• Білім & Ғылым
  • 02 Маусым, 2022

Ғылымға қосылған айрықша үлес

Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнара Садыханова  2021 жылы 49 жасқа қараған шағында өмірден озды.  Жақсы адамның өмірден озғанына да, міне, бір жыл болды.

Жамбыл облысының Красногор ауданы, Георгиевка ауылында 1972 жылдың 6 сәуірінде дүниеге келген Гүлнара Амангелдіқызы  еңбек жолын Қордай ауданының Кенен ауылында 1989-1990 ж.ж. Киров орта мектебінің еңбекке баулу пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1994 жылы еліміздің астанасындағы Алматы Халық шаруа­шылығы институтын «Маркетинг» мамандығы бойынша аяқтаған. Жо­ғары оқу орнын бітіргеннен кейін 1995 жылдың сәуір айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес факультетінің маркетинг және жалпы экономикалық пәндер кафедрасында ғылыми ізденуші болып ғылымдағы жолын бастаған. 1995 жылдың 1 қыркүйегінен кафедрада ассистент болып еңбек еткен ол  2002 жылдан бастап аға оқытушы болып ауыстырылды. 2005 жылдан 2012 жылға дейін ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі деканның орынбасары болып қызмет атқарды. 2012 жылғы қыркүйектен 2014 жылдың сәуір айына дейін ғылым және инновациялық қызмет департаментінің ғылыми-зерттеу қызметі жөніндегі бөлімінің бастығы болып қызмет істеді. 2014 жылдың қыркүйек айында Экономика және бизнес Жоғары мектебі Экономика кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Ғылыми-педа­гогикалық жұмыс өтілі 24 жылды құрайды. 2004 жылдың қараша айында Экономика және халық шаруашылығын басқару мамандығы бойынша «Қазақстан Республикасында жарнама қызметінің дамуы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, 2008 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шеші­мімен экономика маманды­ғы бойын­ша доцент ғылыми атағы берілді.

Жарқ еткен бейненің өмірі ғылым саласына айтулы нәтиже берді. Ғылыми ізденістің нәтижесінде оның қаламынан қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтар өмірге келді. Солардың қатарында «Маркетинг негіздері», «Сапаны басқару», «Тауарлар мен қызметтерді жарнамалау», «Сапа менеджменті», «Маркетинг негіздері» атты оқу құралдары, «Экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары», «Фирма қызметін экономикалық талдау» және басқа да көптеген зерттеулері жарық көрді. Жалпы ғалымның 100-ден астам мақалалары отандық және шетелдік басылымдарда жарияланды. Сонымен қатар «Scopus және Thomson Reuters» халықаралық деректер базасында он бестен аса мақаласы тіркелген.

Гүлнара Амангелдіқызы  Садыханова – ғылымға қосқан үлесі үшін Ы.Алтын­сарин атындағы төсбелгі, БҒМ «ЖОО үздік оқытушысы» рес­публи­калық грантының 2 мәрте иегері, ҚазҰУ-дың жас ғалымы,  ҚазҰУ-дың 75 жылдығына, 80 жыл­дығына арналған төсбелгілер мара­пат­тарының иегері. Өз саласында ғылымға бар күш-жігерін арнаған ізденімпаз ҚазҰУ-да оқу-тәрбие ісін қа­лып­тастыруға зор үлес қосты. Оның еңбегі республикада және одан тыс жерлер­де лайықты бедел мен құрметке ие болды.

Гүлнара Амангелдіқызы  керемет жетекші, тәлімгер, білікті қыз­меткер және жақсы дос бола білді. Ол жұмыста жігерлі және қашанда ортаның гүлі болатын ашық-жарқын жан еді. Адамдарға жақсылық жасаудан жалықпайтын, жанындағылардың мақсатына жетуіне әрдайым көмек­тесіп, өз уақыты мен көмегін басқалар үшін аямайтын. Өйткені оның бас­ты ұста­нымының бірі – адамдарға қуа­ныш сыйлау болатын. Өз жұмы­сы­на адал, бар ынта-жігерімен беріл­ген ұстаздың студенттердің кәсіби біліктілігін арттыруға және шығар­машылық тұрғыда жетістік­терге же­туге деген ұмтылысы жақсы же­місін берді. Өмірде жасаған әрбір іс-әрекеті мен жаңашылдыққа деген бастамашылдығы, білім-танымға ұмтылуға, алға қойған міндеттер мен мақсаттарына нақты жетуге негіз болды. Ол әрқашан жаңаны үйрену, табысқа жету жолында бар мүмкіндіктерді қарасты­рып, жетістікке жетуді көздейтін мақсатшыл адам болатын. Гүлнара Аман­гелдіқызы өз көзқарасын әр­қашанда тура айта білген, барлық істерінде шынайы, адал, адамдармен қарым-қатынаста және тұрмыста қарапайым болды. Өзінің кәсіби қызметінің негізі – ғылым мен білім беру саласының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Оның ғылыми және педагогикалық қыз­меттегі жетістіктері тек біздің елде ғана емес, шет елдерде де лайықты бағаланып, беделге ие болды. Гүлнара Амангелдіқызының жарқын бейнесі оның ақыл-парасаттылығы мен мейірімге толы жан-дүниесін танып, бірге жұмыс істеу бақытына ие болған жандардың жадында мәңгі сақталады, деп жиі еске алады ҚазҰУ-лық әріптестері.

Иә, ұстаз, әріптес туралы естелік айтқан, айтар жандардың әлі де өксігі тарқамаған болар. Уақыт озған сайын сенің тұлғаң көз алдымызда биіктей береді, қымбатты ұстаз.

Ерназар ИШАНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Философия және саясаттану факультеті «Педагогика және

білім беру менеджменті»

кафедрасының 2-курс докторанты

3797 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы