• Өндіріс өрісі
  • 19 Мамыр, 2022

Металл сынықтары өз қажетімізге жаратылады

Бүгінде елімізде барынша дайын өнім шығаруға ерекше мән беріліп отыр. Ал түсті және қара металл сынықтары – қайталама металлургия кәсіпорындары үшін шикізаттың негізгі стратегиялық көзі. Осы тұрғыда қайта өңдеушілер үшін шикізаттың тапшылығы мен өндірістің тиісті деңгейде жүктелмеуі себепті, ел аумағынан қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын шығаруға уақытша тыйым салынды.   

Дегенмен, сала кәсіпкерлері металл экспортына тыйым салу шығындарға, жұмыссыздыққа әкеледі деген пікірде. Олар бұл мәселе салалық қауымдастықтардың пікірін ескерусіз қаралғанын, кейбір өзекті тұстар назарға алынбағанын айтады.

Қазақстанның түсті және қара металл сынықтарын дайындаушылар мен қайта өңдеушілердің өзін-өзі реттейтін ұйымының басшысы Владимир Лик, шектеу шараларына тот баспайтын болат та түсіп отырғанын мысалға келтірді. «Қазақстанда металдың осы түрін өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ, тіпті Ресейде де мұндай зауыттар жоқ. Негізінен біздің кәсіпкерлер Еуропаға қайта өңдеуге жеткізеді. Логистика тұрғысынан – олар машиналармен тасымалдайды. Тот баспайтын болатты үшінші елдерге экспорттау кезінде кемінде 5% мөлшерінде баж төленеді. Бұл республика бюджеті үшін елеулі қаржы», – деді ол. 
Ұйым өкілдерінің айтуынша, осы шектеулерге байланысты бірқатар кәсіпорындарды жабуға мәжбүр болып отырған жағдай қалыптасты. Белгілі болғандай, бұл мемлекет пен сынықтарды дайындаушылардың өзара әрекеттесуінің жалғыз проблемасы емес. Оған қоса, отан­дық зауыттардың барлығы бірдей тауарды уақытында төлемейді. Сондықтан олар шикізатты ішкі зауыттарға жеткізуге дайын екендіктерін, бірақ нарықтық баға, зауыттарда тиісті қабылдау және уақытылы төлем секілді негізгі шарттар сақталуы керектігін алға тартып отыр.
Ал Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрлігі индус­трия­лық даму комитеті басқармасы қа­зіргі уақытта отандық металлургия кәсіп­орындары металл сынықтары түріндегі шикізатқа толмай отырғанын түсіндірді. Сондықтан министрлік қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтары түріндегі шикі­затты әкетуге уақытша шектеу енгізілгенін, бұл ел экономикасына теріс әсер етпейді деп санайтынын мәлімдеді. Металлургия  – ел экономикасының негізгі салаларының бірі. Саланың жекелеген өңірлердің макроэкономикалық көрсеткіштерін қалыптастыруда маңызы зор. Елдің ЖІӨ-дегі қара металлургияның үлесі 0,63%-ды, ал өңдеу өнеркәсібінде 18,6%-ды құрайды. «Біз металл қабылдау пункттері жабылмайды деп ойлаймыз, өйткені сынықтар ішкі нарыққа да сатылады. Бұдан басқа, шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында министрлік алаңында ИИДМ, дайындаушы кәсіпорындардың шикі сынық­тар қауымдастықтары және метал­лургиялық компаниялар арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, онда металл сынықтарын жеткізуге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу, оларды жеткізудің тұрақтылығы, сынықтардың жеткізілген көлемдері үшін ақы төлеу, олардың шарттары, техникалық талаптары, сынықтарды дайындаушы кәсіпорындардың мониторингі және басқа да міндеттемелер көзделген», – деп атап өтті индустриялық даму комитетінің басшысы Жанат Игісінов. 
ИИДМ хабарлауынша, қазіргі уақытша шектеу – бұл тактикалық қадам. Сондай-ақ Қазақстан қайталама шикізатты шығаруға шектеу қоятын жалғыз мемлекет емес. Мұндай шара Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Армения, Өзбекстан және Беларусьте қолданылады. Металл сынықтарын шекарадан теміржол көлігімен тасымалдауға болады. Ал түрлі түсті металл сынықтары мен қалдықтар үшін толық шектеу енгізілген. Қазіргі кезде қазақстандық қайта өңдеушілерге тіпті ішкі металл айналымы жетіспейді және олар көрші мемлекеттерден импорттауға мәжбүр. Негізгі себеп отандық кә­сіпорындардың тиісті деңгейде қам­тамасыз етілмеуіне байланысты. Осы орайда қара металл сынықтарын пайдаланатын металлургия секторы мәселесін атап көрсетуге болады. Олардың жүктемесі тек үштен бір деңгейде ғана. Мақсат – осыны тиісті деңгейде қамтамасыз ету, яғни кем дегенде өндірісті 70-80 пайыз көлемінде жүктеу. Қазірде елімізде металл сынықтары мен қалдықтарын негізгі шикізат ре­тінде пайдаланатын 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл компаниялар өндірісінің жиынтық көлемі 2 трлн теңгеден, ал экспорт 2,5 млрд АҚШ долларынан асады. Ал осы кәсіпорындарда 37 мыңнан астам адам еңбек етеді және жылына 119 млрд теңгеден астам салық төлейді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

386 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы