• Бизнес & Қоғам
  • 02 Маусым, 2022

Қоғаммен байланыс нарығы даму үстінде

Таяуда Алматыдағы «Интерконтиненталь» қонақүйінде «Қара аққулар» дәуіріндегі коммуникациялар» атты XVIII халықаралық PR-форум өтті.  Қазақстанның, өңір елдерінің, сондай-ақ жақын және алыс шетелдердің коммуникация саласының кәсіпқойлары үшін басты оқиға болып табылатын шараны «PR-шы» клубы мен PG Communications агенттігі ұйымдастырды. Аталмыш форумның ресми серіктесі «Шеврон Мұнайгаз Инк.», «Эйр Астана», «Альпина PRO»  компаниялары мен «Ренессанс» агенттігі болды. Ақпараттық тұрғыдан Қазақстан Баспасөз клубы, «PR drive» желілілік басылымы және Zakon.kz порталы серіктестік танытты.

Халықаралық форум биыл «Қара аққулар» деген тақырыпты алып отырғаны да бекер емес. Екі жылға созылған пандемия, жылдың басында елімізде болған қаңтар оқиғасы, Ресей мен Украина арасындағы жанжал, көрші елге қарсы санкцияларды қатайту және экономикаға соққылардың өзі PR cаласына айтарлықтай әсер етіп жатыр. Алқалы жиынның мақсаты да сол – кәсіпқойларды бір алаң­ға жинап, бүгінгі ерекшеліктер­ді талқыға салу және шешімін табуға көмектесу. Тұрақсыздық, болжамсыздық, алдын ала жоспарлай алмау. Форумда тілге тиек етілген алғашқы тақырыптың бірі де осы болды. Шара спикерлері бүгінгі аумалы-төкпелі замандағы коммуникация жайын талқылап, өз тәжірибелерінен ой бөлісті.

«Қара аққу» кезеңі алдын ала болжауға болмайтын, тіпті қазіргі сәтте не болатынын білмейтін уақыт. Бүгінде маймыл шешегі туралы жаңалықтарды естіп жатырмыз. Бұның салдары қандай болатыны беймәлім. «Неге дайын болу керек?» деген сұрақ туады. Тіпті дайын болу мүмкін емес. Ең болмағанда әр маман, әр адам нендей оқиға болса да, қабылдауға іштей дайын жүргені жөн шығар. Жағдайға тез бейімделуді үйреніп, сосын жеке дамуға көңіл бөлген дұрыс деп ойлаймын. Бір автордың «Молшылық бай мен кедей арасын теңестірмейді» деген ойы есіме түсіп отыр. Расымен көл-көсірлік, молшылық бізді дағдарыстан шығармайды, – деді тәуелсіз сарапшы Расул Рысмамбетов.

Пленарлық отырыс барысында қатысушылар саланың жаңа трендтерін, қоғам мен билік арасындағы комму­никациялардағы үзілістерді, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын және биылғы жылдың басында орын алған қаңтар оқиғасы сабақтарын талқылады. PR нары­ғының мамандары ішкі ком­муникацияларға ерекше назар аударып, идеологиялық негіздегі қақтығыстармен қалай жұмыс істеу керек, қызметкерлермен осы тақырыптар бойынша сөйлесу керек пе және осы процестегі коммуникаторлардың рөлі қандай деген сұрақтарға жауап табуға тырысты. «Бүгінгі таңда көп­теген компаниялар үшін бедел­дің, моральдық және этикалық стандарттардың құндылығы пайдадан гөрі маңызды екендігі анық және біз бұл тенденцияны анық көреміз.

Қазақстандық PR-нарық қатаң ковидтік шектеулерден кейін, сондай-ақ елдегі саяси белсенділік аясында айтарлықтай жанданды. Бірақ қазіргі уақытта ұзақ мерзімді және орта мерзімді жоспарлау мүмкін емес, бәрі тез өзгереді», – деп атап өтті  PG Communications бас директоры, PR-шы клубының негізін қалаушы және  ҚБҰҚ кеңесінің төрайымы Әсел Қарауылова.

Бірнеше жыл бойы қазақ тіліндегі секциялар PR-форумның ажырамас бөлігі болып табылады. «PR-шы» клубының вице-президенті, «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ PR менеджері Айбар Олжаев жүргізген форумның екінші кезеңінде қаржы саласында қазақтілді ақпаратты тарату құралдары, мемлекеттік тілдегі ішкі коммуникация, ішкі аудиториямен жұмыс істеудің айырмашылығы, отандық PR-мамандары және бәсекеге қабілетті тұстары жайлы мәселелер қаралды. «Halyk Life» АҚ PR менеджері Меруерт Бердібаева, PR-кеңесші Ақсұлу Санғали, Каспий құбыр консорциумының PR-менеджері Айна Задабек  және тағы да басқа тұлғалар бұл мәселені кеңінен талқылап, журналистер қауымының сұрақтарына жауап берді.

Ұйымдастырушылар жеке секцияны қарқын алып келе жатқан ESG-күн тәртібіне және ірі өндіруші компаниялардың тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі тәжірибесіне арнады. Табысты бизнес-жобаны құруда жеке кадрларды дамыту институттарының болуы маңызды рөл атқарады. Адамның мүмкіндігін ашу, қызметкерлердің өсу мүмкіндігі, демек, қызметкерлердің амбицияларын қанағаттандыру – бұл қызметкерлердің кәсіби білімін жетілдіруге ұмтылыстың маңызды катализаторы. Бұл жөнінде Eicon компаниясының SDGs/ESG саласының кеңесшісі Сергей Цой кеңінен тілге тиек етті.

ТШО компаниясының үкімет және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев, Eco Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов, ERG компаниясының корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Фатима Қосаева, JUSAN маркетинг және PR жөніндегі басқарушы директоры Олегжан Бекетаев компанияның атқарып жатқан қызметімен қатар, заманауи серпінді даму жоғары технологиялық бизнеске жаңа талаптар мен міндеттер тудыратынын, цифрлық қайта құру, тиімдірек бизнес модельдеріне көшу, еңбек қаты­настарының сипаты персоналды басқару жүйесіндегі көзқарастарды қайта қарауды және өзгертуді талап ететіндігін атап өтті.

Спикерлер экономистер мен журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді, ортаға түскен пікірлерді талқылай отырып,  PR индустриясының ерекше тұстарына да тоқталды. PR индустриясына IT-шешімдер мен осы саланың мамандары көбірек тартылуда.  Саладағы әзірге қол жетпейтіндей болып көрінген түйінді  шешімдерді тарқатуға деген қызығушылық барлық бағытта байқалып келеді. Мәселен, оқытуға арналған машиналар, қызмет­керлерді жалдау немесе бағалау бағдар­ламаларын айтуға болады. Жаңа технологияларды енгізудің бірнеше негіздері бар. Көптеген компаниялар қазірдің өзінде белгілі бір дәрежеде немесе басқа деңгейде автоматтандыру үдерісін қолданады. Қызметкерлердің дамуына жауап беретін жаңа технологиялар үлкен қызығушылық тудырады. Чат боттары, жасанды интеллект, болжалды талдау – бұл қазір бизнес жүргізетін үлкен үрдіс. Осы технология­­лар­ды тарту нәтиженің бірден пайда болатынына үлкен мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда жоғары технология­ның мүмкіндіктері нарықтың барлық сегментінде әртараптандырылған. Себебі көптеген өнім өндіруші компаниялар тиімділікті арттыру стратегиясын, заттарды интернетті, жасанды интеллект пен ақылды зауыттарды қолдануды қамтитын 4.0 индустриясы тұжырымдамасын жасап, бағыт-бағдарын соған үйлестіре бастады. Олар жаңа технологияларды қолдана бастады және мұның бәрі нақты пайда әкелетінін өз тәжірибелерінен көрді. Бұл тек шетелде ғана емес, Қазақстанда да іске асырылып жатыр. Біз қазіргі уақыт тынысының қандай бағытта өзгере бастағанын айналамыздан көріп жүрміз. Әртүрлі гаджеттер мен технологиялар компьютерлерді ығыстыра бастады

Бұрын сарапшылар PR индустриясы туралы айтқанда олардың іс-әрекеттері  нақтылықтылықтың ауылынан алыс қалған деген пікірді жиі айтатын. Бүгінде бұл көзқарас трендттен түсіп қалыпты. Қазір PR менеджерлердің саны да, осы маман­дықты игерсем деген жастардың да қатары көбейіп келеді.

PR-форумды ұйымдастырушылар жекелеген маңызды мәселелерге назар аударды – кеңейтілген кездесу форматында қуаныш, психологиялық тұрақтылық және ресурс жағдайында болу туралы пікірталас өткізді.

Нарықтық экономикаға көшу – Қазақстан экономикасындағы бәсекелестігі жоғары салалардың және әр түрлі қызмет көрсететін кәсіп­орындардың өсуіне алып келді. Кәсіп­орын басшылары тұтынушы­лардың назарын аудартудағы түрлі әдістердің, қоғам мен ұйым арасында сенімді қарым-қатынас орнатудың, сонымен бірге абырой-беделді қалыптастырудың қажеттілігін түсінді. Бұл орайда PR сөзі ағылшынның «public relation» сөзінен қысқартылып алынған. Қоғаммен байланыс деген ұғымды білдіретін бұл терминді бүгінде бүкіл әлем халқы қолданып жүр. Отандық PR-нарығы елімізде өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта тұсында пайда болды. Мемлекеттік құрылымдарда баспасөз орталықтарының ашылуы, кәсіпкерлік іс-әрекеттің дамуы бірінші отандық PR-фирмалардың ашылуына әкелді. Бұл ұйымдар қарапайым PR-қызметтерді ұсынып, қоғаммен байланыс әрекетін жарнамалық қызметпен бірге дамытты. Аталмыш кезеңді институционалдық кезең деп айтуға болады. Бір сөзбен айтқанда, PR институтының алғашқы белгілерінің көріне бастауы, қоғам мен бұл институт арасындағы кәсіби орта және қарым-қатынас бірте-бірте туындады. Бұған дәлел ретінде, 1994 жылы Қазақстан баспасөз клубының, ал 1995 жылы «PR&Promotion Central Asia» агенттігінің құрылғанын атап өткен жөн. Экономикалық реформалар тоғысында көптеген ұйымдар қоғаммен байланыс қызметтерін қажетсінетіні белгілі. Жас қазақстандық ақпарат саласы саяси-ақпараттық технологияларды өз қызметіне енгізе бастады, сондықтан белсенді түрде жарнама құралдары қолданылды. Қоғаммен байланыс қызметтерін ұсынған ұйымдар тұсаукесер рәсімдерін өткізіп, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынас орнатып, PR-технологиялардың әдіс-тәсілдерін қолданды. Осылайша ұйым­дар мен мекемелерде жарна­малық жә­не PR-қызметтерін үйлестіру арқы­­лы танымалдықтарын арттыра бастады.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

2561 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы