• Аграрлық аймақ
  • 26 Мамыр, 2022

Аграрлық дамудың басты тетігі – Жер

Елімізде соңғы біржарым жылдың ішінде азық-түлік өнімдерінің бағасы үздіксіз өсіп келеді. Біршама өнім түрлері сырттан келетіндіктен, баға шарықтауын ақпанның соңында әлемдегі геосаяси ахуалдың күрт өзгеруіне байланысты жаһандық нарықтағы баға өсуінің салдарынан көреріміз анық. Дегенмен мыңғыртып мал, жайқалтып егін өсірген кең байтақ еліміздің өзгеге қол созбай-ақ азық-түлік молшылығын жасар әлеуеті жеткілікті.

Еліміздің оңтүстік-шығы­сындағы жәннат мекен – Жетісу­­дың ең көркем жерінің бірі, На­рын­қол мен Байын­қол өзен­дері­нің қосылған тұсында, найза шыңды ақбас таулар етегіндегі қоңыржай ай­мақта орналасқан Райымбек ауданының тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы тіршілік көзі ғана емес, өмір сүру салты десе де болады. Көз тоймас сұлу табиғат аясындағы түгін тартса, май шығатын осынау кең жазира өлкенің еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қосар үлесі қомақты болмағы дау­сыз. Дегенмен қазіргі таңда ел қамбасын молайту жолындағы ортақ іске қолбайлау болар кедергілер аз емес. Атап айтар болсақ, облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың өткен сенбідегі жұмыс сапары барысында аудан халқымен кездесуінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей ықпал ететін ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытуға мүмкіндік жоқтығы айтылды. Төрт түліктің бабымен таңқылаңнан тұрып, түн қоюлана жастыққа басы тиетін, нәпақасын маңдай термен адал еңбектен тауып жүрген ауыл халқы ауызға алған басты себеп – жайылым мен егістік жерлердің жетіспейтін­дігі. Бұған жергілікті атқарушы билік тарапынан жер бөлу мен оның пайдаланылуын, жалпы жер заңнамалары талаптарының сақталуын бақы­лаудың әлсіздігі өз әсерін тигізіп отырғандығы атап өтілді.

Жерді тиімсіз пайдалану, жауапсыздық салдарынан туын­дап жатқан мәселелер аз емес. Тіпті мал азығының жетіспеушілігі мен малдың өлім-жітіміне, соған сәйкес мал басының азаюына әкеп соқтыратын салдарын айтпағанның өзінде, халықтың әл-ауқатының  деңгейіне, облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің, аудан экономикасының даму қарқынына кері ықпал етуде. Осыған байланысты бүгінгі күні ауданда жер ревизиясын жүргізу бірінші кезектегі мәселе болып отыр. Ондағы басты мақсат – пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару. Өңір басшысымен кездесуде аудан тұрғындары алға тартқан өзекті мәселелер осындай. Осы ретте жиында сөз алған аудан тұрғыны Мақсат Ілиясұлы ірі компанияларға бөлініп берілген жақсы жерлер мақсатына сай пайдаланылмайтынын, тіпті мүлде пайдаланылмай жатқан жайттар аз еместігін, алайда ол жерлер мемлекет меншігіне қайтарылмағанын атап өтті. «Аудан тұрғындарының әл-ауқатының жақсаруы жермен тікелей байланысты. Ірі компанияларға жақсы жер учаскелері бөлініп беріліп, ол жерлер мақсатына сай пайдаланылмай, тіпті мүлде пайдаланылмай жатқан жайттар да кездеседі, бірақ жер мемлекет меншігіне қайтарылмаған. Маған да, басқаға да жоқ деген мұндай көзқараспен  қанша отыра беруге болады?!. Біз не мал басын көбейте алмаймыз, не картоп егістігін ұлғайта алмаймыз. Мұның бәрі егістік жер мен жайылымның жетіспеуінен туындап отыр. Осыған шара қабылдап, жерге ревизия жүргізсеңіздер, сонымен бірге жер учаскесін беру үшін конкурс ұйымдастыру мен өткізуге ерекше мән берулеріңізді сұраймын», – деді өз сөзінде  Мақсат Шәкіров.

Жерге қатысты тұрғындарды мазалаған жәйттерге орай Қанат Бозымбаев жер мәселесінің тұрақты бақылауда екенін жеткізді. «Жер мәселесі көп ауданда бар. Тұрғындар үнемі жер жетпейді, жер заңнамалары бұзылған деп мәселе көтереді. Қазір менің орынбасарым жетекшілік ететін арнайы комиссия өңірлерді аралап жүр. Шілде айында көрші Кеген ауданына келеді. Әзірге аудан әкімдіктері жергілікті жерлерде осы бағытта белсенді жұмыс істеуі керек. Жерге жауапсыз қарағандар болса, оларға қатысты тиісті шара қабылданады. Заң бәріне ортақ», – деді ол.

   Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта өңірде аудандар мен қалалар әкімдіктері облыстық жер инспекциясымен бір­лесіп, пайдаланылмай жатқан жер­лерді мемлекет меншігіне қайтару және заң бұзушылықтарды жою жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан облыстың 16 ауданы мен 1 қаласында 450 мың гектар жерге  жоспардан тыс тексеру жүргізу тапсырылған, соның ішінде Райымбек ауданы да бар. Бұл тұрғыда тиісті хабарламалар жолданып,  оған қоса прокуратура органдарымен бірлескен тексерудің нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 350 жер учаскесі анықталған.

Жиында атап өтілген ауыл шар­уа­шылығының дамуын тежейтін күрделі мәселенің тағы  бірі – суармалы егістік алқаптарына қажетті судың жетіспеушілігі. Бұл ретте жалпы ұзындығы 141 шақырымнан асатын 8 магистралды каналды күрделі жөндеуден өткізу су тапшылығын шешуге оң ықпал етпек. Осы орайда аудан тұр­ғын­дары алдымен неғұрлым көп жер учаскесін қамтитын арналарды бірінші кезекте жөндеу керектігін айтты. Мәселен, жалпы ұзындығы 105 шақырымға жуық  «Жаңа жеміс», Дараты, Казачий каналдарын жөндеп, жаңғырту нәтижесінде 15 мың гектардай суармалы жер айналымға қосылады. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамалар дайын, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар, енді тек қазіргі қымбатшылыққа байланысты түзету енгізу қажет. Сонымен қатар тағы алты жаңа канал салынатын болса, қосымша 6 мың гектар сурамалы жер айнамылға қосылатын болады. Яғни ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтып, өнім сапасын арттыру үшін мүмкіндік те молая түспек.

Облыс басшысы бұл проблема­лардың да назарда екенін айтты. «Бұл мәселелер туралы Мемлекет басшысына хабарладым. Президент тарапынан барлық қолдау көрсетіледі. Республикалық бюджеттен облысқа 97 миллиард теңге бөлінеді, соның шамамен 40 мил­лиарды ирригациялық жүйелерді, су қоймаларын қайта қалпына келтіру мен жаңғыртуға, салуға, сол сияқты жалпы егіс алқаптарының көлемін ұлғайтуға бағытталған мәселелерді шешуге жұмсалатын болады. Сіздер айтып отырған жобаға 6 миллиард теңге қарастырылған. Бірақ жағдайды ескере отырып, қосымша қаржыландыру мәселесін қарастырамыз. Әзірге құжаттарды дайындаңыздар. Көмек­тесеміз», – деді Қ.Бозымбаев.

Осы ретте облыс басшысы субси­диялауға байланысты да қолдау көр­сетілетінін, ауданның кейбір елді мекендерінде суармалы суға тарифтің  дұрыс есептелмейтіндігі жөніндегі жағдай да шешімін талап еткен, назардағы мәселе екенін атап өтті.

Халықтың көкейіндегі мәселенің енді бірі – бірнеше ауылдық мәде­ниет үйлерін күрделі жөндеуден өткізу. Солардың қатарында Сарыжаз ауылындағы мәдениет үйі де бар. Облыс әкімі бұл ғимарат апатты жағдайда болғандықтан жөндеуге келмейтінін айтты. Сондықтан оның орнына типтік үлгіде жаңа нысан салынатын болды. «Ауыз су, медицина, білім беру, мәдениет, жол, суармалы су – бұлар бірінші кезекте шешілуге тиісті мәселелер. Осы бағытта үздіксіз жұмыс жүргізуіміз керек», – деді облыс басшысы.

Кездесуде Нарынқол ауылында балалардың өнер орталығын ашуға бола ма, ауыл шаруашылығы техникаларының жетіспеушілігі қашан жойылады, бесінші сервистік-дайындау орталығы қашан ашылады деген сұрақтар да қойылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі. Жиын барысында медбике мамандығын алған көпбалалы ана жұмыс табу мен тұрғын үй мәселесінде қолдау көрсетуді сұрады, ісін енді бастаған кәсіпкер бизнесін жүргізу барысында қолбайлау болған бюро­кратиялық кедергілерге шағым айтты. Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны көркем табиғатымен әйгілі ауданда туризмнің дамуын тежеп отырған мәселелерді ортаға салды.  Олардың ішінде ең бастысы – жолдардың сапасы. Нарынқолдықтар өңірдің әсем табиғатын қорғауды ерекше бақылауға алу керек деп есептейді.

Басқосуда тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың әрқайсысына толыққанды әрі тиянақты жауап берген Қанат Бозымаев, жауапты тұлғаларға шешімін күткен күрмеулі мәселелерді барынша жан-жақты зерттеп, нақты қолға алуды тапсырды. Аудан әкімдігіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында инвестор тарту жұмысын жандандыру керектігін ескертті. Себебі Райымбек ауданы кар­топ өсіруші өңір саналғанымен, мұнда осы күнге дейін картоп өңдейтін кәсіп­орын жоқ. Ал ұзақ мерзімге сақтайтын  қоймаға жалпы өнімнің небары 4 пайызы ғана сияды. Ауданда тауарлы сүт фермасы да, жылыжай да жоқ. Өнеркәсіпке инвестиция тартудан облыста соңғы орында тұр. Сондай-ақ тұрғындарды қолжетімді баспанамен, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ісін ширату қажет. Алдағы газдандыру жұмысын да үнемі бақылауда ұстау керек.

Кездесуден кейін облыс әкімі аза­маттардың жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызме­тінің хабарлауынша, Райымбек ауданына сапары кезінде Қ.Бозымбаев проблемалық мәселелері бар бірқатар нысандарды аралап, күрделі жөн­деу қажет ететін аудандық ауруханада, апатты жағдайдағы «Жаңа жеміс» магистралды каналында, 1967 жылы салынған бастауыш мектеп ғимаратында, Сарыжаз ауылындағы мәдениет үйінде болды. Бұл нысан­дардың әрқайсысына қатысты тиісті шешімдер қабылдау туралы тапсырмалар берілді.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

677 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы