• Аймақ тынысы
  • 02 Маусым, 2022

Жауапкершілік жүгі жеңіл емес

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тұрғындар арасында жиі талқыланатын өзекті мәселелердің бірі. Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінде аймақ басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының күн тәртібіне жол-көлік оқиғаларының алдын алу жайы шығарылды.

Облысьық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншиннің баяндауынша, биылғы төрт айдың ішінде өңірдегі жол апаты оқиғалары 13%-ға (82-ден 71-ге), қаза тапқандар саны 10%-ға (31-ден 28-ге) және жарақат алғандар қатары 30%-ға (144-тен 101-ге) азайған. Алайда өзге елдерден әкелінген аутокөліктер жол апатына жиі ұшырайды.

– Шетелдерде тіркеуде тұрған көлік құралдарының қатысуымен 29 оқиға болып, соның салдарынан 17 адам қаза тапты, 45-і жарақат алды. Оның ішінде Ресейде тіркелген көліктердің қатысымен 25 жол-көлік оқиғасы орын алды, 13 адам қайтыс болды, 34 адам жарақаттанды. Арменияда тіркеуде тұрған көліктерден 3 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 4 адам қаза тапты, 9 адам жарақат алды. Қырғызстанда тіркеулі көліктің қатысымен 1 оқиға тіркеліп, 2 адам жарақаттанды, – деді Ж.Жаншин.

Жиында келтірілген фактілерге орай өңір басшысы сырттан әкелінген көліктердің техникалық жағдайын тексерудің мән-жайын сұрады. Баяндамашының айтуынша, көліктер жылына бір рет техникалық байқаудан өтуі тиіс. Сондай-ақ иелері көліктері тіркеуде тұрған елге барып, техбайқаудан өтулері­не болады. Ал облыстық көлік бақы­лау инспекциясының басшысы Абылай Қазбеков техбайқаудан өткені туралы талоны бар көлік иелерінің машиналарының жол жүруге жарамдылығы тексерілмеген фактілердің анықталмағанын айтты. «Неге шетелден айдап әкелінген көліктердің техникалық ақау­лары анықталмайды? Әлде оларды тексермей ме? Жолда жүрген көліктердің барлығы ақаусыз ба?» – деп нақтылай түсті әкім. Инспекция басшысы жолдағы көліктерді түгелдей ақаусыз деп айта алмайтынын айтып күмілжіді. «Техбайқау пункттері сертификат бере отырып, көліктердің техбайқаудан өткенін растайды. Алайда техбайқау пункттері шағын кәсіпкерлік нысандарына жататындықтан, олардың қызметтерін тексере алмаймыз. Мораторий әлі күшінде», – деді ол.

– Техбайқаудан өткені туралы сертификаттың бірде-бірі заң бұзу­шылықпен  берілмеген делік. Көлік инспекциясының қорытынды­сы бойынша барлық аутокөлік ақаусыз, жұмысқа жарамды. Солай бола тұра, жол-патрульдік полиция жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі көліктердің техникалық ақауларының кесірінен болатынын әрі мұндай апаттар жиілеп бара жатқанын айтып отыр. Сондықтан техникалық байқаудың жүргізілуіне бақылауды күшейту қажет. Егер жол-көлік оқиғасын тергеп-тексеру нәтижесі аутокөліктің техникалық жарамсыз болуынан жол апаты орын алғанын көрсетсе, көлік инспекциясы ақаулы көліктерді пайдалануға рұқсат берген техникалық байқау бекеттеріне қатаң талаптар қоюға міндетті. Егер олардың немқұрайлы қадағалауының салдарынан оқыс оқиға орын алса, техникалық байқау пункттеріне салынатын айыппұлды барынша көбейту қажет. Қала мен облыс көшелерінде техникалық ақауы бар көліктер болмауы үшін тексеріп, құқық бұзушылықтарды анықтаңыздар, – деп тапсырды Ғали Есқалиев аталмыш инспекциясының басшысына.

 

АЛГОРИТМ ТАЛАПТАРЫ НЕГЕ ОРЫНДАЛМАЙДЫ?

Малдың жайылысқа шығары­луы­мен бірге жол-көлік оқиғалары көбейеді. Есепті мерзім ішінде 15 жол-көлік оқиғасы болып, аутокөлік иеле­ріне материалдық шығын келтірілді. Мұндай оқиғалар Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Қаратөбе, Казталов, Сырым, Тасқала, Теректі аудандары аумақтарында орын алды. Жүргізілген талдаулар көліктердің малмен соқ­тығысу жағдайлары қараңғы кезде, кешкі сағат 20.00-ден 01.00-ге дейінгі уақыт аралығында болғанын көрсетеді. Осындай оқиға­лардың алдын алу жұмыстары үй жануарларын бақылаусыз жаюдың алдын алу алгоритмі бойынша жүр­гізіледі. Патрульдік экипаждар облыс жолдарында малдың қараусыз жүруінің 51 фактісін тіркеді. Малдың бақылаусыз жайылу фактілерінің 67 пайызы «Орал – Атырау» аутожолы өтетін Бәйтерек, Ақжайық аудандарына тиесілі. Патрульдік экипаждар жол бойында бағымсыз жүрген 793 мал басын тіркеді.

– Алгоритмде жолда жүрген бағусыз малды қораларға қамау шарасы қарастырылған. Аудандарда 95 мал қамау орны бар. Ақжайық, Казталов, Жәнібек, Бөрлі, Теректі аудандарында ұзын саны 259 мал қораға қамалған. Ал басқа аудандарда мұндай шаралар жүргізілмей отыр. Өйткені жергілікті атқарушы құрылымдар, полиция, ветеринария қызметтері арасында өзара үйлесімді іс-қимыл жоқ. Үй жануарларының жолға шығып кеткен фактілері анықталған кезде патрульдік полиция жасақтары аумақтық полиция бөлімінің кезекшісіне хабар береді. Ол ақпаратты учаскелік полиция инспекторына, округ әкіміне, ветеринарлық инспекцияға жібереді. Алайда округ әкімдері мен ветинспекторлар алгоритм талаптарына жүрдім-бардым қарайды. Олар оқиға орнына келмейді, – деп Ж.Жаншин нақты дәлелдер келтірді.

Басқосуда Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық кодексінің 408-бабы бойынша мал жаю ережелерін бұзға­ны үшін ішкі істер құрылымдары 676 үй жануарының иелерін жауапкер­шілікке тартқан. Олардың 254-іне қатысты ескерту жасалып, 422-іне 1 млн 967 мың 354 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды (652 669 теңге немесе 33,2% өндірілді). Биылғы 7 наурыздан бастап заңнамада құқық бұзушылықтың осы түрі үшін жауап­кершілік күшейтілгені айтылды. Бұрынғы ескерту түрінде әкімшілік жаза қолдану шарасы алынып тасталып,  үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл (9 540 теңге) салу қарастырыл­ған. Ал құқық бұзушылықты қайталап жасағанда 10 айлық есептік көрсеткіш (31 800 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. «Құқық бұзушылықтың осы түрін аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері қолдануға құқылы. Сондықтан ауылдық округ әкімдері учаскелік полиция инспек­торларының келуін күтпей-ақ, өз бетін­ше жұмыс жүргізуге тиіс», – деді Ж.Жаншин.

 

КЕЙ МЕРДІГЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

Аталмыш комиссия отырысында жолдарды күтіп ұстау мекемеле­рінің жұмысы туралы мәселе қаралды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеевтің баяндауынша, биыл 1414 км республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға «Қазақавтожол» ЖШС-ға 850 млн теңге бөлінген. Облыстық жолдардың 13 бөлігін күтімге алған 8 мердігермен  877 млн 113 мың теңгеге келісімшарт жасалды. Мұның ішінде 268 млн 169 мың теңгеге мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде «Чапаев – Жаңақала – Сайқын» жолы күтіп ұсталынады. Аудандық маңызы бар жолдарды 18 компания күтіп ұстайды. Жолдарды сапалы жағдайда ұстауға 240 техника тартылған, республикалық жолдарды күтуге 50 (қажеттілік 81), облыстық, аудандық жолдарға – 190 (318 техника қажет) техника бар. Жолдарды қалыпты ұстауға арнайы техника, автогрейдерлер, жүк тиегіштер жетіспейді.

– Мердігер компанияларда өзде­рінің арнайы техникасының бол­­­мауы жол күтіміне әсер етеді. Мысал­ға, облыстық жолдарды күтуге кон­курстық талаптар бойынша 159 тех­ника қажет болса, компанияның қо­лында небары 54 техника бар. Қыс­та қар қалың түскенде техниканың тапшылығын сезіндік, жолды қардан тез арада тазарта алмадық. Жолдарда арнайы аутоматтандырылған өлшеу жүйелерінің болмауы да жұмысқа кедергі болуда. «Автомобиль көлігі туралы» заңға енгізілген өзгерістерге байланысты көліктік бақылау инспекциясы СAИС-тің көрсеткіштерінсіз көліктерді тоқтата алмайды, – деді басқарма басшысы.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі өзгерістерге сәйкес ішкі істер құрылымдары ғана емес, жергілікті атқарушы құры­лымдар да айыппұл сала алады. Жиынды қорыта келіп, өңір басшысы бұл жағдай кейбір тұрғынды тәртіпке келтіретінін, ауылдардың бюджетіне қосымша қаражат әкелетінін атап өтті. «Бірінші рет 9 500 теңге, екінші рет 32 мың теңге шамасында айыппұл салынады. Жергілікті бюджетті толтыруға мүмкіндік бар. Екінші мәселе жол сапасына келсек, кейбір мердігердің жұмысы сын көтермейді. Сондықтан келесі маусымдағы келісімшарттағы айып­пұлдың шамасын көтеру жағын қарастыруымыз керек. Жұмыс­тарына жауапкершілікпен қара­майтын мерді­герлермен келісім­шартты бұзғанымыз дұрыс», – деді облыс басшысы.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

366 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы