• Өндіріс өрісі
  • 09 Маусым, 2022

Төмен көміртекті базалық электр энергиясы үшін сенімді қуат көзі

Осыдан 50 жыл бұрын Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының шешімімен 5 маусым «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау» күні болып бекітілген еді. Ондағы мақсат – әлемдік қауымдастық пен адамзаттың назарын айналадағы экологиялық мәселеге бей-жай қарамай, қоршаған ортаны барынша қорғауға аудару.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған Жолдауында қоғамдағы экологиялық құндылықтарды нығайтып, қоршаған ортаны қорғауда «Birge: Taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізуді тапсырып, артынша «Таза табиғат» ұлттық жоспары бекітілді. Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтары айтулы күнде сенбілік ұйымдастырып, аумақты қоқыстан тазарту жұмыстары мен қоғамдық орындарды көгалдандыруды дәстүрге айналдырып отыр.

Біздің елімізде қоршаған ортаны зиянды заттармен және тех­ногенді қалдықтармен ластайтын кәсіпорындар жетіп артылады. Соңғы мәліметке сәйкес, көш басында Алматы мен Өскемен қалалары тұр екен.

Осы орайдан келгенде, Халық­аралық энергетика­лық агенттік 2040 жылға қарай электр энергия­сына жаһандық сұраныс 50%-ға өсуі мүмкін деп болжайды, ал бұл сұраныстың орындалуы мен көміртегі шығарындыларының қоршаған ортаға әсерінің төмендеуі әрине аса маңызды.

Бұл ретте «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорыны өндіретін уран төмен көміртекті базалық электр энергиясы үшін сенімді қуат көзі болып, жаһандық энерге­тикалық инфрақұрылымды көмір­тексіздендіруде шешуші рөл атқарып отыр. Алдағы онжылдықта атом энергиясын өндіру үшін уранға деген қажеттілік артады деп күтілуде. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың 2021 жылғы ядролық отын туралы есебінде уранға сұраныс 2030 жылға қарай 27%-ға және 2040 жылға қарай тағы 38%-ға өседі деп болжануда.

Уран жеткізудің жаһандық тізбегінің бел ортасында тұрған өзіміздің Қазатомөнеркәсіп елдерді атом энергиясын өндіретін төмен көміртекті отынмен қамтамасыз ету үшін оңтайлы мүмкіндікке ие. Қазіргі күні әлемдік уранның төрттен бір бөлігі аталған компанияның 14 кәсіпорнында өндіреді.

Кәсіпорын қызметтері қор­шаған ортаға әсерін барынша азайтып, жаһандық энергия өндірісінің нәтижесінде көміртегі шығарындыларын төмендетуге қосқан үлес сияқты маңызды. Өткен жылдың өзінде компания ел өңірлеріндегі қоршаған ортаны жақсартудағы табиғатты қорғау шараларына 964,6 млн теңге бөлген.

Кәсіпорындағы уран өндіру жұмыстары жерасты ұңғымалық шаймалау әдісімен жүзеге асырылады. Шахталық және карьерлік әдістерге қарағанда, жерасты ұңғымалық шаймалау тәсілімен уран кен орындарын игеру жер бетіне мейлінше аз әсер етіп, жердің шөгуі мен топырақтың бұзылуы, баланстан тыс кендер мен бос жыныстардың үйінділері болмайды. Бұдан басқа, жерасты ұңғымалық шаймалау қоршаған ортаны ластамайды, қалдықтар мен қалдық қоймаларын қалдырмайды, өндірудің неғұрлым төмен құнын және өндіріс қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында неғұрлым жоғары көрсеткіштерді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар компания қоршаған ортаға әсерін одан әрі төмендету мақсатында баламалы энергетика бойынша шешімдер қабыл­дап, көптеген кәсіпорындарында жаңартылатын энергия көздерін енгізген. Бұған бірқатар нысандар­дың күн энергиясымен қамтамасыз етуде фотоэлектрлік элементтерді қолданып,барлау мен кенді игеру үшін электр қондырғыларын ерек­ше пайдалану да кіріп отыр.

Мамандар пікірінше, 2021 жылы атом холдингінің кәсіпорын­дарындағы фотоэлектр станция­лары 3,34 МВт*сағ энергия өндірген. Компания БҰҰ-ның тұрақты даму саласындағы №13 мақсатын қолдап, климаттың өзгеруі, оның салдарымен күресу жөнінде шұғыл шаралар қабылдауға шақыратын Париж келісімінің мақсатына қол жеткізуге ықпал еткен. Сондай-ақ өз нысандарындағы парниктік газ шығарындылары (Scope 1) және 2021 жылдан бас­тап парниктік газдардың жанама шығарындылары (Scope 2) үнемі қадағаланып, парниктік газ шығарындылары көлемін азайту және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін Қазатомөнеркәсіп көміртексіздендіру және төмен көміртекті жетілдіру бойынша корпоративтік стратегияны әзірлейді.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

665 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы