• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 12 Мамыр, 2022

Баға күнделікті бақылауда болуы тиіс

Үкіметтің цифрлық кеңсесінде премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады primeminister.kz.

Өңірлер бойынша ең жоғары баға өсімі өткен аптада Қарағанды облысында 0,4%, тағы 11 өңірде – Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, Маңғыстау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қа­зақстан, Алматы және Түркістан облыстарында 0,3% тіркелді.

Сауда және интеграция ми­нистрлігінің Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаевтың айтуынша, «айналым схемасы» құралының мониторингі бекітіл­ген қаржыландыру жоспарының толық қамтылмағанын көрсетеді.

Салалық ведомство бөлшек сауда объектілерінің рұқсат етілген сауда үстемесін сақтауы бойынша жергілікті атқару­шы органдардың жұмысын үйлестіруді жалғастыруда. Өткен аптада рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде үй маңындағы 33,6 мың дүкен немесе сауда объек­тілерінің 78,9%-ы қамтылды, 424 бұзушылық анық­талды. Соның нәтижесінде сауда үстемелері 15%-ға төмендеді.

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің деректеріне сәйкес, респуб­лика бойынша ӘМАТ қоры шама­мен 744 мың тоннаны құрайды, оның ішінде «айналым схемасы» аясындағы қорлар – 108 мың тон­на, тұрақтандыру қорларында – 25,6 мың тонна және 52,9 мың тон­наға форвардтық келісімшарттар жасалды.

Ауыл шаруашылығы министр­лігіне әкімдіктермен бірге өңірлер арасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің қажеттіліктерін ескере отырып, оларды жедел тәртіппен жеткізіп отыру үшін өндіріс пен тұтыну теңгерімін тұрақты негізде өзектендіру тапсырылды.

«Бүгінгі таңда оңтүстік өңір­лерде көкөністердің кейбір түрлері пісіп жатыр. Бағасы өсіп жатқан көкөністерді жеткізуге келісімшарт жасау қажет. Сонымен қатар күзде тұрақтандыру қорларында салыстырмалы түрде төмен бағамен қажетті азық-түлік көлемі болуы үшін форвард­тық сатып алу бойынша қар­жыландыруды арттыру керек. Және бұл жұмысты қазірден бастап жүргізген жөн», – деді Ә.Смайылов облыс әкім­деріне.

Сонымен қатар үкімет бас­шы­сы Сауда және интеграция минис­трлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, сауда үстемесін, әсіресе, оны көтерме сауда орындарында бақылауға ерекше назар аударуды, сондай-ақ «айналым схемасын» қаржыландыруды 100% ныса­налы деңгейге дейін жеткізуді тапсырды.

«Инфляция мәселелері халық­тың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер етеді, ол күнделікті бақылауда болуы тиіс. Әкімдердің осы бағытқа жетекшілік ететін орынбасарлары жағдайды бақылап, тиісті шаралар қабылдауы қажет. Бізде қажетті құралдар бар», – деп түйіндеді ол.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

363 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы