• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 19 Мамыр, 2022

Межеге сапалы жету керек

Мал шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды элементі. Қазірде әлеуметтік маңызы бар 19 өнімнің төртеуі – құс еті, шұжық, сүт және сүт өнімдері импортқа тәуелді. Сондықтан осы өнім түрлерін шығаруда отандық өндірушілердің үлесін 100%-ға дейін арттыру аса қажет. Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов осыны ескертті. Мал шаруашылығымен қатар, жиында сондай-ақ автожол саласын дамыту мәселесі қозғалып, тиісті міндеттер белгіленді.

ЖЕТКІЛІКТІ БОЛМАСА – ЖЕМ-ШӨП УАЙЫМ

Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің басшысы Ербол Қарашөкеевтің ақпаратына сәй­кес, мал шаруашылығының үлесіне республиканың ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 42,1%-ға жуығы тиесілі. Экспортта мал шаруашылығы өнімінің үлесі 4%-ды құрайды. Өткен жылы мал шаруашылығы саласында 70 млрд теңгеге жуық сомаға 53 инвестициялық жоба іске асырылды. Атап өтсек, сүтті мал шаруашылығында импортты алмастыру жөніндегі тапсырмаға сәйкес қуаты 57 мың тонна өнімді құрайтын 35 сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді.

Үкімет басшысы атап айт­қандай, мемлекет мал басын көбейтіп, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығына арнайы қолдау көрсетіп келеді. Оның ішінде шаруаларға инвестициялық жобаларды іске асыру, техника мен жабдықтарды сатып алу кезінде шығындарды өтеуге қаржы қарастырылған. «Біздің алдымызда тұрған аса маңызды міндет – өнім түрлерін шығаруда отандық өндірушілердің үлесін 100%-ға дейін арттыру. Әсіресе, шикізатты терең өңдеу жобаларын іске асыруға баса назар аударып, сыртқы нарықтарға шығуды да ескеру қажет», – деді Ә.Смайылов.

Талқылауды қорытындылай келе, премьер-министр бірқатар тиісті тапсырма берді. Ол атап өткендей, мал шаруашылығын тиімді дамыту үшін тиісті жем-шөп базасы қажет. Жыл сайын елімізде жем-шөп қажетті зоотехникалық нормадан 2 есе аз дайындалады. Жем жетпеген соң, оның бағасы да қымбаттай береді. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министр­лігі мен облыс әкімдіктеріне жем-шөп дақылдарының егіс алқаптарын көбейтіп, шалғайдағы жайылымдардың инфрақұрылымын жаңғырту тапсырылды. Бұл жұмыстарды қаржыландыруға басымдық беру керек. Сонымен қатар елімізде мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар өндірістік қуаттарын толық  пайдаланып отырған жоқ. Осыған орай ауыл шаруашылы­ғы тауарын өндірушілерді ұсақ өндіру­шілер мен қайта өңдеуші кәсіп­орындарды байланыстыратын дайындаушы ұйымдар желісін құруға ынталандыру қажет. «Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері мен жергілікті атқарушы органдардың міндеті – өнімді өндіруші мен өңдеушіге дейінгі нарықтың бар­лық қатысушыларының интеграциясына жағдай жасау», – деді үкімет басшысы.

Бұған қоса Ауыл шаруашы­лығы министрлігіне субсидиялау жүйесін жетілдіру аясында селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді қолдау шараларын пысықтау тапсырылды. Ғылыми тәсілдерді енгізу — мал шаруашылығы саласының тиімділігін арттырудың маңызды шарты. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктеріне және «Атамекен» ҰКП-ға Салаға инновацияларды енгізу жөніндегі жол картасын дайындау тапсырылды. «Фермерлер мен инвесторлар заманауи технологиялар мен ғылыми жаңалықтарды енгізуге қаражат бөлуге мүдделі болуы тиіс. Жалпы, мал шаруашылығын дамыту мемлекеттік органдардың, фермерлердің, бизнестің, ғылым мен ветеринарияның ортақ позициясы мен бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана нәтижелі болмақ», – деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

АҚЫЛЫ  ЖОЛДАР ДЕҢГЕЙГЕ САЙ МА?

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігінің деректеріне сәйкес, еліміздің автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды, оның ішінде 25 мың км – республикалық маңызы бар жолдар, 71 мың км – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. 2025 жылға дейін нормативтік талаптарға сәйкес республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 100%-ға, жергілікті жолдардың осындай үлесін 95%-ға дейін жеткізу көзделген. «Көлік-транзит әлеуетін арттыру міндетін іске асыру сегіз автомобиль транзит­тік дәлізін жаңғырту арқылы қамтамасыз етіледі. Жалпы, барлық дәліздер толық қуатында жұмыс істейді. Жекелеген учас­келерде өткізу қабілетін арттыру арқылы реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев.

Ә.Смайылов еліміздің жол көлік қатынасын дамыту үшін соңғы жылдары ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысы бойынша жоба іске асырылды. Екі мың шақырымнан астам жол ақылы жүйеге көшті. Бұл – жол инфрақұрылымын өзін-өзі қамтамасыз ету бойынша халықаралық озық тәжірибе. Дегенмен, премьер-министрдің айтуынша, ақылы жүйеге ауысып жатқан жолдардың жағдайына қатысты халықтың шағымы да бар. Осыған орай «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-қа жолдарды күтіп-ұстау сапасы мен қауіпсіздігі бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

«Қуатты өңірлер – ел да­муы­ның драйвері» ұлттық жобасына сәйкес биыл республикалық маңызы бар жолдардың 91%-ын және жергілікті жолдардың 85%-ын нормативтік жағдайға келтіру жоспарланған. Ол үшін жалпы ұзындығы 4,3 мың км автожолды қайта жаңғырту және жаңа жолдар салу бойынша ірі жобалар іске асады. Сонымен қатар жол бойындағы 1 110 қызмет көрсету нысаны тиісті стандарттарға сәйкестендіріледі. Үкімет басшысы қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар проблемалық мәселелер бар екенін нақтылады. Олардың ең негізгісі – жолдардың, әсіресе, жергілікті жердегі жолдардың нашарлығы. Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сәйкес, Қазақстан жол сапасы жағынан әлемде 93-орында. «Мемлекет басшысы жолдардың нашар жағдайын бірнеше рет айтты. Әрбір әкім өңірдегі жолдардың жай-күйіне тікелей жауапты екенін атап өткім келеді», – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ жолдардың сапасына, оларды жөндеу және салу мерзімдеріне білікті кадр­лардың тапшылығы, жаңа құ­рылыс материалдары мен заманауи технологиялардың аз қолданылуы әсер етеді. Жауапты ведомствоға осы мәселелерді пысықтау тапсырылды. Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әкімдіктермен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-пен бірлесіп, жоспарланған жобаларды уақытында пайдалануға беруді және бөлінген қаражатты толық игеруді қамтамасыз етуі қажет. Құрылыс жұмыстарын үзіліссіз жүргізу үшін Энергетика министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-қа құрылыс компанияларын қажетті мөлшерде битуммен және инертті материалдарды жеткізу үшін теміржол вагондарымен қамтамасыз ету тапсырылды. Әкімдіктер «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-пен бірлесіп, қызмет көрсету нысандарын салу үшін автомобиль жолдары бойында жер бере отырып, осы бағытты дамыту жұмыстарын жандандыруы тиіс.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

337 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы