• Қаржы
  • 26 Мамыр, 2022

ЖАҢА АВТОНЕСИЕ «ҚАРЖЫ РЕПРЕССИЯСЫН» ТУҒЫЗА МА?

Жастарға жеңілдікпен пәтер беретін ипотекалық несиемен қоса жаңа бағдарламаның елді елең еткізген жайы бар. Әрине, қазіргі алашапқын заманда көлік керек. Әсіресе Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты ірі мегаполистерде көліксіз шаруа бітіру оңай емес.

Соңғы кездің қаржылық-экономикалық қиындықтарына байланысты мүдделі азаматтардың көлік алу ниетіне біраз кедергі келгені рас. Соны тап басқаны болар, үкімет іле-шала жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасын іске қосты. Бұл дүниенің, іздегенге – сұраған дегендей, маңызы болғаны, айтпаса да белгілі. Тіпті оның кезегіне тұрушының саны жеңілдетілген ипотекадан үміттілер қарасынан да асып түскен.

Қазір автокөлік әуесқойлары мен алыпсатарлардың бүкіл назары елімізде іске қосылған осы бағдар­ламаға ауып тұр. Себебі, бағдар­ламаның шарты да ыңғайлы, тіпті керемет десе, болғандай. Шартқа сәйкес әрі кеткенде жеті жылдық мерзіммен 10 миллион теңгеге дейін 4 пайыздық несие беріледі. Мұндай несиені біздің банк тұтынушылар түсінде ғана көрер... «Өлгенде көрген бір төбелес» демекші, бағдарлама іске қосылысымен автосалон төңірегіндегі кезек Ленин мавзолейі алдындағы «өшіретке» жақындап қалғандай еді...

Биылғы сәуір айының қорытын­дысы бойынша елдегі тұтыну инфля­циясының деңгейі 13,2 пайыз болды. Осы тұрғыдан қарастырғанда 4 пайыздық несие аса жеңіл болып есептелінеді, іс жүзінде тұтынушы қажетті ақшасын сутегін дерлік алады десе, болғандай. Жеңілдік ставкасы мен нақты нарықтық ставка арасындағы айырма мемлекет есебінен жабылады. Басқаша айтқанда, несие қаржысын пайдала­ну­дың негізгі ауыртпалығы іс-жүзінде мемлекеттің мойнына түседі деген сөз.

Қазіргі қаржылық-экономикалық ахуалға орай таным айдынына «қаржы репрессиясы» деген сөз тіркесі енді. Ел экономикасының әр саласында қолданылып жүрген бұл тәсілдің, оңтайлы жағымен қоса, тұтастай экономикаға тигізер кері әсері жоқ емес, дейді сарапшылар. Бір жағынан несиелеудің жеңілдетілген шарты елдің мол қаржы алуына жағдай жасайды. Сол арқылы мүдделі азаматтар арманындай болған автокөлікке қол жеткізеді.

Сарапшылардың айтуынша, бұл тәсілдің көлеңкелі тұстары да жоқ емес. Мемлекеттің бюджет қаржысы есебінен нарықта қосымша сұраным тудыруының әсерінен көлік бағасы өсуі мүмкін. Бұл жерде сұранымның көбеюіне автонесиелеудің жеңілде­туімен бірге өнім тапшылығы да әсер етеді. Басқаша айтқанда, мемлекет өз қаржысы арқылы елдің көлік сатып алуына субсидия бөледі, соның әсерімен автомобиль бағасы көте­ріледі.

Кейбір мамандар елдегі бүгінгі қаржылық жағдайды тура осы «қаржы репрессиясы» тұрғысынан талдайды. Яғни несие қолдан төмендетілген пайыздық үстемемен беріледі. Ал ол нарықтағы нақты бағадан әлдеқайда төмен. Нәтижесінде нақты бағаны бұрмалау ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Ал сонда біраз халықтың үмітін оятып отырған жеңілдетілген автонесие ел экономикасына қанша­лықты зиян келтіруі мүмкін, деген пікірлер айтылып қалады.

Қаржыға байланысты пробле­ма тууының бірнеше себебі бар, дейді сарапшылар. Үкімет төмен пайыздық ставка белгілеу арқылы бизнесті инвестициялау ауқымын ұлғайтуды көздеп отыр. Дегенмен мұндай қаржылық саясат үкімет инфляция деңгейін төменгі деңгейде ұстай алса ғана, сәтті іске аспақ. Инфляция деңгейі көтерілсе, төмендетілген пайыздық ставканың пайдасы болмайды. Өйткені қарыз алушылар тұтыну қабілетінің азаюының орнын толтыру үшін көп ұзамай ставкаларды көтеруді талап етпек. Демек, елдің автомобиль сатып алуын мемлекеттің субсидиялауы көлік нарқындағы бағаның көтерілуіне тікелей әсер етпек. Соның салдарынан коммерциялық банктардың нарықтық бағдарламалары іске аспай қалады. Әйткенмен қазіргі автонесиелеудің өзі бір жағынан алып қарағанда әзірге осы банктердің мүддесіне сәйкес келіп тұр.

Сондықтан кейбір скептик сарапшылар автомобиль бағасының күрт өсуіне сілтеме жасай отырып, мемлекет не осы бағдарламаның тиімділігін арттыруы керек, не мүлдем тоқтатуы керек, деген пікірін жасырмайды. Түптің түбінде одан тұтастай елдің экономикасы зардап шегуі мүмкін, дейді скептиктер.

Ұлттық банктің елдегі несиелеу пайызын 14%-ға дейін көтергені белгілі. Әдетте мүндай жағдай несиелеу деңгейінің төмендеуіне және банк депозиттерінің өсуіне әкеліп соғады. Яғни қазіргі жағдайда әдеп­кі автонесилеу аларман үшін өте тиімсіз. Себебі, үстеме пайызы жоғары. Мұның қасында жеңіл­детілген автонесие шынында да тиімді. Бірақ мемлекет жеңіл­де­тілген бағдарлама арқылы авто­мобиль нарқындағы сұранысты күрт арттырып, ондағы жағдайды қа­зір­гі үй нарқындағыдай етіп жі­бе­руі әбден мүмкін, дейді сарапшылар.

Бағдарлама іске қосылғаннан кейін төрт күн өткен соң астанамызда алғашқы қатысушы өзінің жаңа көлігіне ие болды. Ақпарат көздерінің айтуына қарағанда, ол – Бекзат Тілеген атты инженер жігіт.

Бекзат алғашқы төлем жарнасынсыз автокөлік алуға өтінішін мамырдың 16-сы күні беріпті. Айналасы төрт күннің ішінде армандаған көлігіне ие болыпты.

– Күткен жоқ едім. Жұртпен бірге жеңілдетілген несиеге өтініш бере салғанмын. Үмітім шамалы еді. Бірақ көп кешікпей-ақ автосалоннан хабарласып, жеңілдетілген несие арқылы көлік алуым керек екенін айтты, – деді Бекзат.

Өнеркәсіпті өркендету қорының дерегінше, бүгінге дейін жеңілдетілген автонесие алуға байланысты жалпы құны 31,7 миллиард теңге сомасында 4 290 өтініш мақұлданған көрінеді.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

2292 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы