• Спорт
  • 26 Мамыр, 2022

Тегін үйірмелер неге қымбат?

Өткен аптаның сәрсенбісі, 18 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев спорт үйірмелерінің құрылтайшылары мен жұмысшыларының арасында әлеуметтік шиеленіс пайда болғанын мәлім етті. Мәселенің мәнісі осыдан екі жыл бұрын қолға алынған маңызды шара – балаларды, мектеп оқушыларын шығармашылық және спорт үйірмелеріне тегін қатысуға мүмкіндік берген «Артспорт» бағдарламасының жабылып қалу қаупі туындауында.

Шын мәнінде, жағдайдың сонша­лықты ушығуы салдарынан бұл Нұр-Сұлтан қала­сы мәслихатының Әлеу­мет­тік-мәдени даму және бюджет мәселелері жөніндегі бірлескен отырысы барысында қызу талқыға салынды. Күн тәртібінде «Артспорт» бағдарламасын жүзеге асыру­шылар­дың мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыстарына қатысты қалалық мәслихатқа сұрау салуларын талқылау мәселесі қаралды. Отырыс жұмысына мем­екет­тік органдардың басшылары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, тіпті жеке­леген белснді ата-аналар да қатысты.

Талқылау барысында маңыз­ды шараның басталмай жатып-ақ, ақпан айында қаржылан­дыру түгесіліп, бөлінген қаражат жылдың аяғына дейін жетпей қалғаны айтылды. Спорттық сек­­цияларға 1,3 миллиард теңге жұмсалса, шығармашылық бағыт­тағы үйірмелерге – 2 миллиард теңге бөлінген.

Осындай мәліметтерге қара­мастан тіпті наурыз айынан бері спорттық секциялар жат­тықтырушылары, үйірмелерді ұйымдастырушы мекеме­лердің қызметкерлері жалақыларын да алмаған. Алайда, белсендірілген (artsport.edu сайты арқылы есепке алынып, үйірмелерге жазылып, спортпен және шығар­машылықпен белсенді айналысып жүрген) ваучер­лері іс үстіндегі балалар сүйікті істерін одан әрі жалғастыруда.

Бұл ретте мен өз басымдағы, негізінде өзімнің кенже ұлым­ның мысалында, «Артспорт бағдарлама­сының» қалың жұрт­шылыққа, ата-аналарға (әсіресе көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған жанұяларға) қаншалықты пайдалы әрі сөзсіз қолдау болғанын атап айтқым келеді. 6 жасқа енді толған бала үшін өзін қоярға жер таппай жүргенінде, тап осы бағдарлама «іздегенге – сұраған» болып шықты. Осы жылғы ақпанның ортасынан аса астанамыздағы Байқоңыр ауданында орналасқан «Sana» оқу-білім орталығы жеке кәсіпорны (директоры Мақпал Бар­лыққызы Тастанова) жариялаған хабарландырулары арқылы Елнар ұлы­мыз каратэ секциясына тіркелді. Сөйтіп, алғашқы күндерден-ақ асқан қызығушылықпен күнара өткізілген спорттық жатты­ғу­лардың бірін де қалт жібермей қатысып жүрді.

Ең бастысы, спорт – тек денені шы­нықтыру, өзіңмен қатарлас құрбы-құрдастарыңмен еркін ойнап, етене араласу ғана емес, сондай-ақ баланы қатаң тәртіпке тәрбиелеуші де. Ұлымыз алғашқы апталарда-ақ өзін тың әрі сергек сезініп қана қоймай, көп нәрсеге ұқыптылықпен қарап, жауапкершілік сезіне бастағанын да аңғардық. Әсіресе бұрындары қолынан түспейтін планшетті тастап, бір мезгіл пайдалы іспен айналысқанына анасы әбден разы болды. Бала бұрынғыдай аулаға шығып, бір мезгіл ойнағынында да өзін сенімді ұстап, аракідік орын алатын күш байқасуларда да жеңімпаз атана бастады.

Ал, спорттық бәсекелердегі жеңіс оңайлықпен келмейді және ол тыңғылықты даярлық пен қатаң тәртіпке негізделген құбылыс екені даусыз. Жаттықтырушысы Әмір Саматұлы – жас та болса, жігерлі әрі өте ұқыпты, талап қоя білетін білгір спортшы екенін де танытқан шебер ұстаз. Оның осындай білікті спорт маманы екенін тәрбиелеп жатқан бірнеше топтағы бірқатар балалардың аз ғана уақыт аралығында ше­берліктерімен таныла бастағаны дәлелдей алады.

Мұны сондай шәкірттерінің бірі – менің ұлым Елнардың айналасы 3 ай шамасында облысаралық турнирде, қым-қуыт текетіресте үздіктер қата­рынан танылғаны да айқын дәлел­десе керек. Анығырақ айтар болсақ, 9-мамыр Ұлы Отан соғысын­дағы жеңіс мей­ра­мы құрметіне таяуда ғана ашыл­­ған Ұлытау облысының Сәтпаев қаласында өткен бәсекелерде еліміз­дің­ астанасы атынан сынға түскен ұлымыз абыройлы оралды. Онда Елнар Исатайұлы Қамбар қола медальмен марапатталып, кубок иеленді және мақтау грамотасына да ие болды.

Осының бәрін көріп-біліп отырып, қалайша «Артспорт бағдар­ламасы» өзін-өзі ақтай алмады деп айта аламыз?!. Керісінше, аз ғана уақыт ішінде құлыншақтай балаларымыз оза шауып, бәйге алып жатса, тіпті өз тобында ғана емес, өзге өңірде, қалаларда өз өлкесі­нің атын шығарып, мәртебесін асқақтатып жатса – бұған тек қуану қажет. Ал, мұны баламның мойнындағы медалін көріп, оған қызыға қараған ауладағы өзінің құрбы-құрдастары кешкен күйді қалай жоққа шығара аламыз! Енді олар да жаппай сондай спорт үйірмелеріне жазылуға асықты.

Бірақ ең өкініштісі, олардың бұл қуанышы су сепкендей басылып отыр. Өйткені, жоғарыда айтқандай, қаржыландыру оңды шешімін таппай, Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаевтың мәлім­деуінше, «ақысыз спорт үйір­мелеріне қара­жат­тың қажетті мөл­шерде бөлінбеуі себепті» бағ­дар­ла­маның болашағы бұлың­ғыр күйде қалып отыр.

Бүгінгі күнге «Артспорт бағ­дарла­масы» бойынша тек Нұр-Сұлтан қаласының өзінде белсендірілген ваучерлермен 70 мыңдай бала спортпен айналысуда. Ал, нақ осындай ваучерлерге қол жеткізуге тағы 54 мың бала кезекте тұр екен. Жалпы алғанда, астанамызда дәл қазір 4-тен 17 жас аралығында, үйірмелер  мен секцияларға барғысы келетін 224 мың бала бар дейді, ресми есептеулерге сенсек. Бір үйірменің орташа ақысы 18 мың теңге құ­райтын көрінеді. Әр бала портал талаптарына сәйкес, екі үйірмеге қатыса алады – бір балаға жұмыс істеп жатқан бағдарлама 2 ваучер ұсынады. Қорытындысында бір отбасындағы бір ғана балаға 40 мыңдай теңге бөлінген. Бұл – қай отбасы үшін де, әсіресе көпбала­лыларға, мемлекет көрсетіп отыр­ған ауқымды қолдау.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тікелей бастамасымен қолға алынған бұл шараға омбудсмен және өскелең ұрпақ, балалардың шынайы жанашыры, қоғам қайраткері Аружан Саин осы аталған бағдар­ламаның да игі іске асуына ұйтқы бола білді. Осы ретте А.Саинмен тығыз бірлестікте оған қыруар қолғабыс тигізіп жүрген білікті менеджер Александр Ляховтың кәсіби спорт пен бір футбол төңірегін­де ғана легионерлер үшін текке ұшып жатқан қыруар қаржыны бұқаралық спорт­қа қайтаруға билікті мәжбүрлеуі – ерлікке пара-пар қадам. Соның ішінде нақ осы «Артспорт бағдарламасы» арқылы қаражатты байыпты түрде балалар мен жасөспірімдер спортына бөлу маңызды мәселе болып қалыптасуы тиіс және барлық өңірде осыны жүзеге асыру қатаң бақылауда болуы шарт, деп түйін­дейді пікірлерін мамандар.

Тек осылай болғанда ғана спорт­тағы жетістіктер де ұл­ғая­ды және өз ұл-қыздарымыз Қазақ­стан абыройын бүкіл әлемге паш етпек. Мұны сол Сәтпаев қаласында 9-мамырға арналған турнирді айтарлықтай табысты ұйымдастырып, кең көлемді спорт мерекесіне айналдырған қала әкімдігі мен спорт мектебі ұжымына – мың алғыс! Әсіре­се осы қаладағы балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебі дирек­торының орынбасары Қуатбек Жұмабекұлы Тоқтыбаев балаларды киелі Ұлытауға саяхатқа алып барып, қуанышқа бөледі. Турнирге қатысушы қонақтардың бәрі – дән риза, өлкенің жайсаң азаматтары­мен қимай қоштасып, шын көңілден алғыстарын арнап жатты. Міне, бұл – спорт­тың тек бизнес қана емес, елмен елді жақын­дас­тырудағы, өскелең ұрпақ­ты туған елін қадір тұтып, қастерлей білуге тәрбиелеудегі рөлінің де жарқын айғағы!

ИСА ҚАМБАР

628 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы