• Өндіріс өрісі
  • 12 Мамыр, 2022

Өңдеуші сектор: Жаңа буын жетіліп келеді

Өңдеу өнеркәсібін дамыту перспективасы нарықтағы импортты дайын өніммен алмастырып, экспорттық әлеуетті мақсатты түрде нығайтумен байланысты. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімге жеткізіп, нәтижесінде қазақстандықтардың әл-ауқатының артуына әкелуі тиіс.  

Соңғы жылдары еліміздің өндірісті орталығы – Қарағанды облысында заманауи, жаңа тұрпатта бірқатар кәсіпорындар пайда болды, қазір салынып жатқан, құрылысы аяқталуға тақаған нысандар легі де бар. Олардың жұмысын, қазіргі сәттегі өнеркәсіптік деңгейін индустрия министрі Қайырбек Өскенбаев арнайы барып көрді.

Саран қаласында ИИДМ басшысы «KamaTyresKZ» ЖШС шина шығаратын зауытының құрылысы барысын тексерді. Кәсіпорын өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабардар етті. Қазіргі уақытта зауытта 700 мың шаршы метрден астам алаңда қадаларды орнату, сондай-ақ темірбетон бағаналары, металл конструкциялары мен сэндвич-панельдерді монтаждау жұмыстары жалғасып жатыр. Құрылысты қарқынды атқарып, өндіріс орнын келер жылдың басында іске қосу жоспарланған. Былтыр бұл жобаға инвесторлар тарапынан шамамен 44 млрд теңге салынып, жыл басынан бері 6,1 млрд теңге жұмсалған. Жалпы құйылатын инвестиция – 125 млрд теңге. Ал жетіспейтін инфрақұрылымдардың құрылысы бойынша мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілетін болады. Еліміздің жаңа индустриялық саясатына сәйкес жоба импортты алмастыруға, сондай-ақ дайын өнімді таяу және алыс шетелдерге экспорттауға бағдарланған. Жобалық қуаттылығына шыққан­нан кейін зауыт жылына 3,5 млн шина шығарады деп көзделуде.

Саран қаласының солтүстік өндірістік аймағында «Qaztehna» ЖШС автомобиль жасайтын жаңа зауыт орналасқан. Компа­нияның бас директоры Аргулан Майконовтың айтуынша, өткен жылдың шілде айында іске қосылған кезден бері кәсіпорын 221 автобус жасап шығарған. Жалпы зауыт 1,5 мың бірлік техника жасауға қауқарлы. Олардың қатарында құрылыс және жол техникасы, сондай-ақ автобустар мен троллейбустар қамтылған. Қазіргі уақытта Qaztehna-да 300-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, тағы 100 адамды жұмысқа қабылдау қарастырылуда. Бизнесті қолдау мен дамытуға арналған «Биз­нестің жол картасы-2025» мемле­кеттік бағдарламасы шеңбе­рінде жетіспейтін өндірістік ин­фра­­құрылым құрылысын қар­жы­­ландыру жөніндегі жоба ма­құлданған.

«Сарыарқа» арнайы эконо­микалық аймағында индустрия министрі «Қарағанды кешенді қорытпалар зауыты» ЖШС-нің ферросиликоалюминий өндіретін зауыты құрылысының барысын бақылады. 2023 жылы құрылысы аяқталғаннан кейін құны 86 млрд теңгені құрайтын ірі кәсіпорын жергілікті 1145 тұрғынды жұмыспен қамтиды. Зауыт қабілеті жылына 175 мың тонна дайын өнім шы­ғаруға жетеді.

Ал Қарағандының «Октябрь» өнеркәсіптік аймағында орналасқан «AsiaFerroAlloys» серіктестігі өткен жылы байы­тылған көмір концентраты өндірісін және ферроқорытпа зауытын іске қосқан болатын. Ин­вес­тициялардың жиынтық көле­мі 32 млрд теңгеден асты. Кәсіп­орындар 400-ге жуық маманды жұ­мыспен қамтамасыз еткен. Байыту фабрикасында жұмыс барысында жаңа технологияларды пайдалану жоспарлануда. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы 2 млн тонна көмір концентратын құрайды.

Сондай-ақ AsiaFerroAlloys  компаниясы марганец кенін қайта өңдеу фабрикасының құрылысын аяқтап жатыр. Қазірде өндірісті іске қосу үшін дайындық, оның ішінде электр қуатымен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.

«Сарыарқа» ферроқорытпа зауыты болса, жыл сайын 57 мың тонна ферроқорытпа өндіруді жоспарлауда. Бұл тауарларды Еуроодақ, Ресей, Грузия, Жапония және басқа да елдерге экспортқа шығару көзделген.

Сонымен қатар Қайырбек Өскенбаев «YDD Corporation» ЖШС ферросилиций шығара­тын зауы­тында болды. Өндірістік қуат­тылығы жылына 300 мың тоннаны құрайтын жобаның негізгі жұмысы ферросилиций мен ферромарганецке деген жергілікті және жаһандық сұранысты қанағаттан­дыруға бағытталған.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

723 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы