• Қаржы
  • 12 Мамыр, 2022

ВАГОНДАР ПАРКІ ЖЕКЕ КОМПАНИЯДА ҚАЛА БЕРЕ МЕ?

Қазір құрылыс материалының бағасы, елімізде шығып жатса да, қатты өсіп жатыр. Неге?

Өйткені құрылыс затын шығаратын компаниялар (кірпіш пен цемент зауыты, құрылыс тасын өндіретін фирма) күтпеген шығын шыға келген соң, амал жоқ, тауар бағасын көтеруге мәжбүр. Мұның басты себебінің бірі – теміржол тасымалына арналған тарифтің үнемі, жыл сайын өсіп отыратыны және жүк таситын вагонның тапшылығы.

 Елімізде теміржолмен жүк тасу бағасын реттеу саясаты мемлекеттің емес,  монополист компания «Қазақстан теміржолының» қолында тұр. Бұдан өзге, теміржол қызметінің қымбаттауына ҚТЖ мен жүк жөнелтушінің арасына тұрып алатын логистикалық «делдал» компаниялар да шаршатып бітті. Осының бәрі ҚТЖ-дан жалға берілген теміржол вагонының бағасын өсіріп жібереді.

– Нәтижесінде теміржол та­рифі екі ком­поненттен тұрады, біріншісі – тасы­малдау құны және локомотивке – операторға төлем, яғни «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС, екіншісі – «Қазтеміртранс» АҚ немесе логистикалық компания ұсын­ған вагондардың бағасы, – дейді Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Дәния Еспаева.

Осылайша, жүк тиеуге вагонды «Қазтеміртранс» сияқты компания береді, ал локомотивті ҚТЖ ұсынады.

Локомотивтің жетіспеушілігіне орай вагондар ұзақ уақыт бойы теміржолдан түспей жүреді, со­ның салдарынан жүк жөнелтуші кәсіп­керлер «ҚТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС кінәсінен тұрып қалған вагондар үшін айыппұл төлеуге мәжбүр. Мысалы, бір ғана ақтөбелік компания вагондары тұрып қалғаны үшін «KZ LOGISTICS COMPANY» деген ЖШС-тің пайдасына 5 миллион 237 мың теңге айыппұл төлеген!  Мұндай мысал көп.

Биылғы ақпан айынан бастап «Қазтеміртранс» компаниясы вагондардың тұрып қалғаны үшін жаңа тариф енгізді: бұрын 1 сағат тұрып қалғанға тариф 205 теңге болса, енді тоқтап тұрған сағатының санына қарамастан әр тәулік үшін 12 500 теңге тариф белгіленді.

–  Бастапқыда вагонның барлық паркі ҚТЖ-ға тиесілі еді. Кейін бүкіл парк «Қазтеміртранс» деген АҚ-ға берілді, ал тасымалдаушы болып «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бекітілді, – дейді Дәния Еспаева.

Сөйтіп, екі қошқардың басы бір қазанға сыймай, вагон жеткізудің проблемасы шыға келді. Зардап шегетін – жеке кәсіпкер. Бұдан соң баға өспей, қайда барады?

Соңғы жылдары вагондар паркін жалдау шарты бірте-бірте жеке ком­паниялардың қолына көшті, артынша олар бағаны өсіре бастады. Делдал компаниялардың пайда болуынан сыбайлас жемқорлықтың исі шығады. Бұлардың кейбірі жүк таситын топтың мүддесін көздеп жататына да өтірік емес. 

Биылдың 8-ақпанындағы Үкімет отырысында Президент делдал фирмалардың таратылуын атап тұрып тапсырды. Бірақ «Қазтеміртранс» компаниясы әзірге теміржол саласынан кетуге асықпай отыр...

Мұны мұқият түсініп, шұғыл шаралар қабылдау керек, бұлай кете берсе, құрылыс материалы мен азық-түлік бағасының өсуі тоқтамайды.

Ең әуелі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі теміржол вагондарын жеткізу саласында бәсекелестік бар ма, жоқ па, соны тексеруі керек. Және «ҚТЖ – Жүк тасымалы» компаниясының мо­но­полистік баға саясатын бақы­лауы тиіс. Жүкті теміржолмен жеткізу бағасын төмендету қажет, ол үшін вагондар ұсыну қызметіндегі барлық делдалды қуу керек.

Биыл «Қазақстан теміржолы» 1,5 мың жүк вагонын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл тарапта мемлекеттік субсидия бар. Сонымен бірге  электровоз (ALSTOM) бен тепловоз (ЛКЗ GE) сатып алу үшін де субсидиялау керек екені айтылып жатыр. Олай болса, ҚТЖ-ны бірте-бірте мемлекеттің қолына көшіру қажет.

Биыл ҚТЖ мен швейцариялық Stadler компаниясы елімзде жолаушылар вагонын өндіруді қол­ға алмақ. Халықаралық байқау қорытындысы бойынша, сонымен бірге «DB Engineering & Consulting» ұсыныстарының негізінде «Stadler Bussnang AG» швейцариялық компаниясы «Тұлпар» зауытының базасында жолаушы вагонын өндіру жобасында серіктес болып айқындалды.

Stadler вагондары бірқатар ар­тықшылыққа ие дейді. Олардың вагонын пайдалану мерзімі 40 жыл, еуропалық сапа стандарты, зама­науи дизайн, оқшаулау деңгейі және жаңа технологиялар трансферті бар екен.

– Сонымен бірге бұл вагонның отын багы көлемінің сыйымдылығы басқамен  салыстырғанда жолаушылар пойызы құрамына автономды режимде әлдеқайда ұзақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жалпы, вагондардың техникалық сипаты үздіксіз тасымалдау процесіне толық жарайды, – дейді ҚТЖ АҚ-ның вице-президенті Ерік Сұлтанов.

Вагондар өндірісін ұйымдастыру үшін жергілікті «Тұлпар» қызметкер­лері Stadler зауыттарында біліктілігін шыңдайды деп жоспарланып отыр.

Биыл елімізде отандық жолаушылар пойыздары да қатынамақ.

– Жылдам қозғалыс бағдарламасы бар. Жолаушылар тасымалындағы ескі вагондарды жаңаларына ауыс­тыру он жыл ішінде толық жасалып бітеді деп ойлаймын. Біз жыл сайын 150 вагон шығармақпыз. Қазір бізде 2,5 мыңға жуық вагон жұмыс істейді. Болашақта мұның бәрі жаңартылады. Зауыттар салынды және олар бағ­дарламаға сәйкес өндіреді, – дейді Ерік Сұлтанов.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

1778 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы