• Агроинновация
  • 09 Маусым, 2022

Мал өрісі тарылмасын

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби 
атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Жер мәселесі – ұлттық экономиканың көптен тарқамай келе жатқан түйіндерінің бірі. Аса маңызды өндіріс тетігі саналатын, алтынмен парапар осынау ресурсқа жеке меншік жарияланған жылдары бармақ басты, көз қыстымен тістегеннің аузына, ұстағанның қолына өтіп кеткен ауыл шаруашылығына жарамды аса ауқымды аумақ құзырлы мекемелердің дерегінше шаруашылық айналымға қосылмай, кәдеге асырылмай жатыр. Бұл ретте статистика мамандары көптен адам аяғы баспаған өңірлерде бағылуға тиісті мал мен себілуге тиісті егінді, олардан алынуға тиісті өнімді есептеп шығаруды «ұмыт» қалдырып жатады. Бүгінде дастарханымызға қойылып әрі  шетелге экспортқа шығарылып жатқан азық-түлік шаруақор жұрттың иелігіндегі ұлтарақтай жерде өндіріледі десек, әсірелеп айтқан болмаспыз. 
Әлемдік нарықтағы қазіргі қалыптасып отырған ахуал Қазақстанның аграрлық мақсаттағы жер ресурстарын ұтымды пайдалануды, сөйтіп, тамақ өнімдерінің негізгі шығарушылары қатарынан орын тебуді талап етеді, деп жатамыз. Бірақ, жайылымдық және егіндік жерлердің көп бөлігі Терещенко және Кулагин сияқты алпауыттардың иелігінде болғандықтан, бұл міндеттің жуық арада орындала қоюы екіталай. Іnbusiness.kz ақпарат көзінің жазуына қарағанда, Қазақстан жылына 4 миллиард доллар қаржыға азық-түлік импорттайды екен. Шетелден сатып алынатын азық-түлік өнімдерінің көлемі 5 жыл бойы қатарынан өсіп келеді. Өнеркәсіп орындары қазіргіден көп болған Қазақ КСР-інде республиканың ішкі жалпы өнімінің құрылымында ауыл шаруашылығының үлесі 33-34 пайыз құраса, қазір ол 5 пайызға да жетпейді, деп тұжырымдайды басылым. Осы түйткілге назар аударған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. «Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе, Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде», деп атап өтті Президент. Араға екі айдан астам уақыт салып, 2021 жылғы 19 наурызда Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жер реформасы бойынша комиссия құрылып, іске кірісті. Бұл жағдаят көңілге үміт ұялатқан еді. Жағымды жаңалық жария етілгеннен кейін көп ұзамай, 27 сәуір күні «Айқын» газетінде журналист Дәулет Асауовтың жайылымның жетіспеуі тақырыбын терең талдаған «Жайылымдық жер тапшы» атты мақаласы жарық көрді. «Еліміздегі жайылымдық жерлердің 36 пайызы ғана мал шаруашылығы үшін пайдаланылады, қалған 64 пайызы бос жатыр. Бірақ, жайылым неге жетіспейді?» деп сауал тастаған әріптесіміз ауылдағы ағайын алдындағы азын-аулақ қара-құрасын бағатын жайылым таппай жүргенде, мұншама жердің қаңырап бос жатқаны ақылға сыймайды, деп қынжылады. Ресми дерекке сүйенсек, республика бойынша 94,3 млн гектар жайылым қолданысқа берілген. Оның 78 пайызы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің, 22 пайызы – елді мекендердің қарамағында. Елдің еншісіндегі жер қара тақыры шыққанша 100 пайыз пайдаланылады, өйткені оларда өлкенің оты түгесілсе де, мал бағымын ауыстыратындай басқа қоры жоқ. Кәдеге жаратылмай жатқан 78 пайызды иеленіп отырғандардың қаншасының нақты жермен жұмыс істейтіні белгісіз. Қазір ауылдық жерлерде 7 738,7 мың адам немесе ел тұрғындарының 41,5 пайызы өмір сүреді. Олардың қолында 9 млн 846 мың мал басы шоғырланған, яғни  жекеменшікте – 6,7 млн бас, кәсіпкерлік ұйымдарда – 3,146 млн бас. Осы деректен-ақ халықтың қолындағы мал қарасы ауыл шаруашылық ұйымдарындағылармен салыстырғанда 2 есе көп, сөйте тұра оларға бөлінген жайылым көлемі 3,5 есе аз екені көрінеді. Оның үстіне халықтың қолындағы төрт түліктің түгелі дерлік елді мекеннің маңайына жайылады. Сондықтан көпшілік қазақ ауылдарының айналасы 5-10 шақырымдық радиуста жаз шықпай жатып-ақ тақырланып қалады. «Мұндай жағдай жылдан-жылға қайталанатындықтан, жайылымдар құлдырауға ұшыраған», деп тұжырымдайды автор. 
Мемлекеттен жайылым ретінде берілген жерлердің 73,4 млн гектары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтарына тиесілі. Алайда қолданыстағы нормативтердің есебіне сүйенсек, олардың қолындағы 3,146 млн бас мал үшін тек 26,3 млн гектар жайылым жетеді. Қалған артық берілген 47,1 млн гектар аумақ іске жаратылмай, бос жатыр. Керісінше, елді мекендердегі халықтың қолындағы 6,7 млн бас үшін 53,3 млн гектар жайылым тиесілі болғанымен, ауылдықтарға нақты 20,9 млн гектар телім тиген. Яғни мал бағымы үшін елге әлі 32,4 млн гектар жайылым жетіспейді. Жайылымдық жерді өзге мақсатқа пайдалану оқиғалары азаймай тұр. Мәселен, үстіміздегі жылғы 6 сәуірде informburo.kz ақпарат арнасы «Мал жаятын жер жоқ: Алматы облысының жайылым аумағында заңсыз құрылыс басталған» деген тақырыппен жариялаған мақаласында «Алматы облысындағы Жаңатұрмыс, Райымбек және Абай ауылдарының тұрғындары жайылымдық жер тарылып бара жатқандықтан мал басын азайтуға мәжбүр болып отыр» деп атап өтіп, «бұрын аталған үш ауылдың малы жайылатын аумағы 300 гектар болатын жайылымда қазір құрылыс жұмыстары басталғандықтан, тұрғындар мал санын өсіре алмай отыр, өйткені, жер тапшы», деп түйіндейді. 
Ауыл еңбеккерлерінің мұң-мұқтажына  көңіл бөлген Мемлекет басшысының тапсырмасымен үстіміздегі 28 сәуірде пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жұмыстарды жандандыру мақсатында кәдеге жаратылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді алып қою бойынша ұзақ мерзімді және тұрақты негізде әрекет ететін жұмыс комиссиясы құрылды. Жер пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау елдің саяси міндетіне жатады. Құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелер   қызметкерлерін тарта отырып жұмыс жүргізіп жатқан комиссия қыз­ме­тінің нәтижесі осы күзде-ақ мал шаруашылығы өнімдерінің артуынан көрініс табуы керек.

827 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы