• Бизнес & Қоғам
  • 19 Мамыр, 2022

Қоғамның коммуникациялық көпірі

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Қай уақытта да билік пен бұқара, басшы мен қосшы, аларман мен сатарман арасы көзге шалынбас «орамал сынды тон болмайтын» нәзік жол – қоғаммен  байланыс технологиялары арқылы ұштасып келген. Мемлекет тізгінін бір күннің емес, болашақтың қамы үшін ұстаған игі-жақсылар осы арқылы әрдайым халық қабағын бағып, жамиғат райына, оның мұң-мұқтажына құлақ түрген, елін ұшпаққа шығарып, көсегесін көгерткен. Ыбырай ұстаз айтқандай, «тастан сарай салдырған» өнер-білімі бар демократиялық жұрттардың әлемге жайған өнегесінің бірі, ағылшын тілінде «рublic relations (паблик рилейшнз)», қысқаша PR деп аталатын, тілімізде ілкіде жұртшылықпен байланыс делініп,  бүгінде дуалы ауыздар қоғаммен байланыс деп айдар таққан осынау әлеуметтік құбылыстың түп төркінін кей зерттеушілер бағзы замандардан іздегенімен, оның бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайған тұсы «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» өнеркәсіптік технологиялар дәуірімен тұспа-тұс келеді.

Қоғаммен байланыс менеджмент саласы ретінде ХІХ ғасырда Америка Құрама Штаттарында өмірге келді. Америкада ол қалыптасып, дамудың өзіндік белесті жолдарынан өтті.  PR терминін АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джеферсон алғаш рет қолданды деген ақпарат бар. Американың алтыншы президенті Эндрю Джексон да журналистер қауымының қызметіне жиі жүгінгені белгілі. Сол тұста бұл атаусөз «қоғамның коммуникациялық көпірі, ортақ игілікке бағытталған әрекет» деген ұғымды білдірген. Сондай-ақ  PR терминін америкалық зерттеуші Дорман Идон 1882 жылы қолданысқа енгізгені туралы жазылып жүр. Жиырмасыншы ғасырда ағылшын-саксон елдерінде жаңа PR мектептері қалыптасты,  қоғаммен байланыс қауымдастықтары, сала майталмандарының басын қосқан бірлестіктер құрылды, кәсіптік мінез-құлық кодекстері әзірленді. Мәселен 1948 жылы Америка қоғаммен байланыс қауымдастығы құрылды, 1953 жылы Халықаралық сауда палатасы PR жөнінде комиссия жасақтады. 1954 жылы алғашқы PR этикалық кодексі жасалды. 1955 жылы Лондонда Халықаралық PR ассоциациясы (ІPRA), 1959 жылы Еуропалық Паблик рилейшнз конфедерациясы (СЕPR) құрылды. 1961 жылы ІPRA  кәсіптік мінез-құлық және PR этикасын қабылдады. 1978 жылы Паблик рилейшнз саласындағы Еуропалық кәсіби кодекс қабылданды.  Ал, Батыс Еуропа елдерінде қоғаммен байланыстың әлеуметтік-экономикалық өмірдің дербес саласы ретінде  қалыптасуының шоқтықты кезеңі постиндустриялық қоғамның іргесі қаланған 1960 жылдармен тұспа-тұс келеді. Мұнда 1970 жылдары қоғаммен байланыс дербес пән ретінде университеттер мен колледждердің оқу бағдарламаларына енді, әлеуеті мығым компанияларда PR  бөлімдері мен департаменттері құрылды.  Бүгінгі таңда қоғаммен байланыс Еуропада институционалданған құрылым болып табылады. PR  отаны Америка Құрама Штаттары болғанымен, Еуропада да өзіндік төлтума ғылыми мектептер қалыптасқан. Мәселен, Германияда қоғаммен байланысты саяси  күштерді біріктіретін құрал ретінде бағалайтын ерекше тұжырымдама өмірге келді. Қоғаммен байланыстың француз мектебінің өкілдері адам факторы есепке алынатын әлеуметтік технологияларды жасауға ұмтылуда. Ал,  «социалистік лагерьде» болуына байланысты Батыстан  кенжелеп қалған Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде ұлттық қоғаммен байланыстың өркендеуі өткен ғасырдың 90-шы жылдарымен тұспа-тұс келді. Ұйымдық тұрғыдан топтасу мақсатында  1990 жылы Венгрия мен Словенияда, 1994 жылы  Польшада, 1996 жылы Болгарияда кәсіби ассоциациялар құрылды.  Сөйтіп, Орталық және Шығыс Еуропа әлемдік қоғаммен байланыс қауымдастығының   ажырамас бөлігіне айналып келеді.

Тілімізге тиек болып отырған қоғаммен байланыс мемлекетті басқару құралы әрі мамандық ретінде Қазақстанда тоқсаныншы жылдардың орта тұсынан өз алдына отау тігіп, қаз тұра бастады. Қазіргі заманғы менеджмент пен маркетингтен хабары бар, журналис­тік шеберлікті меңгерген кадрларға-пиаршыларға деген сұранысты қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындарында білікті мамандар даярлау қолға алынды. Қоғаммен байланыс жөніндегі үкіметтік емес ұйымдар, атап айтқанда 2001 жылы Жұртшылықпен байланыс жөніндегі ұлттық ассоциация  және Қазақстан PR кәсіпқойларының «PR-шы» клубы сияқты бірлестіктер өмірге келді. Ассоциация елімізде азаматтық қоғам орнату үдерісіне белсене араласуда, мемлекетпен және жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, сала бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатуда, PR мамандарының біліктілігін арттыруға жәрдемдесуде. Ассоциация мүшелері 2008 жылғы 17 маусымдағы жалпы жиналысында қоғаммен байланыс саласындағы кәсіби және этикалық принциптер кодексін қабылдады.  Ал, 2002 жылы құрылған «PR-шы» клубының негізгі міндеті кәсіби қоғаммен байланыс нарығын дамытуға жәрдемдесу болып табылады.

Клубтың бастамасымен әр жылдың 15 мамырында отандық PR қызметкерлері күні атап өтілуде. Осы ретте Ресей мен Украинада пиаршылар күні шілденің соңғы онкүндігінде, Беларусьте 1 қарашада, ал алыстағы Үндістанда 21 сәуірде тойланатынына тоқтала кетпекпіз.  Халықаралық қоғаммен байланыс күні болса әр жылдың 28 қазанында мерекеленеді. Бұл күні тарихтағы тұңғыш баспасөз хатшысы Айвен Ли 1906 жылы өзінің алғашқы пресс-релизін жазып, таратқан болатын. Биыл қоғаммен байланыс мамандарының кәсіби күні өткен жексенбіде атап өтілді. Ал, мамырдың 27 жұлдызында дәстүрлі  «PR-форум» өткелі отырғанын оқырмандар есіне сала кетпекпіз.

2021 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы