• Аграрлық аймақ
  • 12 Мамыр, 2022

Егіс науқаны найқалуды көтермейді

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Солтүстік өңірдің көп бөлігінде биылғы қар түсімі жақсы болды. Сірескен тоңның көбесі сөгілісімен соқасын сайлап, тыңайтқышын тиеген диқан қауым егіс даласына бет алды. «Көктемнің әр күні – жылға азық» деп халық бекер айтпайды. Ресей-украин со­ғысы салдарынан әлемдегі егін алқабының ауқымды аумағында ауыл шаруашылығы жұмыстары тоқырап тұр. Күзге салым бидайға, арпа мен қарақұмыққа, басқа да дақылдарға сұраныс ұлғайып, «алтын дән» деген теңеудің ақиқатқа айналатын түрі бар.  Сондықтан да шаруақор жұрт та, басшы мен қосшы да биылғы егіс науқанына жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты даярлануда. Көктемгі науқан найқалуды көтермейді. Агротехникалық жұмыстарды жүргізуге, ауыл қожалықтарын тұқыммен, агрохимиямен, техникамен қамтамасыз етуге, несиемен қаржыландыруға байланысты туындайтын мәселелерді үйлестіру мақсатында республикалық жедел штаб құрылды, оның құрамына барлық мүдделі органдар мен ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары кірді.

Биылғы жылғы егіс алқаптарының құрылымы бойынша жалпы алаң 23,1 млн гектарды құрап отыр, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 125 мың гектарға артық. Жемшөп дақылдарының егісі едәуір ұлғайтылып, 3,6 млн га құрайтын болды. Майлы дақылдар алқаптары 61,7 мың гектарға азайса да, зығыр, мақсары және қыша, күнбағыс алқаптары ұлғайтылды. Алдын ала жоспарлау және қажетті дақылдар алқаптарын ұлғайту жұмыстары нәтижесін беріп жатыр. Мәселен,  2020 жылы қарақұмық алқабы 50 мың гектарға ұлғайтылып, нәтижесінде нарықта жарма тапшылығы байқалмады. Картоп өсімі 5 мың гектарды құрап отыр. Дегенмен тек Өзбекстан ғана 300 мың тонна картоп сатып алуға дайын екенін ескерген шаруашылықтардың нарық сұранысына икемделе бастағанын байқаймыз. Тиісті техникамен жабдықталу мәселесі де өз шешімін тауып отыр, бұл ретте егіс науқанын өткізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 144 мың трактор, 4,7 мың бірлік өнімділігі жоғары егіс кешендері, 77 мың тұқым сепкіш, 221 мың топырақ өңдеу құралдары бар екендігін тілге тиек етуге болады. Бірқатар қожалықтарда өмірге ене бастаған, бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын заманауи егіс кешендері дәнді дақылдардың 70 пайызын уақыт ұттырмай дер кезінде егуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ биыл егіс жұмыстарын жүргізуге 400 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінгенін, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық екенін айтқанымыз жөн. Шамамен 659 мың тонна көлеміндегі минералды тыңайтқыштарды топыраққа сіңіру жоспарланған, бұл өткен жылғыдан 32 мың тоннаға көп. Қоймалардағы қорлар, соның ішінде импорттық тыңайтқыштар қоры қалыптастырылды. Осыған байланысты, әсіресе олардың құнының өсуін ескере отырып, субсидиялауға 27 млрд теңге қарастырылған. Пестицидтерге келетін болсақ, олардың бағасы 2020 жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Биылға арналған пестицидтерді субсидиялау бағдарламасына 29,7 млрд теңге қарастырылған, бұл егіс алаңын толықтай өңдеуге мүмкіндік береді. Көктемгі дала жұмыстарын сәтті өткізудің негізгі мәселесі – фермерлерді несие қаражаттарымен қамтамасыз ету түйткілін тарқату үшін биыл «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының желілері бойынша егіске және жиын-терінге кредит есебінде 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік қаражат бөлінді. «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» биыл қаржыландыру сомасын 80 млрд теңгеге дейін жеткізді, бұл сома өткен жылғы деңгейден 2 есеге артық. Сондай-ақ сатып алынатын дақылдар тізбесі жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, зығыр, рапс, соя, қарақұмық және жүгері сияқты оншақты дақылға кеңейтілетін болады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынына қажеттілік 400,26 мың тонна көлемінде бекітіліп, жеткізу кестесі жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұсынылатын баға тоннасына 212 мың теңгені құрайды. Жеткізу мен сақтау шығындарын ескергенде болжамды баға шекті бекітілген бөлшек сауда бағаларынан төмен, орташа алғанда 15-30 пайызға арзан болып отыр.

Еліміздің ең ірі астықты өңірлері – Қостанаай және Солтүстік Қазақстан облыстарының науқанға дайындығы көңіл көншітерлік. Биыл Қостанай облысы бойынша жаздық дақылдарды 4 772 млн гектар жерге егу жоспарлануда, оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 3 928 млн гектарға егілмек. Өнімділігі жоғары дақылдар алқабы ұлғаюда, майлы дақылдарды 651,7 мың гектарға егу жоспарлануда, бұл өткен жылғы деңгейден 44,3 мың гектарға артық. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдары жарма дақылдарының алаңын 19 мың гектарға дейін ұлғайтқалы отыр, оның ішінде қарақұмық алқабы 12,2 мың гектарды, картоп – 4,4 мың га, көкөніс – 1,7 мың га құрайды. Ауыл шар­уа­шылығы құрылымдары қажетті 530 мың тонна тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етілген. Егістікке жоғары репродукциялы тұқымдар, атап айтқанда 3,1 мың тонна бірегей тұқым, 25,3 мың тонна элита тұқымы, 501,6 мың тонна 1-3 репродукциялы тұқымдар пайдаланылмақ. Көктемгі егіс жұмыстарына 22,6 мың трактор, 1166 өнімділігі жоғары егіс кешені тартылады. Облысқа 71 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Солтүстік Қазақстан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егісі 4,3 млн га құрайды. Әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдар 1 млн гектар алқапқа егіледі, күнбағыс алқабы 70 пайызға және жасымық 51 пайызға ұлғайтылмақ. Әлеуметтік маңызы бар қарақұмық алқабы 16 пайызға өсіп, 10 мың гектарға дейін жеткізілмек. Өсімдік шаруашылығындағы әртараптандыру шеңберінде соңғы үш жылда дәнді және бұршақты дақылдар алқабы 134,1 мың га ұлғайды, ол былтыр шамамен 3 млн га құрады. Өткен жылы машина-трактор паркін жаңарту міндеті шеңберінде өңірде 2426 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға, фито-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қомақты қаражат бөлініп отыр. «Балапанды күзде санайды» дегендей, бұл шаралардың игі нәтижесін көретін күн де алыс емес.

433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы