• Өндіріс өрісі
  • 02 Маусым, 2022

АЛЫПТАР АЙНАЛАСЫН ДАМЫТАДЫ

Әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық жағдайында ірі компаниялардың төңірегінде шағын және орта бизнес белдеуін құру, сондай-ақ елішілік құндылықтарды дамытып, өзіміздің өнімді көбейту мемлекетіміздің өндіріс қарқынын жоғалтпай, орнықты өсуіне көмектеседі. 

Қазір геосаяси ахуал шиеленіскен тұста қандай да бір тауарға қол жеткізе алмау қаупі туып, өндірісті тұралатпау тәсілдері өзекті бола түсуде. Осы тұрғыда отандық компаниялардың айтарлықтай әлеуетін, тіпті бәсекелестік артықшылықтарын ескерген жөн. Индустрия көш­басшылары арасында президенттің импортты алмастыруды дамыту жөніндегі тапсырмасы белсенді қолдау табуда.

Бұл ірі бизнес ауқымды жобаларын жүзеге асырып қана қоймай, серіктестерінің өркендеп-дамуына да елеулі әсерін тигізеді деген сөз. Қарағанды құю-машина жасау – қазіргі Мэйкер зауыты аумағында өткен тау-кен металлургия кеше­ніндегі елішілік құндылықты дамыту кеңесінде саланың негізгі компания­лары тыныс-тіршілігімен таныстырып, өз жоспарларын жеткізді. Машина жасау зауыты алаңында елдің ірі компаниялары шетелдік баламалардан еш кем түспейтін «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауарларды көрсетті.

Қазмырыш өзінің Риддер қала­сындағы Қазмырышмаш  бөлімшесі­нің жетістіктерін ұсынды. 20 жыл ішінде жөндеу кәсіпорнынан Қазақстан­ның машина жасау саласындағы көшбасшылардың біріне айналған кешен бұрын шетелден жеткізілетін, салмағы екі грамнан екі тоннаға дейінгі 750-ден астам бірегей бұйым түрлерін шығарады. Қазмырышмаштың әлем бойынша 30-дан астам серіктес кәсіпорны бар. «Мемлекет басшысының бастамасы импортты алмастыруға жаңа серпін береді. Бүгінгі мысалда біз өз компанияларымыздың шеңберінде ғана емес, басқа да кәсіпорындармен ынтымақтаса отырып, бір-бірімізді белсенді қолдайтынымызды, елішілік құндылықты дамытатынымызды паш еттік. Мысалы, Қазмырышмаш Қазақмыстың құрамына кіретін Орлов байыту фабрикасы үшін көлемі, салмағы және күрделілігі бойынша бірегей бөлшек – бүйір диірменнің 25 тонналық қабырғасын дайындады. Ол үшін құю өндірісіне елеулі өзгерістер енгізуге тура келді. Нәтижесінде бізде бұрын елде өндірілмеген өнім пайда болды», – дейді Қазмы­рыш компаниясының бас директоры Александр Хмелев.

Өнеркәсіптің алдыңғы қатар­лы буыны ел ішіндегі құнды­лық­ты дамыту бойынша өз танымын, шағын және орта бизнес­пен ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа жеткізушілерді табуға болатын кешенді бағдарламасын ұсынып отыр. Атамекен палатасымен бірлесіп, кәсіпкерлер арасында ауқымды конкурс өткізу жоспарда бар. Осындай іс-шараның көмегімен ынтымақтастықтың жаңа нұсқаларын табу, шағын және орта компаниялардың дамуына септесу, пандемия кезінде қатты зардап шеккен әлеуметтік маңызды жобаларға назар аудару көзделген.

Сол секілді еліміздің ірі мыс өндірушісі, табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу жөнінен жетекші халықаралық компания – Қазақмыс импортты алмастыру бағдарламасы аясында белсенді жұмыс жүргізуде. Жергілікті тауар өндірушілер кластерін құру үшін Қазақмыс бағдарламасы бойынша 17 млрд теңге тауар айналымымен 65 қатысушыдан тұратын Жезқазған және Балқаш қалаларының кәсіпкерлер қауым­дастығы одағы құрылған. Аталған іс-шаралар шеңберінде өңірде 2 782 жұмыс орны пайда болды.  Бүгінде Қазақмыс компаниялар тобының сатып алуларындағы жергілікті қамту деңгейі тұрақты түрде жоғарылап келеді. Компанияда жергілікті кәсіпорындармен ұзақмерзімді әріптестік қатынастар орнатылып, моноқалаларда өңір өндірушілерінен сатып алуға басымдық берілген. Қазақмыс жергілікті кәсіпкерлерді қолдаумен бірге өз кәсіпорындарын да алға ілгерілетуде. Kazakhmys Smelting бас директоры Нұрахмет Нұриев атап өткендей, Қарағанды құю-машина жасау зауыты Қазақмыс тау-кен металлургия кешені үшін машина жасау өнімінің негізгі жеткізушісі болып табылады. Айтарлықтай импортты алмастырудың табысты мысалдарының бірі ретінде білдек паркін жаңғыртудан кейін ҚҚМЗ өнімдерінің 12 мың жаңа түрінің игерілуін атауға болады.

Өнеркәсіпшілердің айтуынша, ішкі құнды құру үшін барлық ірі жер қойнауын пайдаланушылардың ТМК сатып алуын шоғырландыру, ШОБ-пен байланыс үшін бірыңғай алаң құру, «қазақстандық өнім жасаймыз» форумдарын барынша тиімді және сапалы өткізу қажет. Президенттің бастамасы өнеркәсіп саласында кеңінен қолдау тапқанын тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының рес­пуб­ликалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец те атап өтті. «Біздің ірі кәсіпорындарымыз өз құрылымдары айналасында шағын және орта бизнес белдеулерін құрып қана қоймай, өндірісі неғұрлым сұранысқа ие нақты тауар топтарын анықтауға дайын екендіктерін білдірді. Біз сондай-ақ осы кәсіпорындардың техникалық жабдықталуына, кадрлар даярлауға, компаниялар сатып алуға кепілдік беретін өнім өндірісін жолға қою үшін олардың қызметкерлерін оқытуға көмек көрсетуге дайынбыз», – деді ол.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев тоқталып өткендей, қазіргі уақытта ел ішіндегі құнды­лықты дамыту және импортты алмастыру үшін заңнамалық база жетілдірі­луде, ұзақмерзімді шарттар мен келісім­дер жасалуда, соның арқасында бизнес алға қарай қадам баса алады. Жергілікті қамтуды арттыру қазақстандық компаниялардың одан да бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді. Әзірге бұл бағыттағы алғашқы ізашарлар – Қазақмыс кәсіпорындары. «Биыл өнеркәсіпті дамытуға 285 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатты кәсіпорындар жеңілдікті шарттармен алады. Сонымен қатар 10 жылға дейінгі мерзімге несиелер қарастырылуда, олар жобаның рентабельділігіне байланысты берілетін болады», – деді министрдің орынбасары.

ИИДМ қазір отандық экс­порттық өндірістерді дамыту бағдарламасын әзірлеуде. Құжат импортты алмастыру, нарықты отандық дайын өнімдермен қам­тамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында даяр­ланған. «Бағ­дарламада көптеген жаңа­шыл­дықтар қамтылған. Олардың қата­рында шағын және орта бизнесті дамыту, екінші деңгейлі банктерден қосымша қаржыландыруды тарту, қазақстандық кәсіпорындармен ұзақ мерзімді және оффтейк келісім­шарттар жасау және шикізатпен қамтамасыз ету сынды бағыттар бар. Бұл жаңалықтар отандық нарық­тағы өнім өндіру үлесін және еліміз­дегі компаниялардың бәсекеге қабі­леттілігін айтарлықтай арттыруға септігін тигізеді», – деді ИИДМ өкілі.

Осылайша, Қарағандыда өткен форум барысында тау-кен металлургия кешеніндегі елішілік құндылықты дамытудың тәжірибелік тетіктері таразыланып, жан-жақты талқылан­ды. Еліміздегі ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарының өкілдері өз өндірістерінің айналасында шағын және орта бизнес белдеулерін құрып, олардың осы бағытта сұранысқа ие нақты тауар түрлерін анықтауға дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ шара шеңберінде басқосуға қатысушылар Қарағанды құю-машина жасау зауытында ұйымдастырылған отандық кәсіпорындар шығарған өнімдер көрмесін тамашалады. Іргелі өндіріс орындарының басшылары зауыт аймағында сібір шыршасының көшеттерін екті.

Ел экономикасындағы ма­ңыз­ды салалардың бірі – тау-кен метал­­лур­гиясының үлесіне ЖІӨ-нің 15%-ы тиесілі. Ендеше тау-кен кәсіпорындары қабылдап отырған шаралар жергілікті тауар өндіруші­лерге тұрақты дамуға және тендерлер нәти­желеріне тәуелді болмауға көмектеседі. Ал ТМК ірі бизне­сінің өңдеу өнеркәсібін дамыту­ға қосқан үлесі экономиканың бірқатар сабақтас салаларының өсуіне, жеткізушілердің экожүйесін дамытуға, өңірлерде жаңа жұмыс орындарын құруға және экс­портқа бағдарланған өнімді шығаруға ықпал етері хақ.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

956 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы