• Экспорт
  • 19 Мамыр, 2022

СЫРТҚЫ САУДАНЫҢ СЫРЫ БРЕНДТЕ ҒАНА ЖАТЫР МА?

Еліміздің экспортқа шығатын тауарының бренді, әлдекімдер ойлағандай әлсіз де емес. Совет дәуірінің өзінде қазақстандық бальзам, «Қазақстан» сигареті сияқты үздік өнімдердің болғанын жақсы білеміз. Ол дәуірден қалған бір тәмсіл бар. Мәскеудегі одақтық министр бірде бүкіл Совет одағындағы темекі комбинаты директорларын жинап алып жиналыс өткізген деседі.

Сол отырыста әркім өз сига­ре­тін мақтап көзге түсуге тырысады. Алматы темекі комбинатының директоры үнсіз отырыпты. Министр: «Сіз неге өз өніміңізді  насихаттамайсыз?» деп сұрайды. Сол кезде алматылық директор: «Мен өнімімді мақтамай-ақ қояйын, тек бәріңіз қалтаңыздағы темекі қорабын үстел үстіне қойы­ңыз­даршы» дейді. Сөйтсе, әлгі ди­рек­торлардың бәрінің қалтасынан «Қазақстан» сигареті шыққан екен...

Дүйсенбі күні өткен Қазақстан экспорт­таушыларының форумына жетпістен аса экспорт­таушы компания қатысып, шетелдік нарыққа шы­ға­ра­тын тауарларын көрсетті. Бұл – ел экс­порттаушыларының  тұңғыш фору­мы. Бұған дейін осы мазмұндағы іс-шара өткен емес.

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов форумды ашып, еліміздегі белсенді экспорттаушының саны 540-тан асқанын атады. Бұл – былтырғы көрсеткіштен 100 пайыз көп нәтиже.

Жасыратыны жоқ, қазір біздің нарық көп жағдайда сыртқы өн­діріске тәуелді. Негізгі тауар Қытай мен Ресейден алынады. Ал ішкі тауар өндірісі, сыртқы сауданы айтпағанда, отандық сұранысты кейде қанағаттандырса, кейде толтыра алмай жатады. Азды-көпті тауардың экспортына да шектеу түскені белгілі.

Форумда министр: «Екі жылдан бері Қытай тарабы шектеу шарасын қойып отыр. Екі жылдан бері үкіметтік деңгейге шекарадан тауар өткізу мәселесін талқылап ке­леміз. Оның үстіне соңғы кездегі Украинадағы жағдай сыртқы саудаға кері әсерін тигізіп отыр. Дағдырыс меңдеген кезде үкімет транспортшылар одағымен бірлесіп осы мәселені оңтайлы жолға қоюға тырысуда» деп атап көрсетті.

Бұл мәселеде тағы да бір проблема бар. Ол – тұтыну нарқына бағдар ұстау. Яғни тауар өткізетін алушы табу. Жиында кәсіпкерлерге біздің өнімді сыртқы нарыққа шығару үшін сыртқы істер министрлігімен бірлесіп экспорт бағдарламасын белгілеу мәселесі айтылды. Соның нәтижесінде әлемдік деңгейдегі екі жү­зге жуық ықтимал нарық бел­гі­ленбек.

Біздің сыртқа тауарларды экс­порттау жағынан келгенде мүмкін­дігіміз жаман емес.  Мәселен, AFilter.kz компаниясы суға арналған полипрофилен фильтр, «Полезные продукты» компаниясы биойогурт өнімін ұсынады. Бір ғана «QazTrade» ком­паниясы ғана жиырмадан астам баға­лы өнім шығаратын көрінеді. Қазақ­стандық зауыт өндіретін акселератор да әлемдік нарықта сұра­нысқа ие екен.

Бұл жерде іскерлікпен қоса пысық­тық та керек, дейді сарапшылар. Дәл осы тұста тарихи бір оқиға еске түседі. Павлодар қаласында жергілікті өкімет әлі күнге дейін бір тасына тиіспей сақтап отырған көне ғимарат бар. Ел оны «көпес Деевтің» үйі деп атайды. Бұл Деев кім еді?

Тарихи деректерге қараған­да, ұлты мордва, осы бір көпес ішкі Ресейден өте арзанға «әулие Георгийдің» екі мың иконасын сатып алып, оны анау-мынау емес, Иранға сатуға шығарады. Ал Иранның Мешхед деген қаласы ислам фанатизмінің орталығы екен. Көпес Деев осы қалада православие дінінің екі мың иконасын қымбатқа сатып байыған деседі. Әрине, мұсылман елінде басқа діннің жәдігерін саудалау – бір қа­рағанда мүмкін емес нәрсе. Ал Деев не істеген дейсіз ғой. Әлдебіреуден Фердоусидің «Рүстем дастан» қис­сасын естіген ол иконадағы ажда­һаны найзамен түйреп тұрған әулие Георгийді парсыларға «бұл – Рүстем батырдың өзі» деп көрсетеді. Міне, бренд еместен бренд жасаудың тарихи бір мысалы осы. Әрине, қазіргі заманда мұндай алаяқтыққа жол жоқ, дегенмен осы бір тарихи оқиғаның болғаны рас.

Экспорттаушылардың бірінші форумында саланы ынталандыру­дың мүмкіндіктері қарастырылыпты. Кейбір компанияларға жұмыстағы жетісктері үшін бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Қазақстан экпортының соңғы кезеңдегі өтімді тауарының бірі, әлемдік азық-түлік тапшылығына орай бағасы жерге түспей отырған өнім – өсімдік майы. Соңғы кезде, басқаны айтпағанда, іргелес Орта Азия нарқында ұн өнімдерімен қоса өсімдік майына сұраныстың арта түскенін байқауға болады. Әлбетте, бұл жағдай еліміздің экспорттаушылары үшін пайдалы.

Сауда және интеграция министр­лігі берген деректерге қарағанда, елдегі май өнімінің тауар айналымы былтыр 614 млн доллар болыпты. Бұл 2020 жылғыдан 12,3 пайызға көп. Экспорт көлемі 275 млн долларға артқан. Елімізден шетелге 116,6 млн доллардың өсімдік майы, 33,1 млн доллардың маргарин майы шығарылған көрінеді. Бұл өнімнің өсімі әлі де жалғасып жатыр. Биылдың бірінші тоқсанында сыртқа сатылған майдың мөлшері – 122,4 млн тонна.

Май өнімінің басты ойыншысы­ның бірі – «Шымкентмай» компаниясы. Бұл компания ішкі нарықты қамтамасыз етумен қоса, сыртқа да мол өнім шығарады. Бұрын мұнда тек мақтадан ғана май алынатын. Қазір оның қатарына күнбағыс, рапс, бұршақ, соя қосылды.

Осы кәсіпорын соңғы кезде сабын шығара бастаған. Зауыт былтыр ғана 32 мың тонна өсімдік майын, 94 мың тонна азық өнімін, 6,8 мың тонна сабын шығарыпты. Компания негізінен Шымкент, Түркістан, Тараз, Алматы, Сарыағаш қалаларын, Түркістан  және Алматы облыстарын сапалы өніммен қамтамасыз етеді.

Соңғы жылдары компания эк­спортқа да өнім шығара бастады. Қазір «Шымкентмай» компа­ниясының басты табысының 70 пайызы сыртқы саудадан түседі. Зауыт басшыларының айтуынша, бұрын кәсіпорын шетелге тек май мен сабын ғана шығаратын. Қазір оның құрамына ірі қара малдың жемі де еніп отыр. Алушылар қатарында Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Қытай, Иран және Түркия елдері бар.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда экспортты дамытып, сыртқа тауар жіберудің мүмкіндігі баршылық. Бәрінен б­ұрын үкіметтің осы мәселеге көңіл бөле бастағаны қуантады. Оның басты айғағы елімізде алғаш рет өткізілген экспорттаушылар форумы дер едік.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

652 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы