• Қаржы
  • 12 Мамыр, 2022

Қымбатшылық қалтаны қақты

Таяуда Ұлттық статистика бюросы елімізде наурыз айында инфляция 12 пайызға дейін өсіп, рекордтық деңгейге жетті, деп хабарлады. Соның салдарынан азық-түлік бағасы тіпті 15,4 пайызға дейін артып кеткен. Енді осы қымбатшылықтың байыбына барып көрелік.

Осынау маңызды мәселеге қатысты ел үкіметі дағдарысқа қарсы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортамерзімдік жоспарын қабылдап, бекіткен болатын. Бұл шаралар нарықты нақты өніммен қамтып, азық-түлік түрлерінің жеткіліктігін, экономикалық қолжетімділігі мен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылғы наурызда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азық-түлік тауарлары 15,4 пайыз қымбаттаған. Атап айтсақ, қант – 33,2%-ға, көкөністер – 23,4%-ға, картоп – 14,6%-ға, жемістер – 9,3%-ға, сары май – 6,7%-ға, жарма – 6,3%-ға, жұмыртқа – 5,2%-ға, күріш – 4,3%-ға, ет және құс еті – 3%-ға, шұжық, кондитерлік өнімдер – 2,7%, күнбағыс майы – 2,5%-ға қымбаттапты (1-инфографика).

Айта кету керек, сонымен қатар тұрмыстық техникаға – 13,5%, жуу және тазалау құралдарына – 5%, құрылыс материалдарына, жеке пайдалану тауарларына – 3,8%, автомобильге – 3,2%, фармацевтика өнімдеріне – 1,7%, киім-кешек пен аяқ киімге – 1,6% баға өсімі орын алған. Тұрғын үй-жайларға қызмет көрсету және жөндеу бойынша қызметтер бағасы 4,4%-ға, қоғамдық тамақтандыру – 3,9%-ға, денсаулық сақтау – 3,5%-ға, шаштараз бен жеке қызмет көрсету орындарында бағалар – 1,6%-ға өсті. Таксиде жол жүру 2%-ға, қалааралық автобус – 1,3%-ға қымбаттаған (2-инфографика).

Сонымен қатар елдегі инфляция бір айда 8,7 пайыздан 12%-ға дейін өсіпті. Инфляцияға ең көп үлес қосқан азық-түлік тауарлары болды, олардың бағасының өсуі 10 пайыздан 15,4 %-ға дейін жеделдеді. Нақтырақ айтсақ, бір айда инфляция 5,8 пайызға өсіпті.

БАҒА ӨСУІНІҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Бір өкініштісі, азық-түлік бағасы барлық өңірлерде шарық­тап кеткен және бұған қалың жұртшылық қатты наразы. Ал, мамандар өз пікірлерінде жыл басында тауар бағасы қаңтар оқиғасы­нан кейін азық-түлік жеткізудегі қиындықтарға байланысты өс­кенін, сосын ақпанның аяғы мен наурыздың басында бағаның өсуіне Украинадағы геосаяси дағдарыс себеп болғанын алға тартады (кесте).

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, көрші елдерде де жағдай оңып тұрған жоқ. Мәселен, Ресейде азық-түлік инфляциясы жылдық мәнде наурыз айында 18 пайызға, ал Өзбекстанда 14,5 пайызға жеткен. Сондай-ақ азық-түлік бағасының өсуі Еуропа елдерінде де байқалып отыр. Францияда инфляция рекордтық көрсеткішке – жылдық мәнде 5,1 пайызға жетіпті.

Мына мәселені де ескерген жөн сияқты. Сарапшылар азық-түлік қымбаттауының себебі мен бағаны реттеу мүм­кіндіктері Ресейге салынған санкциялардың еліміздегі азық-түлік тауарларының бағасына әсерінен болып отырғанын ашық мәлімдеуде. Экономика ғылымдарының кандидаты, қаржы саласының маманы Бауыржан Ысқақов бағаның өсуіне әртүрлі фактор әсер еткенін айтады. Бұл жерде басты кінәрат – тауар мен қызмет көрсетудің импортпен тікелей байланысты екенінде. «Бағаның өсуіне ең бірінші әсер ететін – елдегі тауарлардың үлес салмағы. Егер біз өзімізге қажетті тауарлар мен қызметтерді отандық кәсіпорыннан алатын болсақ, бағаны реттеуге мүмкіндік болар еді. Мемлекет түрлі субсидия немесе жеңілдетілген несие беру арқылы әсер етіп, бағаны ұстай алады. Алайда, біз өзіміздің ішкі сұранысымызды толыққанды қамтамасыз ете алмағандықтан, қажеттілікті сыртқы мемлекеттердің тауарымен қамту қалыпты жағдайға айналып кеткен. Бұл орайда мемлекет ешқандай қауқар көрсете алмайды», – дейді Б.Ысқақов.

Бұл ретте танымал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов елде өндірілетін азық-түлік пен тауарларының бағасы шарықтап кетуіне логистика қызметі мен сақтау қоймаларының сапасыз­дығы себеп болғанын айтады. Сондай-ақ ол бағаны тежеу тығы­рықтан шығар жол емес екенін де атап өтті.

«Наурыз айында Украинада­ғы қақтығыстың әсерінен тауарларды жеткізу бағасы өседі деп болжанды. Күткеніміздей, баға айтарлықтай өсті. Теңгеміз құлдырады. Импорттық тауарлар долларға сатып алынғандықтан, қымбатқа сатылды. Осыған байланысты бағаның көтерілуі инфляцияның өсуіне әсер етті. Сондай-ақ біз тауардың 90-100 пайызын шетелден сатып аламыз. Тіпті өзімізде өндірілетін кей өнімдердің айтарлықтай үлесін өзге елдерден аламыз. Себебі, бізде, біріншіден, логистика қызметінің сапасы нашар және азық-түлікті сақтау қоймаларының сапасы сын көтермейді. Екіншіден, бизнестің алдында тауарды қымбат бағаға экспорттау немесе арзан бағада нарықта қалу таңдауы тұр. Сон­дықтан, әрине, Қазақстан көбіне экспортқа шығарады. Көп жағдайда компанияларға тауарын ішкі нарыққа шығарғаннан, сыртқа сатқан тиімдірек. Бұл жерде бизнес иесі өзіне тиімді жолды таңдайды. Өйткені, бизнес бір ғана адам емес, үлкен ұжым жұмысы екенін ескеру керек», – деді ол.

Сарапшылардың айтуынша, қымбатшылық әлемдегі геосаяси жағдай реттелмейінше, жалғаса бермек. Тек жаз-күз айларында маусымдық жеміс-жидектер мен көкөністер сатылымға шық­қаннан кейін ғана баға тұрақ­талуы мүмкін. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрін де өз елімізде шығаруға болады дейді мамандар. «Қазіргі таңда бағаны тұрақтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Алайда, баға қайта қал­пына келетініне күмәнім бар. Өйткені Украинадағы қақты­ғыс қашан әрі қандай жағдайда аяқталатыны белгісіз. Санкциялар тез алына ма, жоқ па, осы ахуал тіпті бірнеше жылға созыла ма, жоқ па, оны да ешкім білмейді. Қазір жалпы бүкіл әлемде азық-түлік қымбаттап жатыр», – деді Расул Рысмамбетов.

Жақында Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында азық-түліктің әлемдік бағасы биыл да және алдымыздағы жылы да жоғары деңгейде қалады деп болжанып отырғанын айтты. Сондай-ақ қаржы реттеушісінің  басшысы биыл жаһандық инфляция жоғары болып қала беретінін жеткізді. Бас банкирдің мәліметінше, дамыған елдерде инфляцияның өсуі бойынша болжамдық көрсеткіш 3,9 пайыздан 5,7%-ға дейін, ал дамушы елдерде – 5,9 пайыздан 8,7%-ға дейін артады екен.

Дәл қазір сәуір айындағы тауарлардың бағасына қатысты толық дерек әлі жариялана қойған жоқ. Дегенмен, 1 сәуір мен 12 сәуір аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тікелей мемлекет бақылайтын және реттейтін бағалар тағы 1,8 пайызға, ал жыл басынан өткен аптаның басына дейінгі кезеңде 13,4 пайызға артқан. Сарапшылардың айтуынша, теріс динамика әлі де жалғасады. Алайда, азық-түлік бағасының рекордтық өсімі тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде байқалып отырғанын айта кеткен жөн. Бұл ретте қалыптасып отырған жағдай үкіметтің аса қажетті өнімдер өндірісіне серпін беру үшін отандық кәсіпкерлерге бұрынғыдан да мейлінше көңіл бөлуін міндеттейтіні даусыз. Осы ескерілмейінше, қымбатшылық жалғаса бермек.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

578 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қуантайұлы Нұржан

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редакторы