• Қаржы
  • 26 Мамыр, 2022

Қазақстан мен Ресейдегі қаржылық ахуал

Жетпісбай Бекболатұлы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ауылы аралас, қойы қоралас елдердің экономикалық ахуалдары көбіне ұқсас келеді. Ең әуелі бұл тұжырым соңғы жылдар бедерінде Еуразиялық қауымдастық сияқты ұжымдық ынтымақтастық ұйымын қалып­тас­тырған Қазақстан мен Ресейге қатысты десек, қателеспейміз. Халықаралық қарым-қатынастардың қас-қабағын бағатын осынау томаға-тұйық бірлестікте Қазақстан таразы басын тең ұстауға тырысып келе жатыр. Дегенмен, жаңбыр бір жауса, терек екі жауады дегендей, көрші елге салынып жатқан санциялар салмағы түбінде сезілетін сияқты. Осы ретте АҚШ билігінің Ресейге үкімет қарызының бір бөлігіне қызмет көрсету үшін төлем жасауға мүмкіндік беретін бас лицензиясын ұзартпайтынын мәлімдеуі көп нәрсені аңғартқандай. Лицензия мерзімі кеше, сәрсенбі күні аяқталды. Ашығын айтқанда бұл қадам Мәскеуді дефолтқа ұшыратуы мүмкін.

Қазіргі таңда Қазақстанның да, Ресейдің де қар­жылық ахуалы тұрақты. Мәселен, Bloomberg агенттігі Ресей рублін 2022 жылы ең жылдам өскен валюта деп атады. Ал, АҚШ долларына келсек, мамыр айының ортасына қарай оның негізгі әлемдік валюталарға, сондай-ақ дамушы елдердің көптеген валюталарына қатысты айтарлықтай нығаюына қарамастан, айырбас бағамынан екі есе төмендегенімен қоймай, жыл басынан бері 11 пайызға өсіп, пандемияға дейінгі деңгейге жетті. Ресей рублі үстіміздегі мамырда күрделі операцияларға қойылған шектеулер аясында ішкі нарықтағы шетел валютасына ұсыныстың сұраныстан асып түсуі аясында 7 пайызға нығайды. Бұл ахуалды көптеген сарапшылар қаржылық тұрақтандыру және инфляция баяулауының белгісі санап отыр. Қазақстанда да осыған ұқсас жағдай орын алуда. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша төлем балансы ойдағыдай қалыптасты. Ағымдағы шот 2,2 млрд АҚШ доллары мөлшеріндегі профицитті көрсетті. Шоттың теріс сальдосының оң аймаққа ауысуы сауда балансы жағдайының жақсаруымен байланысты болып отыр. Сауда балансының профициті 9,9 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,3 млрд АҚШ долларына өсті. Профициттің өсуі тауарлар экспортының импорттан асып түсетін өсу қарқынымен қамтамасыз етілді. Тауар экспорты 7,6 млрд АҚШ долларына өсіп, 19,1 млрд АҚШ долларын құрады. Экспорттың артуы ең алдымен мұнай мен газ конденсатының әлемдік бағасының өсуіне байланысты болды. Тауар импорты 1,3 млрд АҚШ долларына артып, 9,1 млрд АҚШ долларын құрады. Тікелей шетелдік инвесторлар кірісі 2,5 млрд АҚШ долларына өсіп, 7 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте капиталға қатысудан түскен кіріс 1,7 есе өсіп, 6,4 млрд АҚШ долларына жетті. Табыстың өсуі экспортталатын шикізатқа әлемдік бағаның өсуімен де байланыстырылады. Екінші тоқсанның басында теңге бағамы жаһандық қаржы нарықтарында орын алған белгісіздік пен құбылмалылыққа қарамастан, 1 доллар үшін 445,62 теңгеге дейін немесе 4,6 пайызға нығайып,  шетел валютасына сұраныстың айтарлықтай төмендегені байқалды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың жалпы көлемі 1,9 млрд АҚШ доллары болған кезде сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 179 млн АҚШ долларынан 92 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Валюта нарығына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы әсер етіп, бұл көрсеткіш ішкі валюта нарығында шамамен 253,2 млн АҚШ долларына жетті. Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату 168,3 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан қаржы сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 8,7 пайызы болды. Ішкі валюта нарығындағы ахуалдың тұрақтануы аясында валюталық интервенциялар, сондай-ақ зейнетақы активтері мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлар үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату операциялары жүргізілген жоқ. Қысқа мерзімді келешекте теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болды. Теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу тәртібі жалғасын тапты. Сауда-саттық қорытындысы бойынша мамырдың ортасында теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 1,5 пайызға нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 427,84 теңге деңгейінде қалыптасты.

Росстат деректері бойынша Ресейде импорттың күрт қысқаруына байланысты тұтыну тауарлары бағасының өсуі жалғасуда. Мәселен, Германиядан, Оңтүстік Кореядан, Италиядан импорт екі еседен астам, Нидерланды мен Тайваньнан үш есеге жуық құлдыраған. Сонымен қатар Ресейден Еуроодақтың 27 еліне экспорт 75 пайызға өскен. Бұл жағдай елдің  бәсекеге қабілеттілігінің жоғарылауын емес, санкциялардың және шетелдік компаниялардың Ресейден кетуінің кері әсерін бейнелейді. Төлем лицензиясының ұзартылмауына және санкцияларға байланысты Ресей халықаралық қарыз нарықтарына қол жеткізу мүмкіндігін қазірдің өзінде жоғалтып, дефолт жағдайына жақындады. Бұл ахуал Мәскеудің кредиторлар барлық қарызды толығымен алғанша және дефолтқа қатысты кез келген сот істеріне дейін бұл нарықтарға қайта қол жеткізе алмайтынын білдіреді. Бірақ, халықаралық қарызы бойынша дефолтқа ұшыраған көптеген елдерден айырмашылығы, Ресейде қаражат тапшылығы жоқ. Қарыз көлемі Ресей Федерациясының мұнай мен газдан түскен табысымен салыстырғанда әлдеқайда аз. Мәселен, Ресей энергия көздерінің жоғары бағасының арқасында тек сәуір айында ғана 28 миллиард доллар пайда тапты. Бұл жағдай көрші елдің қаржы нарығында белгісіздік ахуалын туғызып отыр.

1707 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы