• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 12 Мамыр, 2022

Жобалар өңір дамуына серпін береді

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында премьер-министр Әлихан Смайылов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, энергетика, қаржы, білім және ғылым, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрлері баяндама жасады.

«Өңір басшылығының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – белгіленген жобаларды уақытылы және сапалы іске асыру, себебі олар әлеуметтік-экономикалық дамуға қосымша серпін беруі тиіс. Осы мақсатқа жету үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіліп жатыр», – деді Әлихан Смайылов.

Атап айтқанда, ағымдағы жылы Солтүстік Қазақстан облысын дамытуға 108,6 млрд теңге сома­сында шығындар көзделген. Респуб­ли­калық бюджетті нақты­лау кезінде қосымша 72,7 млрд теңге бөлінеді.

«Бірінші кезекте бұл шығын­дар өңірдің әлеуметтік және ин­женерлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалуы тиіс. Осы бағытта сапалы нәти­­желерге қол жеткізу үшін бөлін­ген қаражаттың тиімді игері­луін қамтамасыз ету қажет», – деді үкімет басшысы.

Кеңес барысында Әлихан Смайылов басқа да бірқатар мәселеге назар аударды. Әлемдегі азық-түлік тауарлары бағасының күрт өсуіне тоқталған үкімет басшысы барлық мемлекет­тік органдар мен өңірлердің басшылығының міндеті тиісті шараларды қабылдап, ішкі нарықтағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу екенін атап көрсетті.

«Солтүстік Қазақстан об­лысында жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 12,6%-ға өсті. Азық-түлік тапшылығы мен баға өсімін болдырмау үшін қолда бар барлық тетіктерді тиімді пайдаланған жөн. Әкімдік баға үстемесін бақылауды күшейтуі керек, ол 15%-дан аспауы тиіс», – деді ол.

Ә.Смайылов оңтүстік өңірлер­ден және Орталық Азиядағы көрші мемлекеттерден ерте пісетін көкө­ністерді әкелу үшін тікелей шарт­тар жасасу қажет екенін айтты.

Сонымен қатар сауда желі­лері арқылы «айналым схемасы» тетігін кеңінен пайдалану қажет, ал фор­вардтық механизм арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге тікелей келісімдер жасасу керек.

Бұдан бөлек премьер-министр облыста жалпы құны 320 млрд теңге болатын 37 инвестициялық жобаның пулы іске асырылып жатқанын атап өтті. Солардың арқасында 4 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

«Биыл 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашып, 36,2 млрд теңгеге 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Облыс әкімдігі барлық жобаларды жоспарланған мерзімде сапалы іске асыруды қамтамасыз етуі қажет», – деп атап өтті үкімет бас­шысы.

Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне 2022 жылғы шілде айының аяғына дейін республикалық маңызы бар «Петропавл – Қорған» күре жо­лының учаскесі бойынша жо­балау-сметалық құжаттаманың құнын түзетуді аяқтауды; 2023 жылдың соңына дейін аталған учаскені реконструкциялау жұмыс­тарын толық аяқтауды; осы жыл­дың соңына дейін нормативтік жағдайдағы жолдардың жоғары үлесін қамтамасыз етуді тапсырды.

Кеңесті қорытындылай келе, премьер-министр Солтүстік Қазақ­стан облысы басшылығы­­ның алдына барынша тиімді шешуді қажет ететін ауқымды және жауапты міндеттер қойылғанын атап өтті.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

381 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы