• Аграрлық аймақ
  • 02 Маусым, 2022

Диқандар арық сөйлеп, семіз шығуға тиіс

Жетпісбай  БЕКБОЛАТҰЛЫ,

әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ профессоры

e-mail:  Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Сонымен, әр күні жылға азық көктемнің соңғы аптасында егіс жұмыстарының көптен күткен қорытындысы да қолымызға тиді. Ескі әдетімізбен егінжайдан жеткен деректерді былтырғы науқан көрсеткіштерімен салыстырып, биыл диқандарға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау шараларының ауқымы да, діттеген мақсаттары да кең екендігіне көзіміз жетті. Өйткені, халықаралық азық-түлік нарығында қалыптасып отырған қолайсыз ахуалға байланысты қоңсы қонған көршілерді былай қойғанда, бүкіл әлем  жұртшылығы Қазақстанға көз тігіп отыр. Сондықтан да аграршылар арық сөйлеп, семіз шығуға тиіс. Бұдан бұрын атап өткеніміздей, биылғы жылға арналған егіс алқаптарының болжамды құрылымы қалыптасты. Жалпы егіс алқабы 23,1 млн га құрайды, бұл былтырғы көрсеткіштен 105 мың га артық. Қазіргі уақытта 11,3 млн га алаңға дақылдар егілді. Жемшөп дақылдарының алқабы едәуір көбейіп, 3,6 млн га құрады, картоп, күнбағыс, көкөніс алқабы ұлғайтылды. Сондай-ақ жұмсақ және қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, зығыр, рапс, соя, қарақұмық және жүгері сияқты сатып алынатын дақылдар тізбесі кеңейтілді.

Биыл диқандарға көрсетіліп отырған қаржылық көмек пен материалдық-техникалық демеу көлемінің көптігі көздеген нысаналарға жетуге жол ашады деген үміттеміз.  Мәселен, тікелей қаржыландыру сомасы 80 млрд теңгеге дейін жеткізілді, бұл өткен жыл деңгейінен екі есе артық. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінді. «Кең дала» бағдарламасы аясында ресми түрде 70 млрд теңге сомасына 2562  ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінің өтінімі келіп түсті, оның ішінде 69 млрд теңге сомасына 2086 өтінім қаржыландырылды. Сонымен қатар қазіргі уақытта «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы өз қаражатынан 14 млрд теңгеден астам сомаға 435 тауар өндірушіге кредит берді, бұлар қосымша бөлінген қаражаттан өтелетін болады. Форвардтық сатып алу шеңберінде «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясына» 93,6 млрд теңгеден астам сомаға 550 өтінім түсті, 74,4 млрд теңге сомасына 410 өтінім қаржыландырылды. Науқанға қажетті жанар-жағармай материалдарының  жеткілікті болуы назарға алынды. Ақпан-маусым айлары аралығында егіс жұмыстарын жүргізуге аграршыларға 400 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық. Бұл ретте жеткізу, сақтау және сату бойынша облыс операторларының шығыстарын ескергенде, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері төлейтін қаражат литріне  200  теңгені құрады,  бұл орташа бағадан 15 пайызға арзан. Ал, тұқым себу көрсеткіштеріне келсек, есептік деректерге сәйкес жоспар 100 пайыз жүзеге асырылған. Тұқым сараптамасы жүргізіліп, оның 99 пайызы кондициялы деп танылған, 90,6 пайызы егіс стандартының 1 және 2 сыныбына сәйкес келген. Бұған дейін Ресей Федерациясынан дәнді дақылдар жеткізуге қатысты түйткілдер туындағаны туралы хабарлаған едік. Бұған РФ тарапының дақылдарды экспорттауға тыйым салуы себеп болды. Бұл мәселе екі ел үкіметі деңгейінде көтеріліп, нәтижесінде Ресей тұқым әкетуге тыйым салуды алып тастап, рұқсат беру тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылдады. Мұның нәтижесінде 14 мың тоннадан астам дәнді дақылдар тұқымын қосымша алуға қол жетіп, бұл отандық аграршыларға дәнді дақылдар тұқымдарының келісімшарт жасалған топтарын алуға мүмкіндік берді.

Ал, шаруа қожалықтарын агрохимия өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, биыл шамамен 670,2 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,7 мың тоннаға артық. Бүгінгі таңда тыңайтқыштарды жеткізуге 408,6 мың тонна көлемінде келісімшарт жасалған. Іс жүзінде барлық өңірлерде минералды тыңайтқыштарды жөнелту қолға алынып, аграршыларға шамамен 308,1 мың тонна тыңайтқыш тиелген. Қоймалардағы қорлар, соның ішінде импорттық тыңайтқыштар қоры қалыптастырылған. Жыл басында бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде тыңайтқыштардың, оның ішінде отандық тыңайтқыштардың қымбаттағаны туралы мәселе көтерілген болатын. Қаламгерлер дабылына жедел үн қатқан минералдық тыңайтқыштардың ірі өндірушісі – «ҚазАзот» компаниясы шығарылатын аммиак селитрасының құнын тоннасына 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Халықтың негізгі күн көрісі егін және мал шаруашылығы болғандықтан,  картоп, қырыққабат, сәбіз және мал азықтық дақылдар бойынша мол өнім алып, отандық нарықты толығымен қамтуға қол жеткізу қажет. Осыған орай егіс алқабын кемітпей, барынша арттыру керектігі дау туғызбайды. Кезінде аграрлық мәселелермен шұғылданған маман ретінде әріптестер назарын ең алдымен тұқым сапасына, оны талдап-тексеруге аударғым келеді. Мол өнім алу үшін тыңайтқыштарды тиімді пайдалану маңызды. Сонымен қатар аймақтарда су үнемдеу технологияларын енгізу қажет. Былтырғы жылдың ащы сабағын ұмытпай, қоймаларды барынша су қорымен толықтыру, ол үшін канал, арықтарды тазалау, жер асты суларын тиімді пайдалану, ұңғымалар қазу секілді жұмыстарға осы бастан кірісу керек. Ел климатының жыл сайын құрғап келе жатқанын есте ұстап, ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көңіл бөлу керектігі және сайын даладағы жылғалар мен бұлақтарды, артезиан құдықтарын  ұтымды пайдалану қажеттігі жөніндегі ғалымдар ұсынысы қаперге алынуы тиіс. Бұл ретте біздің диқандарымызға өткен ғасырдың елуінші жылдары академик Кәрім Мыңбаевтың Бетпақдала шөлін аграрлық тұрғыдан игеруге, атап айтқанда бау-бақша және мал азығы дақылдарын өсіруге қатысты нақты ғылыми және тәжірибелік шараларды қолға алып, үлкен жетістіктерге жеткені үлгі болуға тиіс.

 

436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы