• Білім & Ғылым
  • 09 Маусым, 2022

ІТ бағытындағы бірегей жоба

Алматыда nFactorial School мектебінің, «Шеврон» компаниясының және ITeachMe қоғамдық қорының арқасында Satbayev University қолдауымен Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген 200 қатысушыға арналған бағдарламалау бойынша тегін жазғы мектеп ашылды.

Жазғы мектепті nFactorial School құрылтайшысы, pinemelon.com америкалық старт­апының басқарушы директоры, IT кәсіпкері және Пристон университеті­нің түлегі Арман Сүлейменов ұйымдастырып, ашты. «Мен «Шеврон» компаниясы мен Satbayev University-ге біздің бас­тамамызға қолдау көрсеткені үшін және еліміз үшін осындай ауқымды білім беру жобасын ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын. nFactorial School миссиясы – 10 000 жо­ғары білікті әзірлеушіні дайындау және бүкіл әлемде жүз миллиондаған адамға «Made in Kazakhstan» таңбасы бар бағдарламалық жасақта­ма өнімдерін ұсына отырып Қазақстанды әлемнің «технологиялық» картасында таныстыру», – деді Арман Сүлейменов. Оның білім беру жобалары 2015 жылдан бері 650-ден астам қазақстан­дық ІТ маманын дайындап шығарды. nFactorial School түлектері Meta, Google, Apple, Amazon, Reddit, Deepmind, Stripe сияқты технологиялық алып ком­панияларда, сонымен қатар ТМД елдеріндегі ірі IT компанияларында жұмыс істейді.

Жазғы nFactorial мектебіне қатысушылар веб-бағдарлама­лау және дизайн негіздерін үйрене алады, ал оқу аяқталған кезде бірегей веб-қолданбалар шығарады. Оларға үздік қазақ­стандық және халықаралық IT компа­­нияларындағы кәсіби бағ­дар­ламашылар тәлім беріп, IT өнімдерін халықаралық нарыққа шығару және ақшалай пайда әкелу жолдарын таныстырады.

Білім және ғылым вице-ми­нистрі Айбат Ілиясовтың айтуынша, IT білім беру жобалары мемлекеттің дамуында маңызды стратегиялық және әлеуметтік рөл атқарады. «Президент Қ.Тоқаев бірнеше рет айтып кеткенін­дей, біздің елімізге жас, білімді және ынталы кадрлар қажет және ел­дің барлық аймағынан келген 200 дарынды жасқа арналған жазғы бағдарламалау мектебі 100 000 жоғары білікті IT маманды әзірлеу жолындағы тағы бір қадам. Сіздерге жаз­ғы мезгілді пайдалы өткі­зулеріңізді тілей­мін және Қа­зақстанымыздың дамуы мен гүлденуіне үлкен үлес қоса­тын болашақ көшбасшы­лар, бағдарламашылар, оқытушы­лар және шығармашыл адамдар ара­сында сіздерді көремін деп сенемін», – деді мектептің ашылу салтанатында вице-министр.

Мектеп қатысушылары­мен Google компаниясында бұрын әзірлеуші болған, nFactorial мектебінің 2016 жылғы түлегі және қыздарға арналған Exponential білім беру стартапының негізін қалаушы Назерке Қалидолда да кеңестерімен бөлісті.

Апта сайын қатысушыларға «алып» бағдарламашылар – Me­ta, Google, Apple, Reddit компа­­ния­ларының және Кремний алқа­бы мен ТМД стартаптары­ның жетекші бағдар­лама­шылары мен дизай­нерлері қонақ болып дәріс оқитын болады.

Жоба нәтижесінде қатысу­­шылар 150-ден астам қазақ­стандық өнім әзірлейді, олар­дың ең үздік­тері инвесторлар мен кәсіп­керлерге стартап презентациясында ұсынылады.

nFactorial School – кәсіби әзір­леушілерді дайындайтын мектеп, оның түлектері Facebook, Amazon, Google, Apple, Reddit, Stripe&Yandex компанияларында жұмыс іс­тейді. Мектептің миссиясы – әлем деңгейіндегі 10 000 ІТ маманын оқытып шығару.

«Шеврон» – дүниежүзіндегі ірі интеграцияланған энергети­ка­лық компаниялардың бірі. Ком­пания қолжетімді, сенімді және таза энергияның гүлден­ген және тұрақты әлемді құруда маңызы зор деп сенеді. «Шеврон» мұнай мен табиғи газ шы­ға­рады, көлік жағармайын, жанар-жағар май, мұнай-хи­миялық өнімдерді өндіреді, сонымен қатар бизнес пен сала­мызды жақсартатын техно­логия­ларды дамытады. Компания қызметіндегі көміртекті азай­туға ерекше назар аударады және бизнесін қалыпты бағытта дамытумен қатар көміртек шығарын­ды­ла­ры төмен биз­несті дамытуға тырысады.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

3830 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы