.  

Содан бері құмдай сырғып өт­кен жыл 16 жыл ішінде спорт мек­тебіндегі секцияларда қанша бала тәрбиеленгенін, қанша оқушының спортқа ден қойғанын санап шығу қиын. Спорт ұясынан облыстың, Қазақстанның, Азияның көптеген чемпионы, жүлдегері қанаттанып ұшты. «Олардың ішінде Зейнеп Бая­нова бар. Ол – еркін күрестен Азия чемпионатының жүлдегері. Одан басқа еліміздің жеңімпаздары, па­луан­дарымыз Тілеген Сахыпкереев, Жанель Ғариполла, Нұржан Іздіғалиев, Қуаныш Сатыпалды, Нұрдәулет Мұхитов, Айымбек Ізмағамбетов – біздің мақтанышымыз. Тайпақта біздің жаттықтырушылар самбодан әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыровты тәрбиеледі. Болатбек Райымқұлов – самбодан әлем чемпионы, Армат Қабдолов – самбодан жастар арасындағы әлемнің жүлдегері, Кенжеқыз Қаупенова – армрестлингтен әлем чемпионы, Әліби Теміртасов – аралас жекпе-жектен әлем чемпионатының жүлдегері. Кір тасын көтеруден әлемнің төрт дүркін жүлдегері болған Жұмат Тілеушев өзінің спорттық мансабын спорт мектебіндегі сабақтардан бастады. Даниал Сәбит – бокстан Қазақстан чемпионы, Алғабас ауылының ту­масы. Мұхаметжан Зайретден – жерлесіміз әрі мақтанышымыз. Ол – грэпплингтен Қазақстан чемпионы», – деп көтеріңкі көңілмен әңгімеледі Марат Ығылманов.

 

ЖАҢА ҒИМАРАТТАҒЫ ЖАТТЫҒУЛАР

Спорт мектебінің жарты ғасырлық мерейтойы қарсаңында аудан әкімдігі үлкен тарту жасады. 2020 жылдың қараша айында тағы бір екі қабатты ғимарат спорт мектебінің теңгеріміне берілді. Жекпе-жек сарайы болып ашылған бұл ғимаратта бүгінде спортшылар дзюдо, грек-рим және еркін күрес, қазақша күрес пен бокс секция­ларында жаттығып, түрлі жарыстарға қатысып жүр. Есенсай және Қа­рауыл­төбе ауылдарында балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қа­расты бірнеше ғимарат бар. Сол ауылдардағы жергілікті кәсіпкерлер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңартылған шағын спорт залдарын мектептің балансына өт­кізді. Бүгінде балалар ондағы құрал-жабдықтар көмегімен жаттығулар жасайды және теннис ойнайды. Тайпақ ауылдық округіндегі Шабдаржап ауылындағы ескі мектеп ғимараты жөндеуден өткізгеннен кейін спорт мектебінің қарауына алынды. Бүгінде сол спортзалда балалар дзюдо және еркін күреспен айналысады. Мерген, Алғабас ауылдарындағы жергілікті мектептердің түлектері, кәсіпкерлер жергілікті мектептер жанынан күрес залдарын ашты. Күрес залдарына қажетті төсеніштерді, аяқ киімдерін, манекендерді сатып алуға көмектесті. Қазіргі күні сол ауылдардағы мектеп оқушыларының 60%-ы күреспен айналысады.

Біраз жыл бұрын «Жігер» спорт клубында ат спорты секциясы ашылды. Онда көкпар, теңге алу және жамбы ату сабақтарын «Ақбидай» ойындары бойынша Қазақстан чемпионы Жанәділ Ғазизов (оның жарыстардағы жеке рекорды – 11 секунд) жүргізеді.

Көкпар секциялары 4 ауыл округінде – Үштөбе, Қонекеткен, Ақжол, Шабдаржап ауылдарында ашылып, жас спортшылармен нұсқаушы-әдіскерлер жұмыс істейді. Көкпаршылар командаларын қолдаған аудан әкімдігі жас спортшыларға спорттық киім сатып алуға қаржы бөлді.

Жергілікті кәсіпкер Болат Аткеев балалардың ат спортымен айналысуға деген ұмтылысын қолдап отырады. Ол өзінің ат спорты клубында оқушылар мен ересектерге атқа мінуді үйретеді. Сал ауруына шалдыққан ұл-қыздар аптасына бір рет клубқа иппотерапия сабақтарына тегін қатысады. Көкпар мен аударыспақ секцияларындағы ұлдар да осында келіп, атқа тегін мінеді. Кәсіпкер олардың жаттығуы үшін 20 жылқы берді.

 

ӘР ОТБАСЫН СПОРТҚА  ТАРТУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Чапаев ауылында «КПО б.в.» ком­­­паниясының әлеуметтік инвес­тициялары есебінен қолға алынған 320 орындық спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы биыл мамыр-мау­сымда аяқталмақ. Сондай-ақ Тайпақ елді мекенінде 160 орындық спорттық кешен салынбақ. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Жаңа спорттық нысандар ересектердің, бұқаралық спорттың дамуына серпін береді. «Ауданда 26 спортзал бар, оның 24-і мектептердің жанынан ашылған. Бұл залдарда балалар жаттығады, ересектерге де осындай залдар қажет. Жастар арасында бұқаралық спортты дамыту бойынша үлкен жоспарларымыз бар. Қазір тұрғындар да дене бітімін сақтауға көңіл бөле бастады. Аудандағы халықтың 32 пайызы жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Бұл – 40 мың тұрғынның 13 мыңға жуығы деген сөз. Біздің спорт мектебіміз аудандағы 6 мың оқушының 1300-ін спортпен қамтиды (оқушылардың жалпы санының 25%). Аптасына екі рет шайбалы хоккейден жарыс өткіземіз. Аязды күнгі таза ауа денсаулыққа пайдалы, шынықтырады, күш-қуат береді. Өзіміздің жүгірушілер клубын құрдық. Біз Оралға 10 және 20 шақырымдық марафонға қатысып қайттық. Салауатты өмір салты өркендеуде. Жастар зиянды әдеттерден – алкогольден, темекіден бас тартып, бұқаралық спортқа ден қоюда. Ауданда футбол лигасында ойнайтын 24 футбол командасы бар. Осының өзі тамаша емес пе?!» – дейді Марат Ығылманов.

Спорт мектебі жанынан әйелдерге арналған фитнес бөлмесі бірнеше жылдан бері тегін жұмыс істейді. Оған Чапаев ауылынан үй шаруасындағы келіншектер мен зейнеткер аналар, студент пен кәсіпкер, шамамен 30 шақты қыз-келіншек тұрақты келеді. Жаттықтырушы Гүлнара Айтуарова БЖСМ-дан жалақы алады. Оның бағдарламасына созылу, жүгіру, йога, жаттығу сабақтары кіреді. «Біздің бөлмеде өздеріңіз көріп тұр­ғаныңыздай қыз-келіншектердің сымбатын сақтауға көмектесетін, шы­нықтыратын жабдықтар бар. Бізге тек салмақ тастауға емес, сонымен қатар бос жұмыс күнінен кейін демалу үшін, күнұзаққа үстелде отыратындар аз қозғалатын бұлшық еттері мен буындарын созу үшін келеді. Менің сабағыма бір рет келген адам, йогадан ешқашан бас тартпайды», – дейді жаттықтырушы келіншек. 

Оның тәрбиеленушілері спорт мектебіне және аудан басшылығына салауатты өмір салтына бастайтын бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөліп отырғандарына алғыс айтты. «Бұл ештеңе емес, аудандағы әр отбасының спортпен шұғылдануын жоспарлап отырмыз», – деп күле түсіп, салмақты даусымен саңқ етті ауданның бас спортшысы.

Негізі Мараттың өзі – спортқа берілген адам. Ол ұлттық ойындарды, хоккей мен футболды қатты ұнатады. Жұмыс күнінің соңына таман балалармен асық ойнап, демалыс күндері достарымен, жас спортшылармен мұзда хоккей шайқасында, жазда спорттық алаңдарда футбол ойнайды. Еркін күрестен облыстың және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Қазір ол бұқаралық спортпен айналысады және футбол мен хоккей секцияларын бас­қарады. «Күнұзаққа түрлі шаралар ұйымдастырамыз жаттығулар өткіземіз. Үйге тек түнеуге барамын», – деп күлдірді спортқа берілген, өз ісін сүйетін жас маман.

Иә, әр аудан-ауылда осындай өз ісіне шын берілген жандар көп болса, шіркін!..

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Батыс Қазақстан облысы,

Ақжайық ауданы

395 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы