• Біздің сұхбат
  • 19 Мамыр, 2022

Жаңару мен жаңғыру нақты реформаларға негізделуі тиіс

Қазіргі таңда елімізде жаңа Қазақстанды құру жолында мемлекет пен қоғам тарапынан зор үміт пен сенім қалыптасып отыр. Бұл  мемлекет басшысына және үкіметке үлкен жауапкершілік жүктейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  биылғы жылдың 16 наурызындағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жаңа Қазақстанның мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, табыс алшақтығын жою, жұмыс орындарын ашу және инфляцияны тежеу. Бар күш-жігеріміз миллиондаған қазақстандықтың қауіпсіздігі мен тұрмыс жағдайының сапасын жақсартуды қамтамасыз етуге бағытталған», – деген еді. Ал еліміздегі тұрақтылықтың басты факторы – халық үшін бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына көңіл бөлінуі қажет. Оған жетудің басты құралы – жаңа жағдайға бейімделген экономикалық саясатты қалыптастыру. Сала мамандары мұндай саясат 30 жыл ішінде жіберілген қателіктер мен орын алған кемшіліктерді ескере отырып, жетілдірілген экономикалық реформаларды жүзеге асыруға негізделуі тиіс деген пікірде. Бұл туралы NARXOZ университеті «Экономика» ғылыми білім беру департаментінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Рақымжан ЕЛШІБАЕВПЕН жүргізген сұхбатымызда баяндалатын болады.

– Рахымжан Қамытбекұлы, тү­сінікті болу үшін ұлттық экономикамыз тәуелсіздік алғаннан бастап қазіргі кезге дейін қандай кезеңдерден өткендігіне қысқаша шолу жасап өтсек?

–Еліміз егемендігін алғаннан кейін өзінің ұлттық экономикалық даму стратегиясын қалыптастыра бастады. Онда мемлекеттік меншікке ғана негізделген жоспарлы экономикадан меншіктің аралас нысандары әрекет ететін нарықтық экономикаға өту жолын таңдады. Осыған байланысты ұлттық экономиканы дамыту жолында бірқатар экономикалық реформалар жүзеге асырылып, елі­мізде нарықтық экономиканың қызмет етуінің құқықтық негізі қаланды. Оның ішінде Президент жарлықтары, Үкімет қаулылары және әртүрлі арнайы бағдарламалар мен экономикалық даму стратегиялары қабылданды.

Тәуелсіздіктің алғашқы он­жылдығы ел экономикасының қалыптасу кезеңі деп айтуға болады. Өйткені ұлттық экономиканы қалыптастырудың алғашқы кезеңінде мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру үрдісі орын алды. Ол бірнеше кезеңдер бойынша жүргізілді және әр кезеңнің белгілі бір мақсаттары мемлекеттік меншікті жеке меншікке өзгерту тәртібі болды.

Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің 1-кезеңінің басталуы 1991 жылы 22 шілдеде қабылданған Қазақстан Респуб­ликасының «Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру туралы» заңы мен оның негізінде қабылданған нормативтік актілерге негізделді. Бұл кезеңнің мақсаты – меншіктің мемлекеттік нысанын оның басқа нысандарына бірте-бірте өзгерту, азаматтардың мемлекеттік кәсіп­орындардың мүлкін иеленуі. Бұл заң жекешелендірудің үш әдісін қарастырып, мемлекеттік меншікті кәсіпорынның еңбек ұжымдарына беру, аукцион және тендер бойынша сату жұмыстары жүргізілді.

Екі жылдан соң «Қазақстан Рес­публикасында мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің 1993-1995 жылдарға арналған Ұлттық бағдарламасы» мемлекеттік мен­шікті жеке меншікке өзгерту тәр­тібі мен жүйелілігін анықтады. Экономикалық маңыздылығы, салаға тиістілігіне, қызметкерлер саны, негізгі қорлар құны есебімен жекешелендіру объектілері ірі, орта және шағын кәсіпорындар топтары бойынша анықталды. Осы 2-кезеңде бірінші шағын кәсіпорындарды аукциондар және тендерлер өткізу арқылы, екінші ірі және орта кәсіп­орындарды, үшінші өте үлкен және мамандандандырылған меншік нысандарын жеке жобалар  негізінде, соңғысы агроөнеркәсіп кешеніндегі жекешелендірудің басты төрт бағыты айқындалып көрсетілді. Көп уақыт өтпей «Жекешелендіру туралы»  президент жарлығы қабылданданып, бір жылдан соң 1996-1998 жылдарға арналған Бағдарламасы бекітілді. Олардың негізгі мақсаты ел экономикасында мұнай-газ және көлік – коммуникация кешеніндегі, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, білім, ғылым мен басқа да саладағы кәсіпорындарды жекешелендіру үрдісін белсенді етуде жеке секторды иелену мен нығайту, үшінші кезең жекешелендіру үрді­сін негізінен аяқтау кезеңі болып есептелінді.

Сонымен қатар, мемлекеттік меншікті иелену мен басқару тиімділігін арттыру мақсатында төртінші бағдарлама әзірленді. Ол «Мемлекеттік мүлікті басқару және жекешелендіру тиімділігін арттыру­дың 1999-2000 жылдарға арналған бағдарламасы» деп аталды. Мұнда акционерлік қоғамды басқарудың  жаңа әдістері қарастырылып, сала­лық министрліктерге акциялардың мемлекеттік пакетін иелену құқығы берілді, ал олардың өкілдері инди­кативтік жоспарларды бекітуге, акцио­нерлер жиналысын өткізуге қатысу үшін директорлар кеңесіне кіргізілді.

– Жоғарыда аталған 4 кезең ішінде елімізге инвестиция тарту, өндіріс орындарын дамыту, шаруашылық жүргізуші субъектілерді жаңа жағдайға бейім­деу бойынша жүргізілген жұмыстар өткен уақыт еншісінде. Экономист ретінде ХХI ғасырдың алғашқы жылдарын ұлттық экономикамыздың даму кезеңінің бастауы ретінде қалай сипаттап берер едіңіз?

–Әлемдік нарықтағы қалыптасқан жағдай және шикізат құнының өсуі артық ақша массасының туындауына алып келді және осыған байланысты арнайы ұлттық қор құрылып мұнайдан түскен табыстар осы қорға аударылып отырды. Яғни 2001 жылы, ұлттық қор құрылды. Сонымен қа­тар ұзақ мерзімді экономикадағы өсім мен әлеуметтік-экономикалық  тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін шикізаттық бағыттан бас тарта отырып экономиканы әртараптандыру мәселесіне көңіл бөлу қажеттігі туындады. Сондықтан өзіндік қосылған құны бар өнімдер шығару, бәсекеге қабілетті, ғылымды көп қажет ете­тін және жоғары технологиялық өндірістердің үлесін арттыру, клас­терлік жүйені дамыту мен экономиканы әртараптандыру арқылы экономикалық өсу қарқынын ұлғайту басты міндеттердің бірі ретінде анықталды. Бұл бағытта 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясы қабылданып, аталған стратегия аясында даму институттары құрылды. Даму институттарының негізгі миссиясы елді әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа сатысына шығару, экономиканы модернизациялау және диверсификациялау саласындағы маңызды мемлекеттік тапсырмаларды орындау үшін отандық бизнестің мүмкіндіктері мен қабілетін іске асыру және арттыру болды. Алайда «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру бойынша сақтандыру корпорациясы» АҚ, «Қазақстанның инвестиция­лық қоры» АҚ, «Kazyna Capital Management» АҚ, «Инвестицияларға жәрдемдесу қазақстандық орталығы», ЖШС, «KAZNEX» «Экспортты дамыту және ілгерілету корпорациясы» АҚ, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ сияқты алғашқы кезеңде құрылған даму институттары күтілген нәтижелерге қол жеткізе алмады.

Барлық деңгейдегі бизнесті қолдау мен дамыту жүйелері ар­қылы экономиканың әртарап­тануына жәрдемдесу және елдің инвестициялық ресурстарын тиімді басқару мақсатында даму институттарының қызметін үй­лес­тіру үшін 2006 жылы «Қазына» тұрақты даму қоры құрылды. Ал, эко­номиканың мемлекеттік секторын басқаруды жетілдіру мақсатында стратегиялық мәні бар салаларды, индустриялық-инновациялық даму, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мен ғылыми-техникалық дамуды ынталандыру саласында ұлттық холдингтер – «Самұрық» мемлекет­тік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі», «ҚазАгро» ұлттық холдингі», «Самғау» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» акционерлік қоғамдары құрылды. Холдингтерді құрудың негізгі мақ­саты корпоративтік басқаруды же­тілдіру және елдің қор нарығын дамыту жолымен мемлекет қатысатын компаниялар холдингтерінің құра­мына кіретін ұзақ мерзімді құнды­лықты барынша көбейту болып табылады.

2007 жылдан бастап елімізде Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрылып қызметін жүзеге асыра бастады. Олар аумақтағы экономиканың дамуына, мемлекеттік және жеке меншік капиталдарды біріктіру жолымен кәсіпкерлік қызметті дамытуға, сонымен қатар сәйкес аймақтың әлеуметтік жобаларын іске асыруға қолайлы жағдай туғызуды көздейді. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметі әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге, инвестициялар тарту үшін ұймдастырушылық және экономикалық шарттарды қамтамасыз етуге, өңіраралық экономикалық байланыстарды дамытуға, мемлекеттік активтерді тиімді басқаруға бағытталған.

Экономиканы әртараптандыру және жаңғырту үшін серпінді жобаларды іске асыратын, мемлекет пен бизнес-қоғамдастығы арасындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың жаңа моделі ретінде 2007 жылы «30 корпоративті» көшбасшы бағдарламасы қабыл­данды. Бірақ, бұл бағдарлама іске асырылмады.

Баршаға мәлім, бұл аталған құры­лымдардың барлығы да экономи­каны жоғары қарқынмен дамытуды қамтамасыз ете алмады. Кері­сінше экономиканы дамытуға, бәсе­келестікті шектеуге ықпал етті. Оған түрлі ішкі және сыртқы факторлар өзіндік әсерін тигізді.

2000 - 2007 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы жылына орташа алғанда шамамен 10 % қарқынмен өсіп отырды. Бірақ, 2007жылы тамыз айында басталған АҚШ-тың ипотекалық нарығындағы дағдарыс біздің ұлттық экономикамызды айналып өтпеді. Осыған байланысты Үкіметтің, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агент­тігінің экономиканы және қаржы жүйе­сін тұрақтандыру жөніндегі 2009 – 2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Онда қаржы секторын тұрақтандыру, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп­тік кешенді дамыту, сонымен қа­тар инновациялық, индустриалдық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда осы 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізілді.

Анықталған міндеттерді жүзеге асыруда Ұлттық қордан 10 млрд. доллар көлемінде қаражат бөлінді.

Дағдарысқа байланысты толық көлемде іске аспаған индустриялық-инновациялық даму стратегиясының жалғасы ретінде 2010 жылы 19 наурызда «Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық дамуының 2010-2014 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасы» қабылданды. Бұл бағдарлама да елі­мізді индустриялық мемлекетке айналдыруды қамтамасыз ете алмады. Тіпті, 2015-2019 және 2020-2025 жылдарға арнал­ған индус­­триялық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданып үлге­рді. Бірақ, қағаз жүзіндегі бұл бағдар­ламалардың барлығы өз нәтижесін бере алмайды және оған халықтың сенімі де аздау.

– Жаңа Қазақстанның жаңа эко­но­микалық саясатын әзірлеуге ерекше көңіл бөлінуі қажет емес пе?

– Әрине, көршілес мемлекет­тер­дегі геосаяси шиеленістер де ұлт­тық экономика жүйесіндегі өзекті мәселелердің көптігін, экономика салалары мен секторлары бойынша дамудың тың серпілісі қажет екендігін көрсетіп отыр.

Еліміздің стратегиялық жоспар­­лау және реформалар агенттігі Ұлттық ста­тистика бюросының ресми жедел ақпараттарына сүйенсек, 2022 жылдың сәуір айында инфляция деңгейі 13,2%, жұмыссыздық деңгейі 4,1% шамасында. Бірақ, ресми статистикалық көрсеткіштер мен нақты қалыптас­қан жағдай арасындағы айырмашылық айтарлықтай, көбінесе шынайы мә­ліметтер көрсетілмейтіндігі жасырын емес. Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме көлемін 14%-ға дейін ұлғайтуының басты мақсаттарының бірі инфляция деңгейіне ықпал ету болып табылады. Алайда мұндай шара жеткіліксіз және мемлекет кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдап жүзеге асыруы тиіс.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

427 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы